Қоғам интеллектуалмен ілгерілейді

Еліміздің дамуы үшін мемлекетімізде жоғары интеллектуалды кәсіби қызмет­шілердің болуы маңызды. Өйткені, интеллектуалсыз және кәсіпсіз басқарумен мемлекетімізді құру мүмкін емес. Білікті, білімді маман болса, қазіргі жүргізіліп жатқан іргелі істердің оңға басқаны. Ал, білімсіз, біліксіз бишік ұстаса, берекенің қашқаны. Сондықтан да, қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де, білікті болуы мемлекеттік қызмет сапа­сының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз.

 Елбасы халыққа Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еліміздің мемлекеттік қызметкерлердің жаңа ұрпағын өсіру кезеңінде тұрғандығына, осыған орай мемлекеттік қызметтің беделін көтеру қажеттігіне тағы да тоқталды. Елімізде төменнен жоғарыға дейін басқару жүйесін жетілдіру, кадрлар біліктілігі мен жауапкершілігін арттыруға басым бағыт беріліп отырған қазіргі жағдайда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап тұрғысынан келгенде міндет аса күрделі екендігін Елбасымыз үнемі баса ескертуде. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру туралы» 2004 жылғы 11 қазандағы № 1457 Жарлығы маңызды құжат болды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерді оқытудың инфрақұрылымына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі, Өңірлік мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтары, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы және басқа білім беру ұйымдары кіреді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша оқытудың түрлері мен кезеңдері, оқытуға жіберудің жүйесі анықталып, Қазақстан Республикасындағы орталық және аймақтық деңгейдегі оқытудың біртұтас стандарты енгізілді. Мәселен, жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілерді оқытуды облыс әкімдіктерінің қаулысымен құрылған Мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңiрлiк орталықтары жүзеге асырады. Олар жергiлiктi мемлекеттік органдар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнің мемлекеттік қызметшiлерiне қосымша кәсіби білім берудің бағдарламаларын, яғни, қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды iске асырады. Жергiлiктi мемлекеттік басқарудың және жергiлiктi өзін-өзі басқарудың тиiмділігiн арттыруды қамтамасыз ететiн оқытудың қазiргi заманғы технологиялары мен әдiстемелерiн енгізіп, мемлекеттік қызметшiлердi қайта даярлаудың және олардың білiктiлiгiн арттырудың, сапасын арттыруға бағытталған оқу-әдiстемелiк материалдарын әзiрлейді.
Әрине, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызметшілерді даярлау, олардың біліктілігін арттыру, мемлекеттік қызмет бойынша деңгейін көтеру бүгінгі күні өте маңызды. Дегенмен, оқуға бөлінген қаржы текке кетпеуі тиіс. Өйткені, алған білім өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық үдерістерді дамытуға, мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға игі ықпал етуімен қатар, халыққа қызмет көрсету сапасының жақсаруына да септігін тигізуі керек.
Баршамызға белгілі, көрсетілген қызметтің сапа көрсеткіші – тұтынушының өзіне көрсетілген қызметпен қанағаттану дәрежесі. Және де бұл нақты қызмет түрін көрсету кезінде ғана емес, жай ғана халықтың мемлекеттік органға қайырылу кезінде, олармен жүргізілетін қарапайым түсіндіру, түсінісу шаралары да жататынын ұмытпауымыз керек. Жалпы адамның қоғамдағы өмірі бірі-бірімен ұдайы қатынастан тұратын болғандықтан, адамдардың қарым-қатынас мәдениеттілігінің жоғары болуының маңызы зор. Ал, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың бойында осы қасиеттің болуы, бұл аса маңызды шарт.
Ұлы Абай атамыз айтқандай, «әуелі пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды»… Пендешілігі оны жақсылыққа да, жамандыққа да алып барады», яғни, бұл дегеніміз барлығы да осы қызығушылықтан шығады. Ал, мәдениетті адам дегеніміз – пендешілігін жасыра алатын адам.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің қатарында жүрген кейбір азаматтардың мәдениеттілігіне, олардың мінез-құлқына қатысты сыни пікірлер айтылып та, жазылып та жатады. Бұл өз кезегінде тұтастай мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан тигізетіні сөзсіз. Оқыту бағдарламасының ішінде мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің талаптары бойынша дәрістер беріліп отыратындығына қарамастан, жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Себебі, мемлекеттік қызметші қанша жерден кәсіби машықтанған маман болғанымен, бойында этикалық-эстетикалық ұстанымдарын қамтитын қарапайым мәдениеттіліктің болмауы, оның бар жақсы жақтарын жоққа шығарады.
Сондықтан, біздің ойымызша, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру курстарында міндетті түрде қызметшінің бойында мәдениеттілікті анықтауға және оны қалыптастыруға бағытталған шараларды қамту қажет деп ойлаймыз, яғни, оларды тәрбиелеуден бастауымыз қажет. Мәдениеттілік – әрбір мемлекеттік қызметші өмірінің нормасына айналуы тиіс.

Нұрлан Еркебаев,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
облыс бойынша басқармасының мемлекеттік қызметті өткеру және персоналды басқаруды бағалау бөлімінің консультанты.

Digg This
Reddit This
Stumble Now!
Buzz This
Vote on DZone
Share on Facebook
Bookmark this on Delicious
Kick It on DotNetKicks.com
Shout it
Bookmark this on Technorati
Post on Twitter
Google Buzz (aka. Google Reader)
No tags for this post.

Добавить комментарий

empire games
темы wordpress