Волейболшыларымыз «Б» тобының чемпионы!

Волейболдан ел чемпионаты аяқталды. Біріншіліктің ережесіне сәйкес әр аймақтың құрама командалары жоғары лиганың «А» және «Б» топтарында өнер көрсеткен болатын. Биыл тараздықтар сенсация жасап, «Б» тобының чемпионы атанды.
Таразға үлкен табыспен оралған жеңімпаздарды «Тараз» волейбол клубының басшылары және спорт жанкүйерлері теміржол бекетінен күтіп алды. Өйтетін де жөні бар. «Кеңестік кезеңде Жамбыл жерінде «Жалын» деген атпен танылған волейбол командасынан кейін мұндай ірі жетістікке қол жеткізіп отырған – «Тараз ТарМУ», дейді мамандар.
Өңірімізде арнайы спорт клубы құрылған 2008 жылдан бері жамбылдық волейболшылар «Б» тобында бақ сынап келгені мәлім. Алғашқы жылы турнир кестесінде алтыншы орынға табан тіреген «Тараз» волейболшылары үш жыл қатарынан үшінші сатыдан жоғарылай алмай келген-ді. Өз тобында үздік атанбаған ойыншыларға ең жоғары топта өнер көрсету мүмкіндігі берілмейтіні белгілі. Сондықтан, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы клуб басшылығының алдына «А» тобына өту міндетін қойып, бұл бағытта жұмыстарды жандандыру үшін халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бақытжан Байтөреевті шақыртып, оны бас жаттықтырушы етіп тағайындаған еді. Жамбыл жерінде аталмыш спорт түрін дамыту мақсатында команда сапына үш тәжірибелі легионер шақырылды. Жергілікті ойыншылар арасындағы дарынды жастарға қолдау көрсету мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Нәтижесінде «Тараз ТарМУ» көздеген межеге жетіп отыр.
Жалпы, «Тараз» волейбол клубының негізгі құрамасын «Тараз ТарМУ» командасының ойыншылары құрайды. Жоғары лигада өнер көрсетіп, шеберліктерін шыңдаған волейболшылар да бар. «Біз өз тобымыздағы фавориттерге қарсы ойындарда легионерлерді шығарып отырдық. Жастарға көбірек мүмкіндік бердік. Тараз қаласында өткен алғашқы турда «Атыраудан» 3:1 есебімен ұтылып қалдық. Бірақ, ойыншыларымыз келесі турларда жеңісті қолдан берген жоқ. Төртінші тур аяқталғанда-ақ, біз өзімізге қажетті ұпайды жинап үлгерген болатынбыз. Жүлделі орындарға таласы бар үш команданың ішінде «Тараз ТарМУ» он төрт ұпаймен алға шыққан. Соңғы кезеңде екі кездесуде жеңіске жетсек, кубок біздің қолда еді. Дегенмен, волейболшылар бұл жетістіктің кездейсоқ келмегенін дәлелдеп, барлық ойындарда қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді», — дейді клуб директоры А. Савченко.
Ел чемпионатының қалай өткендігі туралы «Тараз ТарМУ» командасының капитаны Марат Иманғалиев те ой бөлісті: «Біз алдымызға қойған міндеттерді толық орындадық. Соңғы турға дейін командамыз едәуір ұпай айырмашылығымен бірінші орында жүрді. «Б» тобында мықты төрт команда болды. Әр турда соларға қарсы тактикалық тұрғыда дайындық жасадық. Бірінші турдағы жеңілістен кейін қарсыластарға қарсы күш жинап, бір команда ретінде ойын көрсете білген волейболшыларға ризашылығымды білдіремін».
Бір қуантатыны, осы біріншілікте бірнеше жас ойыншының мамандар назарына іліккені. А. Савченконың айтуынша, Ғ. Үркімбаев, Б. Данияров, А. Нұрдәулетов ертеңінен үлкен үміт күттіретін спортшылар. «Әсіресе, Ғалым Үркімбаев жаттықтырушы тапсырмасын жақсы орындай алды», дейді ол. Жас спортшының бірі – бойы екі метрге жуық, волейболда «ыңғайсыз» қарсылас саналатын солақайлар қатарына жататын А. Нұрдәулетов биыл еліміздің жастар құрамасына шақырту алып отыр екен.
Жастар демекші, клубтың жастар құрамасы да біріншілікті табысты аяқтап отыр. Нұрбол Жексембиев жаттықтыратын команда чемпионатта үздіктер қатарына ілігіп, үшінші орынды олжалапты. «Нұрбол — волейболдан спорт шеберлігіне үміткер. Өзі шебер ойыншы, жаттықтырушы ретінде өз міндетін дұрыс атқарып жүр. Жастарымыздың Алматының ЦСК командасы және «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дейтін шымкенттіктерге ғана есе жіберіп, жүлдегер атануы – соның дәлелі», — дейді клуб директорының орынбасары Сұлтан Рыспанбетов.
Ардақ Үсейінова
[email protected]
Суретті түсірген Алмаз Орманов.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.