Ағынсу мен ауызсу әуел бастан алғы шарт

Елбасы өзінің Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері туралы айтты. Соның біреуі – су тапшылығы. Ол туралы: «Соңғы 60 жылда жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауызсу жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда», деді Мемлекет басшысы.
Ғалымдардың айтуынша, адам ағзасы мен дене мүшелерінің 86 пайызы судан тұратын көрінеді. Сондықтан да, адам сусыз өмір сүре алмайды. Егер денеміздегі су мөлшері азайса, онда әртүрлі ауруларға шалдыққыш келеді екенбіз. Ең қорқыныштысы, жер шарында 25 миллион адам сумен таралатын аурулардың салдарынан көз жұмады екен. Елбасы: «Келешек ұрпағымызға таза су қалдырайық, ауызсуды үнемдейік» деген ұран тастады. Елді таза әрі сапалы ішетін сумен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңмен «Ауызсу» және «Ақ бұлақ» бағдарламалары қабылданды.
Біздің ауданымызда өткен жылы алты ауылға ауызсу келді. Ол биыл да одан әрі қарай өзінің жалғасын табуда. Алайда, Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарына аудан әкімдігі төрт жылдан бері «ауызсу болады» деп құрғақ уәде берумен келеді. Дәл бүгінде ескі артезиан құдығынан небәрі екі сағатқа ғана су беріледі. Ол кімге жетеді? Мыңғырған малға ма, әлде кенезесі кепкен елге ме? Ауылымыздың төменгі жағынан су өз арнасымен ағып жатыр. Осы суды екі мыңнан астам қой мен екі мыңға жетеқабыл ірі қара мал ішеді. Сол құдықтан аққан азғантай су жаз кезінде шалшық суға айналып, борсып, сасып кетеді. Бірақ, хайуанға бәрібір емес пе, лайды да ішеді. Содан мал ауырып, өліп те жатыр. Осы келеңсіздікті жұрт талай жиында аудан басшыларына естіртіп айтты да. Өкінішке қарай, бұл мәселе сол күйінде шешілмей тұр. Көрші ауданның Қазақдиқан ауылы Үлкен Шу каналынан келетін суды шегендеп, бекітіп тастады. Сонда малымыз қайдан су ішеді?
Менің айтайын дегенім, тағы ағын судың проблемасы. Қарақыстақ өзенінен келетін су таудағы таза қайнар-бұлақтардан құралады. Егер оны халыққа сол тұнық күйінде жеткізсе, ол біріншіден жанға шипа, шөлдегенге сусын болмай ма? Бізден басқа, Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсаз ауылдары да осы бір тау су көзіне қарап отыр. Су бөлінетін таудың алқымындағы (шлюз) байлама қоршалмағандықтан, суды кім көрінген жығып әкетеді. «Құлан-су» мекемесі осыған неге ие болмайды? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Әбденов: «Ауылдағы елдің жекеменшік жер учаскесі бар. Онда бау-бақша өсіріп, күнелтсе болады ғой» дейді. Егер ағын су ауылға жетпей жатса, халық 25 сотық жерінен қайтіп өнім алады? Сондықтан, алдымен Сарманқұл мен Жаңатұрмыс ауылы аралығындағы он шақырым болатын жерге бетон науалы канал салу қажет. Сонда аққан су шілде айында жерге сіңіп кетпейді. Осы төңіректегі ауылдардың барлығы дерлік 1938 жылдан бері Қарақыстақ өзенінің суын пайдаланып, қызылшадан ырғын өнім алып, жоңышқалығын жайқалтып келген. Осы мәселені депутат ретінде көтермеген жерім жоқ. Мұны облыс басшылары да жақсы біледі. Енді соны шешудің жолдары қарастырылса деймін.
Өткен жылдан бері: «Қарақыстақтағы «Көкқия» жайлауынан алтын кені ашылатын болыпты» деген дақпырт бүгінде шынға айналды. Енді ел: «Сол суға алтын қазғандар сеомит деген зат қосып жатыр екен. Ол өзі улы зат болса, оның адамға зияны жоқ па екен?» дегенді де жиі айтып жүр. Егер олай болса, біздің экологтарымыз ай қарап отыр ма? Кен орнына барып әлгі қауесеттің анық-қанығын неге білмейді? Әлгі шайынды химиялық зат өзен суына қосылып жатса, оны неге зертханалық сараптамаға жібермейді?
Тобықтай сөздің түйіні, онсыз да суымыз бен көгілдір отынымыз, электр қуатымыз қымбаттағанда, ең болмаса ағын су мен ауызсудың жайын ойласайық, ағайын!

Кәдірбек Құлбарақов,
аудандық мәслихаттың депутаты,
«Құлбарақ» шаруа қожалығының жетекшісі.

Жаңатұрмыс ауылы,
Т. Рысқұлов ауданы.

google.com bobrdobr.ru del.icio.us technorati.com linkstore.ru news2.ru rumarkz.ru memori.ru moemesto.ru
Digg This
Reddit This
Stumble Now!
Buzz This
Vote on DZone
Share on Facebook
Bookmark this on Delicious
Kick It on DotNetKicks.com
Shout it
Bookmark this on Technorati
Post on Twitter
Google Buzz (aka. Google Reader)

Добавить комментарий

empire games
темы wordpress