Тереңнен ойластырған ұсынысқа теріс қарамайық!

Зиянды жұмыспен айналысатын адамдар бүгінгі таңда қандай жәрдемақылар алады?

Қазақстанда қолданылатын еңбек жағдайлары ерекше жұмыспен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі мыналарды қамтиды:
1) зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 9 АЕК ( №1 Тізім үшін) және 8 АЕК (№ 2 Тізім үшін) мөлшерінде төленетін мемлекеттік арнаулы әлеуметтік жәрдемақы;
2) жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде төленетін базалық зейнетақы төлемі;
3) 63/58 жасқа толғанда және 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде 6 жыл еңбек өтілі болған кезде төленетін ынтымақты (еңбек) зейнетақы;
4) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне (ЖЗЖ) қатысып, қызметкердің жалақысынан ЖЗЖ-ға 10 % мөлшерде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) жүзеге асырған кезде төленетін жинақтаушы зейнетақы;
5) жұмыс берушілер ЖЗҚ-ға өз бастамасы бойынша өз қызметкерлерінің пайдасына төлейтін ерікті кәсіптік жарналар (ЕКЗЖ) есебінен төленетін зейнетақы. ЕКЗЖ мөлшерлемесі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді және қызметкердің ай сайынғы табысының 10 пайызынан аспауға тиіс.
6) жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;
7) еңбек жарақатынан және кәсіби аурулар салдарынан еңбек ету қабілетінен айрылған кезде сақтандыру компанияларынан төленетін өмірлік сақтандыру төлемдері.

Зиянды жұмыспен
айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде қандай
өзгерістер болады?

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың ерікті кәсіптік схемасы тиісті деңгейде дамымағанын атап өткен жөн. Ол ЕКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын көбейтіп және 53/55 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Бүгінгі күні 4 мыңнан аса адам жүйеге қатысушы болып табылады, ал олардың жинақтары бар болғаны 100 миллион теңгені құрайды.
Еңбек жағдайлары ерекше жұмыспен айналысатын адамдардың жұмыстарының ерекшеліктерін ескере отырып ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы ерікті кәсіптік зейнетақы жинақтарынан міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарына көшу туралы ұсыныс енгізді.
Енді еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын адамдардың дербес зейнетақы шоттарына 15пайыз зейнетақы жарналары түсетін болады, оның 10 пайызы қызметкердің ЕТҚ-нан МЗЖ және 5 пайызы жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Бұл олардың жүйеге үздіксіз қатысқаны (30 жылдан кем емес) және жүйелі түрде аударғаны (жылына 12 рет) кезінде зейнеткерлікке ерте шығуы үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарына мүмкіндік береді.
Бұл ретте жұмыс берушіге де жүктеме азаяды, өйткені, кәсіптік зейнетақы жарналарына төленетін сома салық төлемдерін жүзеге асырған кезде шегерімге жатқызылады.
Бұдан басқа, осы санаттағы адамдар үшін:
1) базалық зейнетақы төлемдері;
2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде ынтымақты (еңбек) зейнетақы;
3) жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;
4) еңбек жарақатынан және кәсіби аурулар салдарынан еңбек ету қабілетінен айрылған кезде сақтандыру компанияларынан төленетін өмірлік сақтандыру төлемдері сақталады.

Өз бетінше жұмыспен
айналысатын тұрғындарды
алда не күтеді?

Жұмыспен қамтылған халықтың жалпы саны – 8,5 миллионнан өткен жылы бір ретте болса МЗЖ аударған салымшылардың саны 5,7 миллион адамды құрады. Бұл ретте жылына 12 рет зейнетақы жарнасын жүзеге асырған салымшылардың (белсенді төлеушілер) саны 3,7 млн. адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 41% құрайды.
Бұл өзекті проблема болып табылады.
Егер қазіргі кезде осы проблеманы шешу бойынша тиісті шаралар қабылданбаса, еліміздің тұрғындарының көпшілігі зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейі үшін жеткілікті зейнетақы жинақтары көлемін жинақтай алмайды және келешекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының қатарын толықтыратын болады.
Мәселен, қазіргі таңдағы өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдардың басым бөлігі зейнетақы жарнасын рұқсат етілген шеңберде төлейді, яғни жалақының ең төменгі мөлшерінің 10 пайызы. Осылайша, жылына ең төменгі жалақының 1,2 еселенген мөлшерін төлейді (немесе биылғы жылды алсақ, кемінде 23 теңгеден).
35 жыл ішінде салымшының жалпы жинақ сомасы 42 еселенген ең төменгі жалақыны құрайды. Мұндай жинақтар ең төменгі жалақы мөлшерінде 3,5 жылға зейнетақы төлеуге жетеді.
Егер өз бетінше жұмыспен айналысушылар зейнетақы жүйесіне қатыспаған жағдайда, зейнетақы жасына жеткеннен кейін оларды ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшерінде жасы бойынша әлеуметтік жәрдемақы күтеді.
Осы проблеманы шешу үшін мынадай шаралар жоспарланады:
– өз бетінше жұмыспен айналысатындар мәртебесін нақтылау және оларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту жөнінде жүргізілетін шараларға қарай (Жұмыспен қамту — 2020 бағдарламасының шеңберінде) өз бетінше жұмыспен айналысатындар мәртебесін алған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті қатысу туралы талап енгізілетін болады;
– 2017 жылдан бастап, жарналарды төлеу тәртібін өзгерту жоспарланады: өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдар бүкіл табысын жариялап, осы сомадан зейнетақы жарнасын төлеуге тиіс болады.
– ең төменгі кепілдіктер жүйесі өзгертіледі. Базалық зейнетақы төлемі кемінде 5 жыл ЖЗҚ қатысушысы болып табылатын зейнет жасына жеткен өз бетінше жұмыспен айналысатындарға берілетін болады.

Мысалы, мен келешекте қандай зейнетақы алатын боламын?

Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен, зейнетақы жүйесіне қатысушыларды зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктеріне қатысу/қатыспау сипатына қарай топтарға бөлу қажет болады.
Бірінші топқа тек ынтымақты зейнетақы жүйесіне қатысушы болған азаматтар, яғни бұлар 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі болған қазіргі таңдағы зейнеткерлер. Олар қазіргі кезде ынтымақты зейнетақы жүйесінен және базалық зейнетақы төлемін алады.
Екінші топқа аралас зейнетақы жүйесінің қатысушысы, яғни ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушысы болып табылатын азаматтар жатады. Оларға 1988 жылдан кейін зейнетке шыққан адамдар да, бүгінгі таңда зейнетке шығып жатқан адамдар да кіреді. Олардың зейнетақы төлемі ынтымақты, жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемдерінен тұрады.
Үшінші топ тек жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы болып табылатын азаматтардан тұрады. Оларға 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі жоқ, не өтілі 6 айдан аз адамдар кіреді. Олардың зейнетақы төлемі тек жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемінен тұратын болады.
Бұған қоса, ынтымақты жүйенің де, жинақтаушы жүйенің де қатысушы емес адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшерінде жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы сақталады.

Зейнеткерлерді
алда не күтеді?

Қазіргі таңдағы зейнеткерлерді үш санатқа бөлуге болады:
1) 1991 жылға дейін зейнетке шыққан зейнеткерлер. Олардың саны 309,8 мың адамды құрайды.
2) зейнетке ауыспалы кезеңде (1991 жылдан 1997 жылға дейін) шыққан зейнеткерлер, олардың саны 518,9 мың адамды құрайды.
3) зейнетке 1998 жылғы реформадан кейін шыққан зейнеткерлер. Олардың саны 930,6 мыңға жетеді.
Қазіргі кездегі зейнеткерлер үшін инфляция деңгейін 2 пайыз ілгерілету арқылы зейнетақыны арттырудың қолданыстағы тәртібі сақталатын болады.

Digg This
Reddit This
Stumble Now!
Buzz This
Vote on DZone
Share on Facebook
Bookmark this on Delicious
Kick It on DotNetKicks.com
Shout it
Bookmark this on Technorati
Post on Twitter
Google Buzz (aka. Google Reader)
No tags for this post.

Добавить комментарий

empire games
темы wordpress