Спортқа серпін берілмек. Облыс әкімі бұл тұрғыда ауқымды жоба жасауды тапсырды

Спортқа серпін берілмек. Облыс әкімі бұл тұрғыда ауқымды жоба жасауды тапсырды

йрықша сәулетімен көз тартатын «Тараз-Арена» спорт сарайы осы саладағы көптеген қажеттіліктерді өтеуде. Қазіргі таңда онда ұлттық құрама сапына іліккен жамбылдық атлеттер жаттығуда. Бұған дейін олар спорт залдардан тапшылық көріп келген еді. Енді, міне, сол олқылықтардың орны толып отыр. Десе де, Жамбыл жерінен шыққан саңлақтардың ізбасарларын даярлау ісінде шешімін күтіп тұрған мәселелер әлі де бар. Нақтырақ айтсақ, облыстағы бірнеше мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде спорт залдар жеткіліксіз.

Жастарға жағдай
жасау керек

Спорт мектептерінде қалыптасқан ахуалды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы барып көрді. Алдымен, Қойгелді көшесіндегі №1 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын мекеме жұмысының тыныс-тіршілігімен танысып, мән-жайға қанықты.
Бүгінде бұл мекемеде 667 адам тоғыз спорт түрі бойынша шұғылдануда. Мектеп директоры Сәлкен Жартыбаевтың айтуынша, мектептерде спорт түрлеріне қарай қайта құрамдап-жиынтықтау жүргізгенге дейін осы жердегі ескі ыңғайластырылған ғимараттарда қазақ күресімен және дзюдомен, бокспен айналысушылар жаттыққан. Қазір жас балуандар мен боксшыларды баулу міндеті №7 мектепке жүктелген. Дегенмен, ол жердегі проблема да спорт залдардың тапшылығына келіп тірелетіндіктен, спортшылар әлі де осы ескі залдарға келуге мәжбүр. Ал, акробатика, батутқа секіру, көркем гимнастика жаттығулары былтыр пайдалануға берілген жаңа залда өтетін көрінеді. «Мекеме аумағында бос жатқан жер телімдері бар, бірнеше спорт зал салуға болады. Мұнда негізінен Тараз қаласының орталығы және шығыс жақ аймағында қоныстанған отбасылардың балалары тартылған. Егер осы жерде шағын спорт қалашығы бой көтеретін болса, тұрғындар да бос уақыттарында залға келіп, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алар еді», – дейді ол.
Тура осындай проблема Жалайыр көшесіндегі облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы мен әл-Фараби көшесіндегі № 2 спорт мектебінде де бар екен. Жаттығу залдары тар, әрі ескі ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Бұл мекемелерді облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының жағдайымен салыстыруға да келмейді.
Төле би даңғылы бойында орналасқан интернатты шағын спорт қалашығы деуге де болады. Онда жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, білім алуына барлық жағдай жасалған. Тек былтыр пайдалануға берілген қос спорт залдың азды-кем кемшілігі болмаса. Мектеп-интернаттың жұмысымен танысу үшін арнайы келген облыс басшысына мекеме директоры Манарбек Ағайдаров осы мәселелерді алға тартты. Кәрім Нәсбекұлы мердігер компаниялардың кепілдік берген мерзімін пайдаланып, кем-кетікті жөндетіп алуды тапсырды.
«Жалпы, спорт мектептерінің жағдайы төмен. Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының жай-күйі мүлдем нашар. Жастардың спортпен шұғылдануына қажетті барлық жағдайды жасауымыз керек. Проблемалардың ортақ шешімін іздегеніміз жөн. № 1, №2 спорт мектептерінің орналасқан аймақтары бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Ол жерде қанша бала спортпен шұғылданады, болашақта қанша бүлдіршін спортқа бетбұруы мүмкін? Жағдайды мұқият зерттеп-зерделеп, бір ауқымды жоба жасау қажет. Жеке-жеке кішігірім спорт залдар тиімді ме, жоқ үлкен кешен салған пайдалы ма, соны ойластырайық», – деді Кәрім Көкірекбаев.
Облыс басшысы бұл күні «Тараз» футбол клубының жаттығу базасына да барып, футболшылармен кездесті. Түркияда үшінші оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келген команда қазір алдағы маусымашар ойынға қызу дайындық үстінде екен. Кәрім Нәсбекұлы бас жаттықтырушы Арно Пайперстен спортшылардың дайындығы, алға қойған мақсаттары туралы сұрады. Былтырғы маусымдағы көрсеткішке көңілі толмағанын жеткізіп, бапкерлер алқасымен ашық сөйлесті.

Қала тазалығы –
қатаң бақылауда

«Қала тазалығы үнемі бақылауда болуы тиіс». «Жасыл ел Тараз» ЖШС-ның жұмысымен танысқан облыс әкімі серіктестік басшысына осылай қатаң ескерту жасады.
«Жасыл ел Тараз» қыстай қалың жауған қарды уақтылы арши алмай, тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Енді, міне, қар еріп, күн жылынғалы бері аяқжолдардың бәрі шаңбасты болып жатыр. Көшелердің неліктен әлі жуылмай жатқанын мекеме директоры Ержан Жантелиев түнгі ауаның көрсеткіші әлі «минустан» аумағанын айтып түсіндіруде. Десе де, бұл көпшілік көңілінен шығар жауап болмай тұр.
Иә, серіктестіктің жұмысы қазір сын көтермейді. Көше тазалығына жауаптылардың жұмыс уақыты дұрыс белгіленбеген. Олар жүргіншілер қарасы көбейген кезде іске кірісіп, онсыз да аяқасты көтерілген шаң сыпырғыдан ұшқан тозаңға қосылып, қоюлана түседі. Ал, бұл жағдай тұрғындардың титығына тиюде. «Мұның бәрі жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмауының салдарынан. Ең алдымен, халыққа жағдай жасауымыз керек. Тұрғындар жұмысқа шыққанға дейін көше қоқыстан уақтылы тазаланып, асфальт жолдар жуылып қоюы тиіс. Ал, бізде керісінше, ел жұмысқа асығып бара жатқанда көше тазалаушылар жағаласып жатады. Мұндай жағдай қайталанбасын. Жұмысшыларды таңертеңнен жұмылдырып, демалатын уақыттарын белгілеп беру қажет», – деді Кәрім Көкірекбаев.
Жұмысты үйлестіруге қатысты сын айтушылар серіктестік жұмысшылары арасынан да табылды. Жүргізуші Серік Әбдиев айлық жалақының төмендігін, дөңгелектердің ескілігін, жұмысқа қажетті жабдықтардың уақтылы берілмейтінін тілге тиек етті. Облыс әкімі осымен байланысты Ержан Жантелиевке жұмысшылардың еңбегін бағалауда атқарған жұмыс ауқымы мен еңбегін, жауапкершілігін ескеру қажеттігін түсіндіріп, нақты тапсырмалар берді.

Ардақ Үсейінова
[email protected]

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>