Бас редакторлар клубы құрылып, ережесі бекітілді

Облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі Қоғамдық кеңес өзінің биылғы алғашқы отырысын өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, аталған кеңестің төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен өткен жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Ең әуелі облыс аумағында мемлекеттік ақпараттық саясаттың ахуалы, салада кездесетін проблемалар мен оларды жетілдіру төңірегінде сөз болып, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бастығы Рахия Тұрмағанбетова баяндама жасап, бірқатар мәселеге тоқталды. Бүгінде облыс бойынша 61 БАҚ тіркелсе, олардың қатарында 23 мемлекеттік басылым және бір телеарна бар. Республикалық және халықаралық ақпарат құралдарының 22 өкілі де облыс тыныс-тіршілігінен жалпақ жұртты хабардар етуде. Осындай ақпараттық хабарламадан соң басқарма басшысы мемлекеттік саясатты насихаттауда, ақпарат таратуда жергілікті БАҚ тарапынан кетіп жатқан кемшіліктерге тоқталды. Журналистердің қозғап отырған тақырыптарын толықтай зерттемей, атүсті жазуы, шақырылған жиынға дайындықсыз баруы, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындауда салғырттық таныту секілді кемшін тұстарды атап өтті Рахия Сейітбекқызы.
Келесі кезекте сөз алған облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Ғалым Қасабай ақпараттық саясатты жетілдірудің бірқатар тәсілдерін ұсынды және аталған басылымдағы бірқатар проблемаларды тілге тиек етті. Аумақтағы ақпарат құралдарының сапасын арттыру тікелей кадр мәселесімен байланысты екенін еске салған ол білікті мамандарды жұмысқа тартуға баса назар аударған жөн екенін айтты.
Ал, облыстық «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Игорь Неволин аудан әкімдіктерінің және басқармалардың веб-сайттары мен баспасөз хатшыларының жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді. Мәлімет нақты болу үшін күні кеше арнайы аудан әкімдерінің сайттарына кіріп көргенін, алайда, кейбір аудандар тіпті бұл заманауи құндылықтан құралақан қалғанын, ал, барлары оған аса назар аудармайтынын айтып қынжылды. Сондай-ақ, баспасөз хатшыларының барлығына дерлігі өз міндетін БАҚ-та басшысын мақтау мен мадақтатуға тиіс деп қана ұғатынын, журналист сұраған мағлұматты жедел бере алмайтындығын сынға алды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша облыста Бас редакторлар клубы құрылып, Ережесі бекітілді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің осы жылға арналған жұмыс жоспары да бекітілді. Жоспарға сай Бас редакторлар өздеріне тиесілі аудандармен және басқармалармен өзара байланыс орнатпақ.
Кеңес барысында облыс әкімі баспасөз орталығының жетекшісі Асқар Жалдинов облыс орталығы мен аудандардың веб-сайттарының басын қосып, бір орталықтан басқарылатын жүйе құрылып жатқанын айтты.
Отырысты қорытындылаған Кәрім Көкірекбаев айтылған кемшіліктерден қорытынды шығарып, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің БАҚ мәселесіне байланысты жасаған мәлімдемесінде көрсетілген сындарды түзеуді тапсырды. Аймақтық ақпарат құралдарының басшыларына сапалы жұмыс істеуді, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына кеңес құрамына басқарма басшылары мен ардагерлерді енгізуді, баспасөз хатшыларының оқуларын, семинар-тренингтер өткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
Маржан РАҚАЙ
[email protected]
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.