Әкені көріп ұл, шешені көріп қыз өседі
Ата-дәстүрлік тәрбие тектіліктің терең тамыры
Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан бергі ұзақ тарихында сан алуан кезеңдерді, «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан кешірсе де, болашақ ұрпағының тәлім-тәрбиесіне айрықша мән беріп, ұл-қыздарының бойына ұлы дала перзентіне тән еркіндік, қайсарлық, қайырымдылық қасиеттерін молынан дарыта білген. Халқымыздың тарихына көз жіберсек те, әрбір отбасы дүниеге келген нәрестені ата дәстүрлерімізге, адамгершілік әдептеріне, имандылыққа, ізгілікке баулығанын аңғару қиын емес. Әсіресе, баланың қай іске, қандай өнерге икемі барын алдын ала болжап, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуіне ықпал еткен. Сондықтан да бүгінде әредікте кездесіп қалатын «басбұзар ұл, бетімен кеткен қыз» болмаған. Алабөтен бұзақыларын, телі-тентектерін халық өзі-ақ тезге салып отырған. Әсіресе, мақал-мәтелге сайып, оғыландарымыздың «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намысын жаныған, «Айтсаң үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп ынталандырған, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандырған, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандырған. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі қоғам мүшесі. Болашақ қоғам мүшесінің дені сау, саналы да қабілетті болып өсуі үшін баланы балғын кезінен өмірге баулу керек. Адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды.
Қазақта отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше. Себебі әке – отбасын асыраушы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Бұдан әкесі жақсылардың балалары да жақсы болмақ, ал, әкесі жамандардың балалары да сондай болмақ деуден аулақпыз. Баланың жақсы-жаман болуы шыққан тегіне ғана емес, ол оның тәрбиесіне тікелей байланысты.
Қалай болғанда да, әкенің тәрбиесін көріп өскен балада арман бар ма? Әкенің сөйлеген сөзі, әкенің айтқан ақылы, әкемен бірлесіп жасаған шаруалар, әкемен өткізген әрбір күн, әрбір сағат, әрбір мезгіл – үлкен тәрбие мектебі. Баланың ой-санасы ананың аялы алақанымен, әкенің нұрлы сөздерімен қалыптасады. Екеуі бірдей болмаса, бала толыққанды болмайды. Ажырасамыз деген жастарға үлкендердің басу айтып жататыны осыдан. Өйткені ажырасудың салдарынан баланың өміріне зиян келетінін үлкендер жақсы біледі. Оны ести алатын құлақ, ұға алатын пайым болса жақсы. Көбі балаға да қарамай, екі жаққа кетіп жатады. Содан келіп, қоғам бұзылды дейміз. Қоғам қалай бұзылмайды, бала толық отбасында өспесе? Әке мен шешенің тәрбиесін қатар, бірдей көрмесе? Оның ішкі әлемі, сезімі мен санасы не болады? Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал, тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып жүрекке жетеді. Әке – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір. Сол көпір арқылы әрбір ұрпақ өзінің болашағымен қауышады.
Әке әрқашанда қара шаңырақтың иесі болып қалуы керек. Онсыз бағытымыз айқын болмайды. Соны ұғатын асыл жары болса, ол бір бақыт. Еркек әйелден бір саты жоғары тұруы абзал. Ата-бабамыз бұл жөнінде «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп еркек кіндіктілерді ерекше бағалаған, құрмет тұтқан. Отбасындағы әйелдердің өктемдігі біздің салтқа мүлдем жараспайтын нәрсе. «Еркекті еркек деп қадірлемеген әйел бақытты бола қояр ма екен?» деген сұрақ туындайды. Оның себебі ол өзінің сондай қылығымен қоршаған ортаның қалыпты дамуын тежейді. Психологиялық тұрғыдан әкенің ана алдындағы абыройының жоқтығын көріп өскен баланың әкесіне деген сезімі төмендейді, жағымсыз пікір орнайды. «Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт» демекші, еркектің тапқан табысын ұқсата алмаған әйелдер де болады. Отбасының негізін сақтап қалатын ең асыл құндылықтың бірі – қанағат пен шүкіршілік.
Аналарды ардақтап, құрметтеген жақсы ғой. Бірақ әкелердің атын атамай, есептен шығарып тастау ақылға сыймайды. Бүгінгі қоғамда әйел мұғалімдер, әйел тәрбиешілердің көп екені белгілі. Мектепте, жоғары оқу орнында әйел мұғалімдердің тәрбиесін көріп өскен ер баланың болмысы болбыр, жаны нәзік. Шымыр, қайсар болып өспейді. Ер мұғалімнің орны қашанда бөлек. Ол ер баланың бойында жігітке тән мінездерді қалыптастырады. Ер ұстаздардың сөзі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы – барлығы қалыптастып келе жатқан бала үшін үлгі. Ал, егер баланың көз алдында ылғи да әйел тәрбиеші, әйел мұғалім, әйел оқытушы жүретін болса, еркектік мінездің қалыптасуы екіталай. Бұл – бір. Екінші мәселе, қоғам үшін де әкенің мән-мағынасы өзгеріп барады. Мұны айтып отырған себебім – бүгінде еркек атаулының әке, ақсақал, қария ретінде, тұлға ретінде, отағасы ретіндегі рөлінің әлсіреп кеткендігі. Бір есептен, бұған еркектердің өздері де кінәлі ме дейсің. Себебі еліміздегі экономикалық ахуал тұрақты болмай, жаппай қиындық болған кезеңдерде жүйкелері сыр берген кейбір ер-азаматтар ішімдікке салынып кетті. Жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның ар жағы үй ішіндегі кикілжіңге, ұрыс-керіске, дау-жанжалдың ушығуына апарып соқты. Мұның бәріне ерлер кінәлідей болды. Қайсар мінезді әйелдер қауымы отбасының қамын бір өзі көтеріп, нәзік иығымен қоғамдық, әлеуметтік қиындықтардың ауыр жүгін арқалауына тура келді. Сол кездегі көптеген шаңырақтардың туын жықпай ұстап қалған әйелдер екенін де мойындауымыз керек. Ол өтпелі кезең өтті. Қазіргі кезде отбасында әке – пір. Бұл бір жағынан әкеге құрмет болса, екінші жағынан, әкеге артылған жауапкершілік. Отбасында әкелер беделі қашанда жоғары болмақ. Енді не тіршілік жасасақ та ұлттық мүддені мақсат етуіміз керек. Себебі, Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан біздің еліміз қазірдің өзінде Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің, ірі діни конфессиялар мен әртүрлі саяси көзқарастар арасындағы бейбіт сұхбаттың алтын көпіріне айналып, жаһандану мен бүкіләлемдік рухани бірегейлену процесінің асау иіріміне тартыла бастады.
Елбасымыздың әйелдер өкілдерімен былтырғы кездесуінде «Анаға тағзым күні» мерекесімен қатар «Мерейлі отбасы» атағын белгілеу туралы ұсынысында елімізде әкеден ұлағат, шешеден қасиет дарыған отбасыларды көбейту ниеті жатыр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мектеп оқушылары мен студент жастардың бойында отаншылдық, рухани-имандылық қасиеттерді тәрбиелеу бағытында жоспарлы түрде жүргізіп отырған жұмысы туралы айту парыз. Ұлттық комиссия жұмысында отбасылық құндылықтарымызды жаңғыртуды көздейтін, соның ішінде әке беделін арттыруға бағытталған іс-шаралардың орны бөлек. Облыстық комиссиялардың қолдауымен 2010 жылдан бері отбасындағы әкенің орнын, бала тәрбиелеудегі әке рөлінің маңызын нығайту мақсатында елімізде әкелер слеті өткізіліп келеді. Облысымызда да «Үлгілі әке», «Өнегелі отбасы», «Әкелер сайысы» сияқты байқаулар өткізіліп, мақтаулы әкелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталуда және сый-құрметке бөленіп, түрлі марапаттарға ие болуда.
Өркениетке қадам басқан тұстағы басты бағыттардың бірі ұлттық тәлім тәрбие мен сапалы білім беру болып табылады. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету басты міндетіміз болып қала бермек. Соның барлығының күретамыры – ата-дәстүрлік тәрбиенің тектілік терең тамыры екенін ұмытпайық.
Лескүл Ибраимова,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.