Укекіре – аса қауіпті арамшөп

Биылдан бастап карантиндік арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына
республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінбейтін болып отыр

Облыстық аумақтық инспекция тарапынан облыс аумағында таралған карантиндік нысандарға  қарсы ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Жыл сайын  карантиндік зиянкестер мен арамшөптерге қарсы химиялық жою жұмыстарына Үкімет тарапынан орасан зор қаржы бөлініп,  шаруашылықтарға  тегін көмек көрсетілуде. Атап айтсақ, жыл сайын осы жұмыстарға        95-100 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалуда.

Облыс бойынша карантиндік нысандардың 6 түрі тіркелген. Олардың үшеуі карантиндік арамшөптер, үшеуі карантиндік зиянкестер. Соның ішінде ең көп таралғаны карантиндік арамшөп – жатаған укекіре.

Жатаған укекіре – ауыл-шаруашылық егістіктері, бақтар мен жайылымдарда, шабындықтарда өсетін арамшөп. Сонымен қатар, автомобиль, темір жолдардың және суару жүйелерінің бойында көптеп кездеседі. Укекіренің тамыры өте күшті дамыған, тік өсетін басты тамырдан және одан жан-жаққа тарайтын көлденең тамырлардан тұрады. Басты тамыры 10 метр тереңдікке дейін барады. Укекіре ұрықпен де тамырсабақтарымен (вегетациялы түрде) көбейеді. Топырақ астында тұқымының өнгіштігі 3-4 жылға дейін сақталады.
Онымен қатты залалданған егістіктің 50-70 пайызға дейін өнімділігі төмендейді. Сонымен қатар, улы болғандықтан оны мал азығына пайдалануға да болмайды. Гүлдеген кезде, тозаңы адамның аллергиялық ауруын қоздыратындығын да атап айту керек. Бидай осы арамшөптің ұрығынан тазаланбай пайдаланған жағдайда оның ұнында ашты дәм пайда болады, нан пісіруге жарамайды. Сондықтан бұл арамшөп аса қауіпті карантиндік арамшөптер тізбесіне енгізілген және республикалық бюджет есебінен қаржы бөліну арқылы жою жұмыстары жүргізіледі.
Республикалық фитосанитариялық диагностика және әдістемелік-болжамдау орталығы Жамбыл облыстық филиалы мамандары 2013 жылы осы аталған арамшөпке қарсы 324 585 гектар алқапта тексеру жұмыстарын жүргізді. Соның 135 117 гектары залалданғаны анықталып отыр. Сондықтан бұл арамшөпті жою облыс көлемінде өте үлкен проблемалық мәселе болып отыр.
Жыл сайын облыс аумағындағы таралған карантиндік нысандарға қарсы, жоғарыда айтылған республикалық бюджет есебінен біздің облысқа да орасан зор қаржы бөліну арқылы, барлық химиялық өңдеу жұмыстары улы химикаттармен қоса, шаруашылықтарға көмек ретінде бастан аяқ тегін атқарылып келді. Атап айтсақ, облыс көлеміндегі барлық карантиндік нысандарға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 2012 жылы 95 880 695 теңге бөлініп игерілсе, жоспардағы 22415 гектар жатаған укекіреге қарсы жою жұмыстарына 87 980 052 теңге, яғни барлық қаржының 91 пайызы, 2013 жылы 113 448 986,7 теңге бөлініп игерілсе, тиісінше жоспарланған 33214,9 гектар жатаған укекіреге қарсы жою жұмыстарына 106 198 176,5 теңге, яғни, барлық қаржының 94 пайызы жұмсалып отыр. Жыл сайын осыншама қаржы бөлініп, химиялық жою жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, укекіремен залалданған аумақ азаяр емес. Бұның басты себебі, облыс аумағындағы көптеген шаруашылықтар химиялық өңдеуге жатады деп жоспарланған арамшөппен залалданған жерлерге көктемде химиялық өңдеу жұмыстарын атқарған соң, сол жылы күзде қайта күздік бидай егеді. Аталған арамшөпке қарсы жою жұмыстарын, арнайы парға қалдырылған алқапта гербицид қолдану арқылы, агротехникалық іс-шаралармен ұштастыра отырып жүйелі түрде кемінде 3 жыл қатарынан жүргізбесе, оны бір жылда жоя салу мүмкін емес. Арамшөппен залалданған алқапқа егілген бидайды немесе арпаны жинап алған соң көптеген шаруашылықтар тұқымды тазартылмаған күйі сеуіп, жатаған укекіренің одан әрі көбеюіне жол беруде. Мұндай әрекет, еліміздің бидай өнімдерін экспортқа шығару кезінде бәсекелестік қабілетін төмендетеді және азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Себебі, жатаған укекіренің ұрығымен залалданған өнімді облыс аумағынан басқа облыстарға және шетелдерге шығаруға рұқсат жоқ. Сонымен қатар, жоғарыда аталған арамшөпке қарсы күресте орын алып отырған басты кемшіліктер – агротехникалық талаптардың сақталмауы, ауыспалы егіс жүйесінің жоқтығы. Соның салдарынан укекіреге қарсы жүйелі жою жұмыстары жүргізілмейді. Соңғы деректерге сүйенсек, 2013 жылы облыс көлемінде 79,5 мың гектар егістік жер игерілмей қалған, оның 21 мың гектар суармалы жер болып отыр. Ал, игерілмей бос жатқан жерлерде аса қауіпті зиянды организмдер мен арамшөптердің, оның ішінде карантиндік арамшөптердің көбейетіндігі белгілі.
Облыс аумағындағы укекіремен залалданған аумақтың азаймай отырғандығы жоғарыда аталып өткен себептерге тікелей байланысты болып отыр және жыл сайын мемлекет есебінен жұмсалып жатқан қаржының босқа ысырап болуына әкеліп соғуда.
Биылдан бастап карантиндік арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінбейтін болып отыр. Бұл жұмыстарды, аудандық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамасы арқылы шаруашылықтар өз есебінен жүргізетін болады. Кейін, осы іс-шараларға жұмсалған гербицидтің құны субсидия ретінде қайтарылады. Бұл жерде, қолданылған гербицид отандық өнім болса 100 пайызы, ал, шетелдік өнім болса, 50 пайызы қайтарылатындығын ескерген жөн.
Өздеріңізге белгілі, Елбасы жыл сайынғы ел халқына дәстүрлі Жолдауында Қазақстан аграрлы елдердің қатарына жататындығын, сондықтан агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңыздылығын атап: «Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауылшаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» – деп ерекше атап айтты.
Осыған байланысты, аталған арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын агротехникалық іс-шаралармен ұштастыра отырып жою жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу ұсақ шаруашылықтарға қаржы жағынан немесе техника жағынан өте қиынға соғып отырғандығы белгілі. Оның үстіне ұсақ шаруашылықтарда ауыспалы егіс жүйесі де жоқ екендігі де екібастан белгілі. Сондықтан, ірілендіру жұмыстары тезірек қолға алынып, іске асырылса, жоғарыда Елбасы Жолдауында айтылып өткен, ауылшаруашылығын инновациялық бағытқа түсіру және агротехникалық іс-шараларды да талапқа сай жүргізу жұмыстары оңтайынан шешілер еді.
Облыс аумағындағы барлық егістік жерлерге, 2003 жылы аудан әкімдері тарапынан укекіреге байланысты карантиндік аймақ жарияланған болатын. Одан бері ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, карантиндік аймақ облыс әкімінің шешімімен жарияланатын болғандықтан, осы Заңның 9-1-бабы, 3) тармағына сәйкес карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақ белгілеуге біздің инспекция тарапынан облыс әкіміне ұсыныс беріліп отырғандығын айту керек. Сонымен қатар, айналымдағы егістік жерлерді тиімді пайдаланбай, карантиндік арамшөптерге қарсы жою жұмыстарын жүргізбей, жерді пайдалануға жарамсыз еткені үшін сол жерлерді мемлекет иелігіне қайтарып алу шараларын іске асыруға бағытталған заң тетігі ретінде қабылданса деген ұсынысымыз бар.

Серіжан Бексұлтанов,
облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі Бас мемлекеттік инспектор.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>