«Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» кітабы
«…Мен бұл естелік-толғаудан туған жерге деген өлшеусіз іңкәрлікті таныдым.
Мен бұл естеліктен Анаға деген шексіз құрмет пен ізетті көрдім.
Мен бұл естеліктен автордың исі қазақтың біртуар ұлдарына деген құрметті,
тағзымды аңғардым.
Мен бұл естеліктен даланың данагөйлік ғибраттарын оқыдым.
Мен бұл естеліктен автордың азаматтық позициясын, қоғамына жанашыр, қайраткер белсенді көзқарасын, Отаным деп соққан жүрегін көрдім».
Бұл — елге белгілі азамат Асаубай Майлыбаевтың «Ғұмырым,тұғырым,тұнығым» аталатын естелік-толғау кітабына алғысөз жазған қазақтың қабырғалы қаламгері Рахымжан Отарбаевтың сөзі. Жалпы Асакеңнің кітабы туралы облыстық басылым беттерінде әріптестер пікірін аз білдірген жоқ. Жарыққа шығысымен оқырмандарынан да жоғары бағасын алған дүниеге қайта талдау жасап, пікір білдірейін деп отырғанымыз жоқ. Автордың анаға деген шексіз махаббатын, ұлт арыстарына деген құрмет пен тағзымын, Отанға деген ерекше сүйіспеншілігін және отбасына деген жарасымды сыйластығын жастарымыздың да көре білуі, сезінуі жанымызды жадыратты.
Бұған дейін оған үлкен өмірге жолдама берген Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебінің оқушылары осы кітап бойынша арнайы қойылым сахналап, елді елең еткізіп еді. Бұл жолы Жамбыл медицина колледжінің білімгерлері кітаптағы ана бейнесін, ұлт арыстары, туған жер, Отан туралы ой-толғауларын сахнаға шығарып, көрерменді тәнті етті. Өздерінің конференциясының күн тәртібіне облыстың рухани өміріне серпіліс әкелген дүниені шығаруы болашақ медицина қызметкерлерінің әдебиетке, оның ішінде жаныңа рухани азық беретін кітапқа деген қызығушылығынан туса керек.
Одан әрі А. Майлыбаев естелік-толғауды жазуына не себеп болғанына қысқаша тоқтала келе, білімгерлер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап қайтарды. Жастарды анаға деген асқан құрмет, Отанға деген патриоттық сезім, бұрын-соңды өткен арыстар туралы жайттар қызықтырды. Отбасындағы ынтымақ, ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы, депутаттық өмір, бизнес әлемі туралы да сұрақтар аз болған жоқ.
Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастығы Үртай Сапақова кітап туралы пікірін былай өрбітті:
— Қазақта «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар. Аға- апаларымыздың өмір жолын баяндайтын естелік кітаптарын талай рет оқыдық. Олардың көбінің бағыт-бағдары бірдей, қай елдің тумасы, кіммен құда-жекжат, қызметтегі ірілі-ұсақты бастан кешкен оқиғаларын баяндау болып келеді. Ал, Асаубай ағаның мына естелік кітабын жеке өзіне арнаған деп айтуға болмайды. Бұл-көркем шығармаға бергісіз дүние. Қазақ ауыз әдебиетінің маржанын тере отырып, бүгінгі қоғаммен әдемі үндестіре білген. Өзінің де өмір жолы, отбасы туралы әсерлі жазады. Кітаптың тағы бір құндылығы-жастарды отансүйгіштікке, патриоттық рухқа баулитындығы. Шығарманы парақтаған сайын қазақтың бір туар ұлдарының ғұмыры мен тағдырын одан сайын тани түсесің. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылда жеткен толағай табысы Елбасы еңбегімен ұштастырыла отырып, көркем тілмен өрілген. Анаға, балаға, жарға деген махаббат қандай?!
Кітапты оқып бітірген соң барып, «ғұмырым», «тұғырым», «тұнығым» деген сөздердің мағанасын бірақ түсінгендеймін. Ғұмыры — «мың өліп, мың тірілген» туған елінің, өр қазағының жүріп өткен жолдарымен біте қайнасқан өмірі. Тұғыры — анасы, жан-жары, отбасы, нағашысы, бір сөзбен айтқанда қажет кезде арқа сүйер ағайын, жора-жолдас, қазақтың біртуар азаматтары, ұлт перзенттері. Тұнығы — қазақтың ғажайып тілі деп ойладым. Кітаптың тілі жатық, түсінуге оңай. Сана-сезіміңді баурап алатын әдемі сөз тіркестерімен сөйлем құрылымынан тұратын әдемі баяндауды оқып отырған сияқты емессің, тыңдап отырғандай әсерде боласың. Олай болса, бұл кітапты оқу керек: ғұмырым- мәнді, мағыналы, тұғырым — орнықты, нық, тұнығым — шайқалмасын, шаң түспесін деп.
Одан әрі еңбек ардагерлері, автордың замандас достары Бәтес Егембердиева, Күләш Әбдікешова және облыстық ана мен баланы аялау орталығының директоры Гүлнар Азимкулова сөйлеп, кітап туралы пікірлерін білдірді. Білімгерлер конференциясын колледж директоры Самиха Қоңырова қорытындылап, шәкірттерінің өтінішін қабыл алып, білім ошағына арнайы келген облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, кітап авторы Асаубай Майлыбаевқа алғыс айтты.
Амангелді ӘБІЛ
[email protected]
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.