Қымбат қола! Денис Тенге тиесілісі жоғары жүлде еді

Қымбат қола! Денис Тенге тиесілісі жоғары жүлде еді

Мамандар Сочи аламанының алдында «алты медаль аламыз» дегеннен кейін Қысқы Олимпиада ойындарында Канада, Норвегия, Австрия сынды мемлекеттердің саңлақтарынан жүлде артылмайтынын білсек те, күн сайын құлағымызды түріп, елеңдеп жүрдік. Күтетініміз – сенсация. Жаңалық болғанда да, қазақ құрамасының қоржынына түскен алғашқы медальдің қандай екенін естігіміз келеді. Бірақ, біз ойлағандай болмай шықты. Тіпті, шетел сарапшылары алтын алады деп сенген шаңғышы Алексей Полтаранин де жүлдесіз қалды.

Алексей алтынсыз қалды

Шынын айту керек, барша жанкүйкер 15 километрге классикалық әдіспен жүгіруде Полтораниннен үлкен олжа күткен болатын. Үміт ақталмады. Көңіл-күйі, денсаулық жағдайы болмады ма, «ә» дегенде жарысты төменгі жылдамдықпен бастаған шаңғышымыз одан кейін де суырылып алға шыға алмады. Бұл бәсекеде алтын медальды швейцариялық Дарья Колоня иеленді. Оның көрсеткіші – 38:29,30 минут, Алексейдікі – 39:43,2 минут. Былай қарасаңыз, бар-жоғы бір минуттан астам уақыт. Бірақ, соның өзі қазақ спортшысын медальдан қақты. Күміс пен қола медаль алған швециялық Юхан Ульссон мен Даниэль Ричардссонның көрсеткен жылдамдықтары – 38:52,2 және 39:08,5.
Осы қашықтықтағы жарыста отандасымыз Николай Чебатько 33-ші, Евгений Величко 34-ші орын алса, ту ұстаушы Ердос Ахмадиев мәреге 54-ші болып жетті. Полторанинде енді бір ғана мүмкіндік қалды, ол алдағы күндері командалық спринт пен 50 шақырымдық марафонға қатысады.

Денис Тен – Олимпиада жүлдегері!

Қазақ жақсы көретін баласын еркелеткенде «тентегім» дейді. Мәнерлеп сырғанау бағдарламасы басталатын күні әлеуметтік желілердегі болжамдарды оқып отырғанмын, қазақ жанкүйерінің жазған пікірі еріксіз езу тартқызды. Спорт жанашыры ендігі үміт Денис Тенде қалғанын айқын түсінсе керек, «ТЕНтегім бір жүлде алып берші қазағыңа» депті.
Кешкі бағдарламада тікелей эфирден мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарлама бойынша көрсетілімдер басталғанда да әлгі жанкүйердің сөзі санамда жаңғырып тұрды. Денис бұл додада біз күткендей нәтиже көрсете алмады. Бұған оның ішкі толқынысы әсер етті, сірә. Ол төрт айналым тулупты орындауда техникалық қателік жіберіп алды. Сөйтіп, Тен алғашқы күнді тоғызыншы орында қорытындылаған болатын.
2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерінің бұл көрсеткіші көпшіліктің көңілінде күдік туғызғаны рас. Енді Тен жүлде ала алмайды деп кесіп айтқандар да болды. Ал, біз үмітін үзбегендердің қатарында екінші күні де кешкі сағат 21:00-ден бастап теледидарға телмірдік.
Ішкі түйсігіміз бойынша, Тен өзіне тиесілісін алатынына сендік. Өйткені, қысқа бағдарлама бойынша көш бастаған жапондық спортшы Ханюдің тәжірибесі Теннен аса жоғары емес. Жас жағынан да екеуі шамалас. Канадалықтың жайы белгілі. Әлем чемпионатында Чан туралы ресейлік спортшы, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған Евгений Плющенконың айтқан пікірі есімізде. Ол «дода Канадада өткендіктен жарыс қожайынына алтын берілді, бірақ, Денис бас жүлдеге лайық өнер көрсетті» деген болатын.
Плющенко мықты спортшы екені белгілі. «Тұлпардың тегін тұлпар таниды» демекші, өзін әлемге мойындатып үлгерген саңлақтың Денисті бағалағанын жақсылыққа жорыдық. Алғашқы жарыс қорытындысы бойынша қоладан үміттілер қатарында испандық Хавьер Эрнандес пен тағы бір жапондық Тацуки Матида тұрса да, Теннің негізгі қарсыластары Чан мен Ханю болады деп болжағанбыз.
Үмітіміз алдамапты, мұз айдынына Теннен кейін шыққан Хавьер мен Тацуки сәтсіз өнер көрсетіп, қазақ спортшысынан аса алмады. Басты фавориттер Ханю мен Чан негізгі бағдарламада екі техникалық қателік жіберсе де төрешілер оларға жоғары ұпай берді. Ханю қысқа бағдарламаны өте шебер орындаған болатын. Чан туралы олай нақты айта алмаймыз. Бәлкім, оның көрсеткішіне әлем чемпионы деген беделі ықпал еткен шығар. Қалай десек те, канадалық спортшы осы жолы тағы да Теннің алдын орады. Күміске лайықты еді, қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл – біз үшін қымбат қола! Теннің арқасында қазақ құрамасы жалпыкомандалық есепте 26-орынға көтерілді.

Қазақ қызы – үздік алтылықта!

Қысы жылы оңтүстік өңірдің спортшысы Қысқы Олимпиадада мұндай нәтиже көрсетеді деп кім ойлаған! Фристайлдың акробатика түрінен өнер көрсеткен шымкенттік Жанбота Алдабергенова үздік алтылыққа енді. Сочи аламанында могулдан Юлия Галышева ғана алтыншы орынға тұрақтағаны белгілі. Тіпті, жүлде алады деп күткен Елена Хрусталева да мұндай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.

Ардақ Үсейінова
[email protected]

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>