Оқыту орталығындағы оңды істер
Бүгінде өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшаларға беріп, қазақ мектептерінде оқытуға ынта білдіре бастады. Қазір еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мектептерде қазақ тілін оқуда. Бұл дегеніміз – Елбасымыз айтқандай, он-он екі жылдан кейін мемлекеттік тілді жетік білетін жастардың осыншама жаңа буыны қалыптасады деген сөз.
Қазіргі кезде қызметіне, жасына қарамастан қазақ тілін оқып-үйренушілер қатары өсіп келеді. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер де бар. Тұрғындардың осы сұранысын өңірлерде ашылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қанағаттандырып отырғаны мәлім. Сондай орталықтың бірі – біздің облыста 2007 жылы ашылған.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты мемлекеттік тілді оқыту орталығында алты жыл ішінде 6358 тыңдаушы қазақ тілін оқып-үйреніпті. Оның 5254-і – өзге ұлт өкілдері. Орталық директорының міндетін уақытша атқарушы Жамбыл Ізтұяқтың жетекшілігімен биыл 7 мұғалім, 3 ғылыми әдіскер 323 тыңдаушының мемлекеттік тілді толық меңгеруіне жағдай жасауда. Тіл үйренемін деушілерге облыс орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де мүмкіндіктер мол. Орталықтың Шу, Меркі, Талас, Қордай, Сарысу, Байзақ аудандарындағы бөлімшелері осы бағытта жұмыс атқаруда.
Орталықтың ғылыми әдіскері Гүлхан Аманованың айтуынша, тіл үйретуші педагогтардың кәсіби біліктіліктері жоғары. Өйткені, мұғалім қызметке арнаулы сынақтан өткізіліп барып, қабылданады екен. «Сабақ үдерісінде ересектерді оқытудың барлық стандарттары ескеріле отырып, жаңа технологиялар мен озық педагогикалық тәжірибе қолданылады. Әр тыңдаушының білім деңгейіне сай үш деңгейлік оқыту жүйесі (бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген) енгізілген», – дейді Гүлхан Сабырханқызы.
Орталықта оқу кабинеттері А. Байтұрсынұлы, А. Құнанбайұлы, М. Жұмабаев, Б.Момышұлы сияқты алаш ардақтыларының есімдерімен аталады екен. Халқымыздың арда ұлдарының атымен аталған кабинеттер де заман талабына сай жабдықталған. Мәселен, А. Байтұрсынұлы атындағы оқу бөлмесіне тыңдаушыларға арналған 10 компьютер, 1 интерактивті тақта қойылған. Оқулықтар мен әдебиеттер де жеткілікті. Бұл сыныпта облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен семинар-конференцияларға қатысушы Рабиға Әмірова сабақ береді. Былтыр «Үздік оқу кабинеті» байқауында үздік деп танылған А. Құнанбайұлы атындағы оқу кабинетінде де қажетті жабдықтардың бәрі бар. Кітап сөресінде сөздіктердің қатарында «Абай жолы» роман-эпопеясы менмұндалап тұр.
Оқу сыныптарының материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы жақсарған сайын мемлекеттік тілді оқыту орталығында тыңдаушылар саны жыл санап артуда. Мысалы, 2007 жылы орталықта 131 тыңдаушы оқытылса, былтыр олардың саны бірнеше есе өсіп, 1687-ге жеткен.
Шынболат Күзекбаев,
М. Х. Дулати атындағы
ТарМУ-дың 1 курс студенті.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.