Спорт әлемі

Спорт әлемі

Алғашқы турда Ақтөбе алға шықты

Түркияда үш рет оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жуырда ғана оралған «Тараз» командасы ел чемпионатының алғашқы турында-ақ жеңіліс тапты. Жалпы, букмекер кеңселеріндегі болжам бойынша бұл кездесуде «Ақтөбе» жеңіске жетуі тиіс-тін. Футболсүйер қауым негізінен бәс тігерде былтыр ақтөбеліктердің чемпион болғанын әрі биылғы маусымашар ойында кеншілерден Суперкубокті ұтып алғанын ескергені анық.
Ә дегенде, премьер-лигадағы азулы командаға тап келгендіктен «Таразға» бірінші матчта оңай соқпасын түсінсе де, жамбылдықтар соңғы сәтке дейін үміттерін үзбеген еді. Жаңа футболшылармен толыққан клубтың ойынынан бір жаңалық күткен-ді. Голландиялық бапкер чемпиондарға қарсы өзгеше тактикалық жүйе құрып, соған сай шәкірттерін психологиялық-техникалық тұрғыда дайындайды деп ойлаған болатын. Бірақ, жанкүйерлердің сенімі ақталмады. Таблодағы 0:2 көрсеткіші футболсүйер қауымның көңіл-күйін түсіріп жіберді.
Жаңа ойыншылар демекші, биыл «Тараз» сапында едәуір өзгерістер бар. Голландиялық маман бұрынғы клубты бұрынғы легионерлерден түгелдей дерлік тазартып, құрамды жаңартты. Сигурни Банджар, Рой Рок есімді қорғаушыларды Нидерландия мен Словениядан алдыртты. Олар енді қорғаныста ойнап, Александр Кучма, Илья Воротников, Сергей Скорых, Берік Айтбаевқа көмектеседі. Былтыр «Атырауда» ойнаған сербиялық Иован Голичті және тағы бір нидерландиялық Корнелис Уббинкті қатарға қосты. Сонымен орталық алаңда аталған қос легионермен бірге Данияр Баялиев, ағайынды Виталий, Дмитрий Евстигнеевтер, Эдуард Сергиенко, командаға қайта оралған Бауыржан Байтана, Олег Недошковский, «Востоктан» ауысқан Тимур Досмағанбетов өнер көрсетпек. Ал, шабуыл шебінде нигериялық Обиора Одита, Жамбыл футбол мектебінің түлегі Мұрат Тлешев пен Франциядан шақыртқан Ричард Баройлет ойнамақ. Сербиялық шабуылшы Мирослав Лечич пен қорғаушы Николай Нестеренко ауыр жарақат алуына байланысты осы маусымда алаңға шыға алмайтын болды.
Биылғы маусымда өнер көрсететін «Тараздың» жаңа құрамы осындай. Былтыр екінші айналымдағы жеңілістердің себебін бас бапкер Арно Пайперстің команданы өзі жасақтамағандығымен түсіндіргені есімізде. Міне, осы жолы өзіне қажетті футболшыларды іріктеуде оның қолын ешкім қақпады. Клуб сайтында жүргізілген сауалнамада көпшілік «Таразға» жақсы шабуылшы керек екенін көрсетсе де, ол шетелден қос-қостап қорғаушы мен жартылай қорғаушы шақыртты. Олары түгелдей дерлік бірінші матчта негізгі құрамда алаңға шықты. Тек құжат рәсімдеудегі кедергілерге байланысты шабуылшылар Ричард Баройлет пен Обиора Одита қатарға қосыла алмады. Ал, ойын нәтижесі белгілі.
Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Арно Пайперс үш ай бойы табиғи төсеніші бар алаңда жаттыққан футболшыларға жасанды алаңда ойнаудың қиын тигенін айтты. «Ұлан» стадионындағы төсеніш қатқылдау шығар, бірақ жеңіске жету үшін ақтөбеліктерге бұл кедергі болған жоқ. Ал, Владимир Никитенко өз шәкірттерінің гол соғар мүмкіндіктерін толық пайдалана алмағанын, «Ақтөбеге» «Тараз» осал қарсылас болмағанын жеткізді. Сірә, бапкер алғашқы голдың пенальтиден соғылғанын (авторы – Марат Хайруллин), екіншісі қақпа алдындағы қарбаласта автоголға айналғанын («авторы» – Сигурни Банджар) меңзесе керек.
«Ақтөбе» алғашқы турда алға шықты. Турнир кестесіндегі алғашқы орындарға ел чемпионатының бірінші кездесуінде жеңіске жетіп, үш ұпай олжалаған «Атырау», «Ертіс», «Тобыл», «Қайсар» орнықты. Алтыншы және жетінші сатыда – ұпай бөліскен «Астана» мен «Жетісу». Ал, «Тараз» одан төменірек жайғасты.

Ардақ Үсейінова
[email protected]

Көктемгі кросс

Наурыз мерекесіне арналды

Жалпы, Наурыз – саламатты өмір салтын насихаттайтын ұлық мереке. Оның ерекшелігі де осында. Ұлыстың ұлы күнін тойлау тек мерекелік салтанатпен, ән мен күйге бөленген концерттік шаралармен шектелмейді. Әз Наурыз қарсаңында аулалар абаттандырылып, тал-дарақтар отырғызылады. Жас жеткіншекті еңбекке баули отырып, белсенді өмір салтын ұстануға шақырады.
Ұлық мерекенің осындай өскелең ұрпаққа берер тағылымды мәнін ескере отырып, тараздықтар Наурызды спорттық шарамен бастауды ұйғарған секілді. Ұлыс күніне орай қала тұрғындары арасында «Наурыз – көктемнің спорттық бастамасы» атты жаппай жүгіріс ұйымдастырылды. Орталық «Достық» алаңынан басталған көктемгі кросс Тұңғыш Президент саябағына дейін жалғасты.
Жарысқа мыңнан астам тараздық қатысты. Жасөспірімдер арасында Сергей Борисенко мен Саида Сәрсенбаева, жастар ішінен (18-25 жас аралығындағылар) Нұрлан Қабылқұлов, Ақниет Бекболатова жеңімпаз атанды. 26 жастан жоғарылар жарысында №49 мектеп гимназияның мұғалімдері Бауыржан Анарқұлов пен Валерия Юрченко топтан озды. Ал, мүмкіндігі шектеулі спортшылар ішінде үздік шыққандары – Таир Қамбабаев, Ерлан Арғымбаев. Шара барысында үздіктермен қатар әр жүгірістің төрт жүлдегері анықталып, марапатталды.

Ардақ Жаңбыршы,
журналист.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>