Шартарап
Өндіріс көлемін ұлғайтпақ
«Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы 2015 жылы өндіріс көлемін 120 миллиард теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр, деп мәлімдеді компанияның вице-президенті Димаш Бижанов.
«2009 жылдан бері ұлттық компанияның өндіріс көлемі 18,5 миллиард теңгеден 65 миллиард теңгеге артқан. Биылғы жоспар бойынша өндіріс 90 миллиард теңгені құрамақ. Осылайша, «Қазақстан Инжиниринг» 2009-2015 жылдар аралығында 6,5 есе өсім көрсетеді», деді ол. Компания кәсіпорындары мұнай-газ, теміржол, жылу-энергетика, агроөнеркәсіп кешендеріне қатысты тапсырыс берушілер үшін өнім шығару мен қызмет көрсетуге басымдық береді. Сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру мен оны жөндеуге мамандандырылған. Компания жақында «Еурокоптер» компаниясымен әскери тікұшақтар шығару бойынша жаңа келісімшартқа қол қойды.
Интерпол арқылы іздестірілуде
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев басқарған қылмыстық қауымдастықтың әрекеті нәтижесінде мемлекетке және өзге тұлғаларға жалпы сомасы 71 миллиард теңгені құрайтын аса ірі мөлшерде залал келтірілген, деп мәлімдеді Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
Оның айтуынша, тергеу барысында қабылданған шаралар нәтижесінде 23,4 миллиард теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылған. Мемлекетке келтірілген залалды өтеу мақсатында айыпталушылардың жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайтын 560 жылжымайтын және жылжитын мүлік түріне тыйым салыныпты. Оның ішінде 4 аяқталмаған құрылыс нысаны, 68 жер учаскесі, 116 бірінші және екінші сатыдағы нысандар, 197 көлік құралы, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы 19 үлес, 145 өндіріс құрал-жабдығы, жалпы сомасы 1 100 миллион теңгенің 11 банк шоты тәркіленген. «Бүгінде Бергей Рысқалиев пен оның он сыбайласы Интерпол халықаралық ұйымы арқылы іздестірілуде», деп атап өтті М. Жұманбай.
Дәніккеннен құныққан жаман
Оңтүстік Қазақстанда осы өңір аумағынан өтетін «Құмкөл-Павлодар-Шымкент» мұнай ұңғымасынан аса ірі көлемде мұнай ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыста мұнай ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен қатар ұрланған мұнайды сатып алып отырған адамдар да ұсталды. Ұрылар қара алтынды Созақ, Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласы аумағында мұнай ұңғымаларын ашып, ұрлаған. Сөйтіп, «ҚазТрансОйл» компаниясына 17 миллион теңге шығын келтірген. Осы қылмыстық іс бойынша барлығы 16 адамға айып тағылып, олардың 11-і тұтқынға алынған. Облыстық прокуратура қылмыстық істі сотқа жіберді.
Майяның жеке көрмесі
Қостанай облыстық Шығармашылық үйінде он үш жасар бірегей суретші Майя Демееваның жеке көрмесі ашылды.
Бала күнінен мүгедек, балалардың сал ауруына ұшыраған Майя өзінің картиналарын бояу жаққышты аяқтарының башпайларына қысып алып, салады. Оның көрмесіне талантына табынушылар және әріптестері – кәсіпқой суретшілер келді. Бұған дейін Майя Демеева «Филантроп» халықаралық сыйлығының лауреаты болған, оның бірнеше жұмысы Третьяков галереясында сақтаулы.
Адамзаттан кім арашалайды?
Ғалымдардың зерттеуі бойынша адамзат баласы соңғы елу жылда әлемдегі ірі балықтардың 90 пайызын, әлемдік орман алқабының 70 пайызын жойған.
Қалған 30 пайыз орман алқабы жылына бес шаршы миль жылдамдықпен оталып жатыр, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы. Құстардың барлық түрінің төрттен бірі жарты ғасырда жойылып кетті, қалған 11 пайызы жойылудың алдында. Сүтқоректілердің барлық түрінің 18 пайызына, өсімдіктердің сегіз пайызына және балықтардың бес пайызына жойылу қаупі төніп тұр. «Ғаламдық келеңсіз құбылыс осылай жалғаса берсе, адам баласының өміріне орны толмас нұқсан келеді», дейді ғалымдар.
Арықтағың келсе… кофе іш
Жапондық компания артық салмақтан арылтатын кофені нарыққа шығармақ. Адамның дене бітімін өзгертуге бағытталған кофенің дәндері әдеттегіден 2,5 есе ұзақ қуырылады. Бұл хлороген қышқылының көбірек бөлінуіне әсер етеді екен.
Он екі апталық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде аталмыш кофені ішкен адамдардың орташа алғанда 1,5 келіден арылғаны анықталды. Тәжірибеге семіздікке душар болған 109 адам қатысқан. Сынақтан өткендердің 25 пайызы күніне 185 мл кофені ішіп, төрт аптадан кейін артық салмақ жоғалтқанын айтса, 51 пайызы 8 аптадан соң, 72 пайызы 12 аптадан кейін дене бітімінің өзгеріске ұшырағанын аңғарған. Ерекше кофенің бір құтысы шамамен 1,60 АҚШ долларына бағаланбақ.
Арсыз фильмдерге тыйым салды
Ауғанстанның президенті Хамит Карзай ел аумағында исламға жат, ұятсыз фильмдерді көрсетуге тыйым салу туралы жарлық шығарды, деп хабарлады ел министрлер кеңесінің іс-әрекетіне жауапты басқарманың баспасөз қызметі.
muslim.kz сайтының жазуынша, Мемлекет басшысының мұндай қадамға баруына Үлемдер мен діндарлардың жоғарғы кеңесі түрткі болған. Діндарлар Хамит Карзайға жазған хаттарында кейбір мемлекеттік қызметкерлердің ішімдік ішіп, есірткі шегетінін және бірқатар дүкен сөрелерінде доңыз етінің сатылатынын баяндаған. Олар, сондай-ақ, теледидардан ұлттық салт-дәстүр мен ислам талаптарына қайшы келетін фильмдер мен хабарлардың көрсетілетініне наразылық білдірген.
Интернет материалдары
бойынша дайындаған
Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.