Өмірге құштар өнерлі жандар
Мүгедекпін деп мойымайтын, өмірге құштар өнерлі адамдар көп ортамызда. Олар қай кезде де өзін-өзі танытып, қоғамның бір мүшесі екенін көрсеткісі келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты фестиваль мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік беретін шаралардың біріне айналды десек, артық айтқандық емес.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ететін шара биыл аудандық мәдениет үйінде өтті. Фестивальде бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталды. Солардың ішінде жарқын өнерлерімен көзге түскендері – «Ең тату отбасы» аталымының үміткерлері.
Фестиваль жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Өнер додасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілік көрсетіп, көмектескен азаматтар да болды. Соның бірі – ауданда құрылған үкіметтік емес ұйымның директоры Нұржан Рахимов. Жыл сайын 150 мың теңге көлемінде мүгедек және аз қамтылған отбасыларға бес тоннадан көмір түсіріп беріп, қол ұшын созатын Нұржан үміткерлерге қолдау көрсетуден тартынған жоқ.
Жәмила Ақберген.
Шу ауданы.
1 comment
«Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты тақырыпта күні кеше мүмкіндігі шектеулі жандардың концерті болып өтті. Ия, бұл жандар расында да өмір сүруге ынтық жандар. Сол концертті тамашалап отырып, әр түрлі ойға баттым. Құдіреті шексіз Аллам кез-келген адамның бойынан табыла бермейтін дарындарды осы жандарға дарытқан. Олардың мүмкіндіктері шектеулі болсада, мүмкін еместі мүмкін етіп, өзгелердің қолынан келе бермейтін өнерлерін көрсетті. Мен өнерлеріне өте тәнті болдым. Аллам оларға өнерлерін ары қарай дамытып, шыңдауларына күш-қайрат берсін дегім келеді!