Көңілің құлазымай қалай тұрар
Құрметті, редакция! Мен Мойынқұм ауданының шалғай ауылдары Бірлік пен Қарабөгет туралы өз ойымды, толғанысымды, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі жайлы жазып отырмын. Алыс ауылдың жағдайымен таныса отырып, осы жазбаларымды жариялауларыңызды сұранамын.
Ауданымыз кең жайлаулы, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, қазіргі Астанамызға барар ұлы қақпа іспеттес. Кезінде керуендер жүріп өткен жолдармен бүгінде күндіз-түні бір тынбай түрлі көліктер жүйткиді. Бірлік ауылының күншығысынан ағылған көліктер дүбірі құлаққа келіп, ойыңды алаңдатады. Сөйте тұра, жапан далада жалғыз қалғандай күй кешетін жайымыз бар. Оның себебі тым тереңде…
Қазыналы, алтынды алқап бүгінде өнеркәсібімен де өркендеген республикалық маңызды аймаққа жатады. Әйткенмен, тұрғындар санының күн өткен сайын кеми түскеніне алаңдаймыз. Жастар мейлі, қала жағалап жұмыс істесін дейік, бірақ, көнекөз қарттарымыздың да атамекен ауылын тастап көшіп жатқанын көргенде жүрегің ауырады. Талай жылдар бойы терін төгіп, бау-бақшасын өсіріп, үй-жайын оңдап болған соң, ауылындағы орнын ойсыратып көшіп кеткені қаншалықты дұрыс? Әрине, әркімнің өз өмірінің ағысы мен тұрмыс жағдайы болады. Бірақ, мұндай көріністің Мойынқұмда жаппай белең алғаны көңіл құлазытады. Алдындағы азын-аулақ малын бағып, жастарға ақылшы, абыз ақсақалдар болып неге отыра бермейді екен деп ойлаймын. Ал, жастарға да ауданда істеймін десе жұмыс көп. Мал шаруашылығын дамытудан бастап, өндіріс орындарында да еңбек ете алады. Ақбақай, Қияқты, Мыңарал, Ақсүйек сынды ауылдарға тіпті өзге облыстан да адамдар келіп, жұмыс істеп жатқан жайлары бар. Бұрынырақта ата-бабамыз отбасында ұл бала дүниеге келсе қуанып, қара шаңырақтың отын сөндірмей, түтінін түтетіп отыратын бір тұяқ қалатын болды деп санаған. Ал, қазір ауылдағы үйін, атамекенін ойлайтын ешкім қалмағандай.
Ауылымызда жағдайдың жоқтығы да елдің тұрақтауына кері әсерін тигізетін болар. Өйткені, өзім тұрып жатқан Қарабөгет ауылына жетер жол өте нашар. Ауызсу мәселесі де қиындап тұр. Ал, 86 тұрғыны бар ауылда тек тоғыз телефон нүктесі бар, былайша айтқанда, байланыс мәселесі де мәз емес. Ұялы телефондар да тартпайды. Алматыда, Таразда оқып жүрген студент немерелерімізбен, балаларымызбен тек айына бір рет аудан орталығына келгенде ғана байланыса аламыз. Жыл сайын аудан әкімі есеп береді, көңілімізді аулағандай болады. Алайда, шыдамның да шегі бар ғой.
Әсіресе, жас ұрпаққа обал. Ешқандай үйірме дегенді білмейді. Елді мекендерде халық саны азайған сайын оларға назар да аударылмайтын болып барады. Бұл жерде бұрынғы озық бір тәжірибені қолдануға болатын секілді. Ол – идеология саласын жетілдіру. Үгітші-насихатшылар әрбір ауыл азаматының бойына ұлттық идеологияны сіңіріп, ата кәсіпке үндеп, масылдық пен жалқаулықтан аулақ болып, шаруашылықпен айналысуға үгіттесе, өте үлкен өзгеріс болары сөзсіз.
Қай кезде қалаға барсаң көзің шалатыны – көптеген орындарда бос шөлмектердің шашылып жатқаны. Өкінішке қарай, қазір мұндай көрініс ауылдарда да белең алып барады. Көше бойлай шашылып жатқан күл-қоқысты көргенде ауыл ағайынына ренжисің, әрине. Алайда, жұртта қалғандай, бүгін-ертең көшіп кететіндей күй кешіп жүрген кейбір жандарға бәрібір секілді.
Ал, малынан алынатын ағарғанды сатып күнелтетін ағайындар да баршылық. Айраны мен сүтін, қаймағы мен құртын арқалап аудан орталығына барады. Өкініштісі, аудан орталығында шағын базар жоқ. Бұрынғы «Құралай» сынды үлкен дүкеннің әйнектері сынып, қаңырап бос тұрғанын көргенде ішің ашиды. Соны іске жаратып, базар етсе болмас па екен?
Аудан әкімінің есепті баяндамаларынан миллиондаған қаржылардың түрлі салаларға жұмсалып жатқанын естиміз. Сол қаражат Бірлік, Ұланбел, Қарабөгет ауылдарына баратын жолдарды жөндеуге неге жетпейді? Ең болмағанда, жолымыз жөнделіп, көңіліміз орнына түсер ме екен дейміз. Ауылымыздың болашағы барына көз жеткізер едік сонда. Уәде сөздерден шаршадық, шынын айтқанда.
Гүлшәкен Бопышбаева,
зейнеткер.
Қарабөгет ауылы,
Мойынқұм ауданы.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.