Жақсы жұмысқа жаңарту жеткізеді
Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы VII пленумын өткізді. «Облыстық кәсіптік одақтардың 2012 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары мен 2013 жылы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жүзеге асыруға атсалысуы» тақырыбында өткен отырысқа облыстық кәсіптік одақтар кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Г. Орынбаева қатысты.
Баяндама жасаған мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы О. Есіркепов өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді атап өтті. Үстіміздегі жылы кәсіподақ ұйымдарына жүктеліп отырған міндеттерге тоқталды. Елбасы Жолдауында айтылған бағыттар бойынша еңбек етіп, еңбеккерлер мүддесін қорғау мен жұмыс сапасын одан ары арттыру керектігін айтты.
— Кәсіподақтарды «модернизациялайтын» мезгіл жетті. Сіздер мынадай кәсіподақішілік өзекті проблемаларды табысты шешкенде ғана кәсіптік одақтарды жетілдіруге болады: кәсіподақтық құрылымдарды нығайту және жетілдіру, кәсіподақ қозғалысының ұйымдық біртұтастығы; алқалы органдар қабылдаған шешімдердің орындалуына жауапкершілік пен орындаушылық тәртіпті арттыру; кәсіподақтарға мүшелікке жастарды көптеп тарту; кадрлармен жұмысты жақсарту, кадрлардың нақты резервін қалыптастыру; кәсіподақтық білім берудің бірыңғай жүйесін құру және оның сапасын көтеру; ақпараттық жұмысты жақсарту. Кәсіптік одақтарды жетілдіру оның негізі саналатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайту мен белсенділігін арттырудан басталуы керек.
Сіздердің назарларыңызды мынандай тағы бір проблемаға аударғым келіп отыр. Кәсіподақ қызметкерлері адамдардың ортасында жүретіндіктен, оларды не толғандыратынын іштен біледі, қызметкерлер атынан сөйлейді, қоғамдық пікірді қалыптастырады. Бірақ, көп жағдайда жекелеген мемлекеттік шенеуніктер мен жұмыс берушілерге сөзін жеткізе алмай жатады. Кейде олардың хаттары мен өтініштері назардан тыс қалады. Сондықтан, шенеуніктер мен жұмыс берушілердің кәсіподақ, жұртшылық өкілдерімен жиі кездесіп, азаматтарды қабылдауды ұйымдастырып отырғандарын қалар едік. Сонда ғана олар ұжымның проблемалары туралы біліп отырады және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып проблеманы шешудің тиімді жолдарын таба алады. Мен кәсіподақ қызметінің жекелеген бағыттарына ғана тоқталдым. Күн сайын өзгеріп жатқан қазіргі әлемде басымдықтар бірін-бірі алмастырып, жұмыстың жаңа түрлері мен әдістерін талап ететін жаңа өзекті міндеттер мен проблемалар туындап жатады.
Кәсіподақтар үшін өзгермейтін бір нәрсе бар, ол кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бірінші кезекте тұруы, — деп кейбір проблемаларды тілге тиек етті төраға.
Келесі кезекте бірқатар бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері жарыссөзге шығып, көкейлерінде жүрген мәселелермен бөлісті. Сондай-ақ, шара соңында кәсіптік одақтар жұмысына сіңірген еңбегі үшін Тараз қаласы әкімінің орынбасары К. Тоғызбаева мен облыс бойынша бақылау жән әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Ә.Тұрысовқа ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Маржан РАҚАЙ
[email protected]
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.