Бұл – Жамбыл жерінде есту қабілеті төмен спортшылар арасында респуб-ликалық деңгейде өткізілген алғашқы ірі жарыс. Грек-рим және еркін күрестен республика біріншілігіне Астана, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының командалары қатысып, чемпиондық атақты сарапқа салды. Жамбыл облысы құрамасының сапында алты спортшы болды. Олар екі күрес түрі бойынша да сынға түсті. Доданың негізгі мақсаты – сурдлимпиалық ойындарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтау.
Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, Сурдлимпиалық федерацияның атқару-шы директоры, есту қабілеті төмен мүгедек-спортшылардың мемлекеттік жаттықтырушысы Максим Рожков, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі. Аталмыш басқарманың «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» директоры Саттар Бейсембаевтың айтуынша, ТИГУ басшылығы спортқа бет бұрған мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүреді екен.
Былтыр Тараз қаласында тұңғыш рет паралимпиалық ойын түрлері бойынша ІV республикалық спартакиада өткені белгілі. Екі доданың деңгейі әртүрлі болғанымен, мақсаты бір – мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолдау көрсету. Осындай жарыстарға жиі қатысып, тәжірибе жинақтағанның нәтижесі шығар, біздің жерлестеріміздің халықаралық додаларда қол жеткізген жетістіктері көп.
Суда жүзуден Зүлфия Габидуллина әлемдік ареналардан үлкен олжамен оралып жүр, ал балуан Ғабит Есжанов былтыр дүниежүзілік сурдлимпиалық ойындардан алтын медаль жеңіп алғаны белгілі. Спортшыларымыздың осы табыстары Жамбыл жерінде ірі жарыстарды өткізу мәртебесін алуға мүмкіндік беруде. «Ғабит былтыр Болгарияда алтын медаль жеңіп алды, ішкі біріншіліктерде де топ жарып жүр. Балуанымыздың осы көрсеткішіне қарай Қазақстан сурдлимпиалық федерациясы биылғы чемпионатты Жамбыл жерінде өткізуге ұсыныс білдірген болатын. Жарысқа жамбылдықтарды Ғабиттің өзі бастап шығады. Алты спортшымыздан да үлкен үміт күтеміз», – дейді Саттар Бейсембаев.
Бапкерлердің үміті ақталды. Облыс құрамасы жарыс қорытындысында бес алтын, бір күміс, бір қола медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Команда капитаны Ғабит Есжанов 65 килограмм салмақ дәрежесінде екі күрес түрі бойын-ша да қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Қос алтынға қолы жеткен жерлесіміздің бірі – Нұрсұлтан Дүйсенбиев. Ал, Бағдат Сәбитов еркін күресте ешкімге есе жібермесе де, классикалық күресте ақтық белдесуде қарсыласына тізе бүкті. Еркін Қалзабековке бұйырғаны – қос қола.
Ардақ Үсейінова
[email protected]