Білікті болмай, білім бере алмайсың
Білім беру үрдісі жаңа бағытта даму үстінде. Бұған салада жүзеге асырылған түрлі реформалар ықпал етуде. Бүгінде педагогтарға заман талабына сай жаңа міндеттер жүктелген. Ол – Елбасымыздың биылғы Жолдауында нақтыланған оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мәселесі. Сондай-ақ, уақыт ағымы білім беру үдерісіндегі ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылуды, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.
«Білім туралы» Заңда оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуды дамыту жолдары көрсетілген. Бұл міндеттерді орындау үшін мектеп ұжымдары әр мұғалімнің күнделікті ізденіс арқылы оқыту үдерісін жаңа бағытта қайта құрып, өзгеріcтерге батыл жол ашарлық тәжірибеге көшуі керек. Білім берудің маңызды шарты – оқу үрдісін жаңарта отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып, саралауда мұғалім іс-әрекетін жаңаша ұйымдастыру.
Оқу үрдісі оқушылардың оқу-танымдық әрекеті негізінде жүзеге асады. Ал, оқу дегеніміз – оқушының оқуға, білуге деген ерекше ынта-ықыласының көрінісі. Сабақ барысында баланың танымдық белсенділігі пайда болса, онда оның бойында зеректік, зейінділік, байқағыштық, ойын еркін жеткізу қабілеттері қалыптаса бастағаны.
Оқушының пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ барысында проблемалық жағдай туғызып отыру да маңызды. Туындаған мәселенің шешімін табу арқылы баланың шапшаң ойлау қабілеті нығаяды. Сабақта жақсы оқитын оқушылармен ғана белсене жұмыс істеп қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылса, әр оқушының оқуға деген қызығушылығы артады.
Қорыта айтарым, қазіргі қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуде, яғни, жан-жақты, көп мәдениетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру үшін ұстаз өзі де шығармашыл тұлға болуы тиіс. Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп, оның ғылыми негізін құруы, тұлғаны дамытудың қозғаушысы бола білуі керек. Қазіргі білім берудің жаңа парадигмасы бойынша заман талаптарына байланысты туындап, әр педагогтың өз кәсібіне жауапкершілікпен қарағаны ғана емес, оның шығармашыл, озық ойлы, білім берудің болашақ бағдарын болжай білетін, соған сәйкес өз іс-әрекетін сабақтастыра алатын маман болғаны маңызды. Ақиқат біреу – білікті болмай білім бере алмайсың.
Жұмакүл Қожаева,
Төле би атындағы орта мектептің
технология пәнінің мұғалімі.
Шу ауданы.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.