Аудандар тіршілігі
Былтырғыдан артық әзірленуде

Қордай ауданындағы Дүйсен Онгелдиев басқаратын «НұрАл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 300 бас ірі қара малы алдағы қыста жемшөптен тарықпайтын болады.
Олардың тең жарымы тұрақты қолда ұстап бағылып, күніне бір тоннадан астам сүт беретін сауын сиырлары. Сауын малының азықтық рационын байытудың биылғы мүмкіндіктері барынша тиімді пайдаланылуда. Егер өткен жылы барлығы мың тонна пішендеме бастырылған болса, биыл 500 гектар жоңышқаның алғашқы орымынан ғана 1500 тоннасы әзірленді. Бұдан бөлек 500 тонна пішен маялау жоспарланған.
Қазір шаруашылықта жемшөп дайындаудың қызған шағы. Оған екі «Е-280» шөп шапқыш агрегат, екі шөп турағыш, бір шөп тайлағыш, тиегіш және тасымал техникалары жұмылдырылған. Механизаторлар Құрал Әлмаханов, Өзбекбай Оразбаев, Оқатай Қасымбеков, Вася Рахметов уақытпен санаспай, күндік тапсырмаларын артығымен орындап жүр.
Құрман Беков,
журналист.
Қордай ауданы.
Жарнамалаудың да жөні бар

Жол тосып тұрған адам көп, көлік жоқ. Бір сәтке ойға шомып кетсем керек, дәл құлағымның түбінен шыққан үнге селк ете қалдым. «Мына жерде жол апаты болған-ау деймін. Ескерткіш белгі қойылыпты», – деді бейтаныс жан жолдың тау жақ бетіндегі тас белгіні иегімен нұсқай көрсетіп. Даусы біртүрлі жарықшақтанып шықты. Үнінде таңырқаудан гөрі аяныш басым… «Көлік көп жүретін жерде қақтығыстар болмай тұрушы ма еді, бірақ, жолдың бойына мұндай белгіні неге қойды екен» деген оймен жолаушы нұсқаған жаққа қарадым. Расында, бейітке қойылатын құлпытас. Өз көзіме өзім сенбегендей, қайта көз тіктім. Жо-о-оқ, тас белгі емес соның, ескерткіш белгінің темір қаңылтырға бейнеленген сұлбасы екен. Тура жанында жарнамасы ілінген. Ол жерде құлпытастардың қай жерде жасалатыны көрсетіліпті.
Бұл жер – ары-бері жолаушылаған жүргіншілер көп жиналатын автобекет. «Туух» дедім жөнсіз жарнаманы көшеге іліп қойған белгісіз біреулерге іштей ызаланып. Бұрын қалай байқамағанмын? Байқасам да, назар аудармадым ба екен? Мұның жай жарнама екенін білмейтіндер осы тұстан өтіп бара жатып, еріксіз бет сипауы да мүмкін-ау. «Сырт көз – сыншы» деген. Жайшылықта, Құланда туып-өскен соң жерінің ерекшелігі мен жұртының жақсылығын айтып, мақтан етіп жүруші едім, бұл жолы бейтаныс жолаушының алдында ұялдым.
Ардақ Жаңбыршы,
журналист.
Т. Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы.
Уақытты ұтымды пайдалануда

Шу ауданында масақты дақылдарды жинау еңсеріліп келеді. Қазірге дейін 24486 гектар астықтың 16 мың гектардан астамы жиналды. Аудан бойынша орта есеппен әр гектардан 13,6 центнерден дән алынуда. Науқанға 85 комбаин қатыстырылуда. Егін оруда «Кербұлақ – 3» ЖШС диқандары алда келеді.
Суретте: «Кербұлақ – 3»
ЖШС директоры Төрехан Мұқатаев,
бригадир Тұрсынбай Тастандиев және механизатор Әшімбек Ердосов
астықты алқапта.
Суретті түсіріп, сөзін жазған
Петр НоркиН.
Шу ауданы.
Біліктіліктерін арттырды
Еліміздегі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін жанама сайлау арқылы жасақтау ел тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отырғандықтан, республикалық орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша аумақтық сайлау комиссиялары құрамының біліктілігін арттыру мақсатымен облыста аймақтық семинар-тренингтер өткізілуде. Сондай игі іс-шараның бірі апта аралығында Шу қаласында өтті. Оның жұмысына Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандары аумақтық сайлау комиссияларының жауапты мүшелері қатысты.
Бас қосуда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Н. Врублевская мен комиссия хатшысы Б. Күзембеков облыс бойынша әкім лауазымына үміткерлерді ұсыну қорытындылары, оларды тіркеу барысында қойылатын құқықтық талаптар, сайлау науқанын қаржыландыру тетіктері және оны өткізу процедурасы мен басқа да өзекті мәселелер хақында жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, семинар-тренингке қатысушылар тарапынан қойылған сұрақ-сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды. Соңынан алдағы уақытта өтетін сайлау үдерісі кезінде комиссия мүшелерінің біліктілік тұрғысынан табылуына мүмкіндік беретін оқу-тәжірибелік мәні бар шаралар ұйымдастырылды. «Семинар-тренингтің аудандық аумақтық сайлау комиссиясы құрамы жаңадан жасақталған біздің ауданда өтуінің біз үшін үлкен тағылымдық маңызы болды, – деді Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е. Аймамбетов. — Біраз тәжірибе жинақтауымызға мүмкіндік берді».
«Ақ жол»-ақпарат.
Сарысудың отыз озаты астананы аралап қайтты

Биыл — Сарысу ауданының құрылғанына 85 жыл. Осыған орай өңірде әралуан іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі — жас жеткіншектердің Астана қаласына саяхаты аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің ұйытқы болуымен, аудандық мәслихаттың депутаты Тоқтасын Блалиевтің демеушілік етуімен тұңғыш рет Жаңатас қаласы мен ауылдық округтердегі 26 мектептен 30 ең үздік 8-10-сынып оқушылары Елорданы аралап қайтты.
Ауданның үздік оқушыларын білім бөлімінің әдіскері Қойшыбек Оралбеков бастап барды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жеткіншектер Тұңғыш Президент мұражайын, «Отан қорғаушылар» алаңын, «Жер-Ана» ескерткішін, «Бәйтерек» кешенін, сырт келбеті өзгеше «Бейбітшілік және келісім» сарайын, «Думан» ойын-сауық орталығын, «Хан шатыр», «Мега» сынды Астананың көркіне көз тоймас талай ғажайыптарын аралап, түнгі қаланың көрінісін қызықтады.
— «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында болған кезімізде саяхатқа барған 9-сынып оқушысы Арайлым Ұласбекова «Тойға тілек» әнін айтып, Қазақстан ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан «Ғажайып сәт» телебайқауына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Балалардың қуанышында шек жоқ», — деп алған әсерлерімен бөлісті Қ. Оралбеков.
Камели Сүлейменова,
журналист.
Сарысу ауданы.
Шегіртке шеруіне тосқауыл бола ма?
Ауылшаруашылығы дақылдарының өсіп-жетілуіне кедергі келтіруі былай тұрсын, оларды түп-тамырымен жойып жіберетін зиянкестер қатарында шегірткенің алатын орны ерекше. Қайсыбір жылдары шегіртке сонау Астанаға дейін қаптап кетіп, егіншілік саласы айтарлықтай зардап шеккені естен кете қойған жоқ. Содан бері егіншіліктегі науқандық жұмыстар қарсаңында және науқан кезінде алқаптарды шегірткеге қарсы өңдеу бірінші кезектегі маңызды істердің қатарында. Біздің өңірде шегірткенің марокколық және итальяндық түрлері пайда болғалы біршама жылдардың жүзі.
Бұршақтан мал қырылып, егістік жайпалды

Шу ауданында орын алған төтенше жағдай туралы өткен нөмірде жазған болатынбыз. 16 маусым күні аудандағы Қорағаты, Дулат және Балуан шолақ ауылдық округтерінде бұршақ аралас жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 20-25 метрге дейін жетті. Көлемі жұмыртқамен шамалас келетін бұршақтың диаметрі 30-35 милиметрге жуықтайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті жұртшылық арасында жарақат алғандар және қираған нысандар тіркелмеген. Бірақ, жеке тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың шатырлары мен әйнектері, ауылшаруашылық егістік алқаптары бүлініп, өрістегі мал өлім-жітімге ұшырады. Келген шығын көлемі шамамен 15 мың айлық көрсеткішті құрап отыр.
Жамбыл өңірінің «жасыл энергиясы»

тағы бір су электр стансасымен толықты
Құрылысы өткен жылдың 12 шілдесінде қолға алынған Қарақыстақ су электр стансасының жобалық құны 1 миллиард 18 миллион теңгені құрайды. Бұл облыс әкімі Қанат Бозымбаев қолға алған энергияның баламалы көздеріне жатады. ГЭС-ті «Темірбанк» қаржыландырса, бас инвестор болып табылатын «ЭнергоСтройПроек» ЖШС барлық қондырғыларды Қытайдың Хунь Янь провинциясынан әкелді. Серіктестіктің бас менеджері Вячеслав Георгиевич Тюриннің айтуынша, барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының басы-қасында қытайлық мамандардың өздері жүрді.
Ұстаздарын ұлықтаған ғалым
Ол күні кеше мектеп партасында отырған бала еді. Ұстаз тәрбиесін көрді. Тәлімін алды. Бүгінде есімі елге белгілі ғалым. Бірақ, өзіне білім берген мұғалімдерін әсте есінен шығармапты. Туған ауылына атбасын бұрған филология ғылымдарының докторы, халықаралық Шыңғыс Айтматов Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы ұстаздарымен жүздесіп, оларға сый-сияпат жасады.
Бұқаралық спорттың буыны қатып келеді

Талай тума таланттың тұсауын кесіп, қияға қанат қақтырған шежірелі Сарысу өңірі сайыпқыран спорт саңлақтарымен де мақтана алады. Соңғы отыз жылдың ішінде бір ғана Жаңатас қаласынан бірнеше әлем, КСРО, Қазақстан Республикасының жеңімпаздары шықты. Олардың қатарында бокстан Серік Өмірбеков, самбо күресінен Евгения Богунова, шахматтан Динара Түйтебаева, дзюдо күресінен Пекин Олимпиадасының қатысушысы Гүлзат Оралбаева, грек-рим күресінен Марат Гарипов сияқты спортшылардың ел мақтанышына айналғанын айтсақ та жеткілікті. Осындай азаматтардың жеңісті жолдарын жалғастырып жатқан жастар қаншама.