Шартарап
Елорданың жаңа көлік жүйесі
«Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» жобасына сәйкес, елорданың негізгі көлік жүйесі жеңілрельсті көлікке көшірілмек.
«Астанада жылдамдықты жеңілрельсті көлік жүйесін құру жобасын басқару жөніндегі консультант болып айқындалған KSPMC консорциумымен келісімге қол қойылды» деп хабарлады astana.kz сайты. Консультантты тарту мақсаты мұндай ауқымды да жоғары технологиялық жобаның барлық жүйесін тиімді жұмыстармен қамтамасыз ету болып табылады. Премьер-Министр Серік Ахметов өткізген мәжілісте бірінші кезекте желіні жаңа теміржол вокзалынан Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін тарту жөнінде шешім қабылданды.
Үміткерлер жаңаша іріктеледі
Назарбаев Зияткерлік мектебі 7-сынып оқушыларын іріктеу байқауының жаңа жүйесін енгізуде. Енді байқау екі күн ішінде өтеді. Бірінші күні оқушылар пәндік тест, екінші күні «Мөлшерлік сипаттамалар» және «Кеңістікте ойлау» тарауынан тұратын пәннің ерекшелік тестін тапсырады.
Тесттің саны да, мазмұны да өзгереді. Бұрынғы жүйеде әрбір пәнге 15 сұрақ бөлінген болса, жаңасында – математикадан 40, тілден 20 сұрақ, математикаға 60 минут, тілге 40 минут бөлінген. Сәйкестенген 139 сұраққа дәл 79 минут беріледі. Бұл уақыт тәжірибелік жолмен ғылыми түрде орнықтырылған. Сұрақтар да өзгермек. Оларда түрлі өмірлік жағдайлар, диаграммалар, кестелер, суреттер пайдаланылады. Сонымен қатар, грант беру ережесі мен ең төменгі талаптар да өзгереді. Қазіргі жүйеде грантқа қатысу үшін әр пән бойынша мүмкін ең үлкен балдан 30 және одан жоғары пайыз жинау қажет болса, жаңа жүйеде математикадан 35 және одан жоғары, ал, «Мөлшерлік сипаттамалар» тесті бойынша 40 және одан жоғары пайыз қажет.
Оңтайландырмайынша оңалмайды
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс Ұлттық палатасы еліміздегі пәтер иелері кооперативтерінің санын оңтайландыруды ұсынды. Бұл туралы Ұлттық палатаның басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова мәлімдеді.
«Тек бір Астананың өзінде 300-ден астам ПИК бар, олар 10-15 үйді басқарады. Жинайтын төлемдері толығымен дерлік ПИК штатының еңбекақысына кетеді және үйлерге сәйкесінше қызмет көрсетуге қаржы қалмай жатады. Егер оларды ірілендірсек, олардың күшін біріктіруге болады», деді С. Рахымбекова. Оның сөзіне қарағанда, коммуналдық қызметтер нарығында көп нәрсеге қол жеткізген аса тәжірибелі бірнеше компания өздерінің материалдық-техникалық базаларын біріктіру арқылы қаржылық жағдайын нығайтып, жаңа жабдықтар сатып алып, үйлерге барынша сапалы қызмет көрсете алады.
Әрі сиымды, әрі арзан
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар сұранысының артуына байланысты «Ақтөбе-Астана» бағытындағы №87/88 «Ақтөбе» жүрдек пойызының құрамына қосымша сегіз вагон қосты.
Жаңа вагондар жылжымалы құрамның техникалық ресурсын жаңарту және арттыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында сатып алынған. Қазіргі уақытта №87/88 «Ақтөбе» пойызы жұп күндері күнара қатынайды. Жазғы маусымда құрамды күнделікті қатынауға ауыстыру жоспарлануда. Атап өтер жайт, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Алматы-Астана» бағытындағы №1/2 «Тұлпар», «Алматы-Петропавл» бағытындағы 151/152 «Жетісу» жолаушылар пойыздарының «Гранд» және «Бизнес» санатты вагондарында, сондай-ақ, «Ақтөбе-Астана» бағытындағы №87/88 «Ақтөбе» пойызының «Турист» вагонында жолақы үшін 20 пайыздық жеңілдік енгізді.
Қазақ киносы – Қытайда
Қытайда 17-22 сәуір аралығында қазақстандық кино апталығы өтеді, деп хабарлады Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында.
«Екі елдің Мемлекет басшыларының өткен жылғы маусымдағы уағдаластығына сәйкес, 2013 жылдың қараша айына жоспарланған Қытайдағы Қазақстан мәдениеті күндеріне әзірлік жүргізілуде. Келесі жылы Қазақстанда ҚХР мәдениеті күндері өтеді», деді ол. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай халықаралық мәдениет ұйымдарының, атап айтқанда ЮНЕСКО-ның ауқымында өзара іс-қимылды белсенді жүргізуде. Айталық, қазіргі кезде қытай және қазақ тараптары бірлесіп, Ұлы Жібек жолын бүкіләлемдік мәдени мұра ескерткіші деп тануға өтінім беру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әлемдегі ең ұзын алаша
Оны Түрік қолөнершісі тоқыды. Хатай провинциясының тұрғыны, алаша тоқудың шебері Абдолла Акар Гиннестің рекордтар кітабына енуді алдына мақсат етіп қойыпты.
muslim.kz сайтының жазуынша, ол бұл алашаны бел жазбай 39 күн тоқыған екен. Алашаның ұзындығы – 35 метр, ені – 80 сантиметр, ал, қалыңдығы – 1 миллиметр. Ол бұл жұмысын аяқтап, көздеген мақсатына жеткені үшін өзі тұрып жатқан қалада кішігірім мереке ұйымдастырған. Оның қуанышын жергілікті билік өкілдері бөлісіп, қолдау білдіріпті.
Жағдай ушығып барады
Солтүстік Кореяның әскерилері орташа қашықтықтағы зымырандарды шығыс жағалауға көшіріп, орналастырды. Оны мамандар Мусудан кешені ретінде айқындап отыр.
Мусудан санатындағы ракеталар үш мың шақырымға дейінгі нысаналарды жоюға қауқарлы. Оның талқандау аймағына АҚШ, Қытай және Ресей әскерилері жайғасқан Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Гуам аралының аумағындағы барлық нысандар еніп отыр. Қазіргі уақытта аталмыш зымырандар іске қосылуға дайын екендігі немесе бұл күш көрсету мақсатында ғана жасалып отырған қадам екендігі белгісіз. КХДР әскери қолбасшылығы мемлекеттік телеарна арқылы ядролық қаруды қолдана отырып, АҚШ-қа қарсы әскери операция жоспарының бекітілгені туралы мәлімдеді.
Интернет материалдары бойынша дайындаған Ғалым СЕКСЕН.
No tags for this post.Добавить комментарий
Для отправки комментария вы должны авторизоваться.