Тарихи тамыры тереңде
Сарысу ауданы туралы әңгіме болғанда сан ғасырлық тарихы бар Саудакент ауылын айналып өте алмаймыз. Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен мекен жетпіс жылға жуық аудан орталығы болды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылды қай заманда да даму қарқынын төмендетпей, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, өзіміз көзін көрген азаматтардың аты-жөнін атап өтсек әруағы риза болар.
Олар — аудандық партия комитетінің ұзақ жылдар бірінші хатшылары болған Ұзақбай Сыздықбаев пен Асан Нүркенов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов және басқарудың әкімдік жүйесі енген кезде Байқадам ауылдық аймағының әкімі болып, жемісті еңбек еткен Жақсылық Бозжігітов.
Аудан басқарған жоғарыдағы үш азаматтың кезінде облыста бірінші болып, аудандық байланыс торабының төрт қабатты ғимараты, Ә. Әбдіхалықұлы атындағы еңселі мәдениет үйі, Б. Адамбаев атындағы орта мектеп, орталық саябақ, тағы басқа зәулім ғимараттар салынды. Ауыл жолдарына түгелдей асфальт төселіп, тал-дарақ отырғызылып, шөлейтті өңірдегі мекен гүлге оранды. Ал, аудан орталығы Жаңатасқа қоныстанғанда алдыңғы толқын ағаларының жарқын жолын жалғастыра білген, шежірелі мекеннің бір шыбығын қисайтпай, кейінгілерге аманаттап тапсырып кеткен ауыл әкімі Жақсылық Бозжігітов еді. Жаңатас бағытынан ауылға кіреберіс тұстағы үлкен аумаққа тал отырғызуға ұйтқы болған ауыл әкімі өмірден өткен соң, ол жасыл алқапты саудакенттіктер «Жақсылық талы» атап кетті.
Ауданға жасаған жұмыс сапарымызда әкелеріміз бен ағаларымыздың көзіндей болып аршыған жұмыртқадай уақыт сынына сыр бермей, маңайы жасыл-желекке тұнып тұрған әлеуметтік нысандарды, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау ғимараттарын және демалыс орындарын көріп, көңіл марқайды. Жалпы Саудакент ауылының тұрғындары қай заманнан да тазалыққа ерекше мән береді. Сосын атадан балаға мирас болып келе жатқан тал отырғызу дәстүрі жыл сайын жалғасын тауып келеді. Мәселен, өткен жылы отырғызылған 3327 тал-дарақ күтімге алынып, көктеп, өсуде.
— Қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру жұмыстарының көктемгі үш айлығын өткізу жөнінде іс-шара жоспары жасалып, оның орындалуын бақылап отыратын қоғамдық комиссия құрылды. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің техникасы ауылда екі апта бойы тазалық жұмыстарына жұмылдырылды. Орталық саябақта 20 жас маман тазалық, күтіп-баптау жұмыстарына тартылды. Т. Рысқұлов, Ж. Аймауытов көшелерінің ойылған жерлеріне құмшағал төселіп, тегістелсе, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Н.Әбдіров пен Ұ. Сыздықбайұлы атындағы көшелер асфальтталды. Туберкулезге қарсы диспансер, Мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, Байқадам және Б.Адамбаев атындағы орта мектептің маңайына гүлзарлар отырғызылып, субұрқақ орнатылды. Күннің жылынғанына қарамай тазалық жұмыстарын ерте көктемде-ақ бастап кеттік, – деді ауыл әкімі Шаттық Мұсабеков.
«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов салдырып берген қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке келдік. Ашаршылық жылдары Арқадан аудан көшін осы Саудакентке бастап келген алаштың небір арда азаматы мен осы өңірден шыққан көзі ашық, көкірегі ояу жергілікті тұрғындар 37-нің ойранында жазықсыз атылып, айдалып кетті. Соның барлығының аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып, жазылыпты. Қызыл қырғынның құрбандарына дұға жасап, қол жайдық. Есіл ерлер Сарысу жұртын, барша қазақ елін рухтарымен жебесін дедік, іштей. Одан әрі ауыл тұрғындарын бірлікке үндеп, имандылыққа ұйытып отырған, ауласы жасыл желекпен көмкерілген облыстық мәслихаттың депутаты, облыстың Құрметті азаматы Асаубай Майлыбаев ағамыздың жерлестеріне тарту еткен имандылық ордасы-мешітке барып ата-баба рухына құран түсірттік.
Елбасының дәстүрлі Жолдауын жыл сайын басшылыққа алып, облыс, аудан әкімдерінің тапсырмаларын мұқият орындап отырған ауыл әкімі аппараты қызметкерлерінің жұмысында мін жоқ. Өмірдің сан тарау жолынан өткен ардагерлердің, алдыңғы толқын ағалардың ақылын тыңдап, бағдаршамдай көріп отырған аппарат жігіттері шетінен әкімдік жұмысының мектебінен өткен, тәжірибелі азаматтар. Әкімнен бастап, қай –қайсын сөзге тартсақ та ауылдың тыныс-тіршілігін жаңғақша шағып береді. Аймақ бойынша 1207 отбасында 5454 адам, оның 568-і зейнеткер, 5-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 4 ауғандық жауынгер тұрып жатқанын, естідік. «Омырауларына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» таққан 130 анамыз, жеңгеміз, әпкеміз де біздің мақтанышымыз. Олар мәдени, басқа да іс-шаралардың ұйтқысы болып, бел ортасында жүреді» дейді жігіттер.
«Мал жан аман ба» дейтін қазақпыз. Төрт түліктің де жайын сұрап жатырмыз. Мүйізді ірі қара — 2049, уақ мал — 19253, жылқы — 847 және түйе 391 бас екен. Егін шаруашылығы да жылдан-жылға ұлғайып жатса керек. Жүгері, картоп, көкөніс дақылын өсірудің мектебі қалыптасқан ауылдық аймақтағы егін шаруашылығымен айналысатын жеке құрылымдар жыл сайын күзгі жиын-терін кезінде мол өнім алып келеді. Ауылдық аймақ бойынша 150 адам жеке кәсіппен шұғылданса, шаруа қожалықтарында 84 адам еңбек етуде. Өткен жылы мүлік салығы 114 пайызға, жер салығы 125 пайызға орындалған.
Қаңтардағы алапат дауыл Саудакент ауылын да шарпып өтті. Тұрғындар табиғат дүлейі кезінде сабырлылық танытып, ауа райының «тосын мінезіне» түсіністікпен қарады. Алапаттан кейін зардап шегіп, шатыры ұшқан 168 тұрғын үйге 3300 шифер таратылған. Тұрмысы төмен отбастарына қайырымдылық көмек ретінде 1250 килограмм ұн, 500 килограмм күріш беріліпті. Ауылдың төл перзенті, Тараз қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Асқар Ескермесов өзінің автобусымен 800 бөлке нан мен 250 дана балауыз апарып, азаматтық танытты. Көп ұзамай бүлінген дүние қалпына келтіріліп, ауыл бұрынғы мамыражай тіршілігіне көшкен.
Саудакенттен облыс орталығын бетке алдық. Соңымызда көне де, жаңарған, он жыл білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге аттандырған алтын бесік қалып барады. Қашанда осылай ажарың атқан таңдай болып, базарың тарқамасын, туған мекен!
Амангелді ӘБІЛ
[email protected]
Сарысу ауданы.
No tags for this post.Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.