Жері байдың елі бай

Жері байдың елі бай

Бүгінде аймақта болжанған 140 миллиард АҚШ долларына бағаланған кен қоры бар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында «Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуы тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн», деп ерекше атап көрсетті. Елбасы сондай-ақ, елімізде минералдық-шикізат базасын одан әрі дамыту мақсатында жаңа кен орындарын ашу және геологиялық барлау жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде облысымызда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Облысымызда құзіретті органмен мердігерлер арасында 162 келісімшарт жасалып, 127 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 154 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары және 8 келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде.

Облысымыздың аумағы пайдалы қазба байлықтарға аса бай. Бүгінде аймақта болжанған 140 миллиард АҚШ долларына бағаланған кен қоры бар. Еліміздегі фосфор қорының дені облысымыздың аумағында орналасқан. Сондай-ақ, алтын, күміс, мыс, темір, уран және бариттің орасан зор қоры барланған. Құм, әктас, жалпақтас, шағал, гранит, мәрмәр және гипс сияқты пайдалы қазба байлықтар облыс, елімізбен қатар шет мемлекеттерде де үлкен сұранысқа ие. Кейінгі кезде жер қойнауын игеруге ниет білдіруші, әлеуетті мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Олар құзырлы орган өткізетін жер қойнауын пайдалану конкурстарына қатысып, ұтып алғандар келісімшартқа ие болуда. Сөйтіп олар жер қойнауын игеруге белсене кірісуде.

Жамбыл аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына және жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да нормативтік актілерге сәйкес келісімшарт алушылардың ондағы талаптарды орындау барысын бақылау және қадағалаумен шұғылданады. Барлау жұмысын үздіксіз жүргізу нәтижесінде облыс аумағында пайдалы қазбалардың мол қоры табылуда. Кейінгі кезде алтын, фосфор, мыс, молибден, әктас, мәрмәр және гранит көптеп өндіріліп, олар өндірушілерге айтарлықтай табыс әкелуде.
Келісімшарт алушыларға қойылатын талап қатал. Олар әуелі өздеріне берілген жерде 3 жыл ішінде барлау жүргізуі тиіс. Содан кейін ғана оларға осында 25 жыл кен өндіруге рұқсат беріледі. Жер қойнауын игеруші әуелі өндіру жобасын жасау керек. Екіншіден, жер қойнауын пайдалануға құзіретті органмен келісімшарт жасауы тиіс. Үшіншіден, жер мәселесін заңдастыру қажет. Сондай-ақ, келісімшартта оның кен көзін игеру үшін құятын қаржы көлемі, жергілікті бюджетке аударатын салықты төлеу мөлшері тіпті, сатып алатын техникасы мен өндіретін өнімінің көлеміне дейін айқын көрсетілуі тиіс. Өкінішке қарай, қазба байлық өндіруді оңай олжа көретіндер, қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлайтындар да бар. Олардың арасында белгіленген талапты орындамаушылар да кездеседі. Біздің инспекция қызметкерлері мұндайларға әуелі ескерту жасап, айыппұл салады. Одан тиісті нәтиже шығармаса, құзырлы органға жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын кері қайтарып алу туралы ұсыныс түсіреді.
Өткен жылы гранит, құм-шағал, сазтопырақ өндіруге міндеттеме алған, оларды орындамаған «MINE» ЖШС, «Stoun Line» ЖШС, «Шамалған-И» ЖШС, «FERRUM» ЖШС, «Компания СБ-Жолдары» ЖШС, «Береке» шаруа қожалығы, «КСС «Engineering & Contruction Co., Ltd» және «Меркі Құрылыс» ЖШС-ның келісімшарттары қайтарып алынды.
Бүгінде облысымыздың аумағында жаңа кен орындарын игеру мақсатында 8 жерде геологиялық барлау жүргізілуде. «Южспецгеология» ЖШС Мойынқұм ауданында алтынға, «Көрпесай» ЖШС алтын, күміске, «Тенир Логистик» ЖШС титан-магнитке, «Мирошниченко М. А» жеке кәсіпорны гранитке, Талас ауданында «АСТ минерал гроуп» ЖШС әктасқа, Қордай ауданында «Қопалы» ЖШС алтын, күміс және мысқа, Жамбыл ауданында «Ланос – 2001» ЖШС құм-шағал қоспасына және Жамбыл, Жуалы аудандарында «Бақыт» жеке кәсіпорны құрылыс тасына геологиялық барлау жүргізуде.
Сондай-ақ, аймақта «Арасан» ЖШС-мен «Геотерм» өндірістік компаниясы» ЖШС тұщы су қорына барлау жасауда. «Арасан» ЖШС-ның Жуалы ауданында Тоғызтарау, Көлтоған, Күреңбел, Шақпақата, Байзақ ауданында Құмжота, Байзақ, Еңбек, Жамбыл ауданында Жалпақтөбе, Пригородный, Айша бибі, Сарысу ауданындағы Игілік және Талас ауданындағы Майтөбе ауылында бұл іске кірісіп кеткеніне біраз уақыт болды. «Геотерм» өндірістік компаниясы ЖШС Шу ауданындағы Далақайнар, Қонаев, Қордай ауданындағы Ауқатты, Сөртөбе, Бетқайнар, Меркі ауданындағы Сарымолдаев, Кеңес, Т.Рысқұлов ауданындағы Қорағаты, Ақыртөбе, Жаңатұрмыс, Мойынқұм ауданындағы Сарыөзек, Қарабөгет ауылдарында іздестіру, барлау жұмысымен айналысуда.
Біздің мекеме қызметкерлерінің ұсынысымен құзырлы орган, яғни, облыс әкімдігінің қаулысы-мен осыған дейін жүздеген келісімшарт оның иелерінен қайтарылып алынды. 2013 жылы 56 тексеру жүргізілді, оның 33-і жоспарлы, 23-і жоспардан тыс. Тексеру кезінде 54 тармақ бойынша заң талаптарын бұзушылық анықталып, лауазымды және заңды тұлғаларға 81 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, 8066, 460 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол қаржының дені мемлекет қазынасына құйылды.
Биыл бірінші жартыжылдықта мекемеде 18 тексеру жоспарланған болатын. Қазірге дейін 5 ірі кәсіпорында тексеру жүргізілді. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауына байланысты 8 нысанды тексеруді жыл аяғына дейін тоқтаттық. Қазір қызметкерлеріміз негізінен барлау жұмыстарын қадағалап, мониторинг жасаумен шұғылдануда.
Барлық жерде де іс тетігін мамандар шешеді. Кен көздерін барлау және өндіруге білімді де білікті мамандар тартылуы тиіс. Бұл салада 2000 жылдары маман тапшылығы өткір сезілген болатын. Кейінгі кезде бұл проблема еңсерілді. Қазір бізге Алматыдағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін, Қарағанды, Семей және Тараздағы арнайы оқу орнын бітірген мамандар жұмысқа орналасуда. Олардың арасында мамандығын қысқа мерзімде игеріп, ерекше көзге түсіп жүргендер де аз емес. Солардың қатарында Жаңатастағы «ЕуроХим Тыңайтқыш» компаниясының геологы, бас инженері Болат Каримов, бас геолог Қалдыбек Қойшыбаев, «Дәке барлау» ЖШС геологы Қаныш Айдынбеков, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізін салып жатқан мердігерлік компаниядағы маркшейдер Жанат Қалтаева, «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» кен өңдеу комбинатында бас геолог болып істейтін Қайрат Құрманов және осы кәсіпорындағы бас маркшейдер Шолпан Сыздықованың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Білікті мамандар облысымыздағы барлау және өндіру үдерістеріне сүбелі үлестерін қосып келеді.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, аймақтағы осы саладағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Істеріне табыс, отбасыларына амандық пен игілік тілеймін.

Асқар Құндызбаев,
Жамбыл аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>