Тірлігі тындырымдыға тапсырыс көп

Құрылысты ережелер мен нормативке және кестеге сәйкес сапалы жүргізетін мердігерге тапсырыс көп түседі. Тараздағы Тимур Манашов жетекшілік ететін «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС мұны іс жүзінде дәлелдеп келеді. Серіктестік соңғы жылдары Тараздағы «Бәйтерек» мөлтек ауданында 200 төсектік көпсалалы балалар ауруханасын белгіленген мерзімде, шаһардағы «Жүрек» кардиохирургиялық ауруханасын 11 айда салып, пайдалануға берді. Бүгінде «Бәйтеректе» 600 орындық көпсалалы колледждің құрылысын жүргізуде. Оны үстіміздегі жылдың соңына қарай ел игілігіне беруді көздеуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсында компания өткен жылы Тараз қаласындағы Сабалақов және Крупская көшелерінің қиылысындағы облыстық 200 төсектік перинатальдық орталықтың құрылысын жүргізуді ұтып алған болатын. Мердігер іске 2013 жылдың қараша айында кірісті.

Білікті мамандар шоғырланған, қуатты техникасы бар мердігер өткен жылы бөлінген 693 миллион теңгені жаңа жылға дейін толық игерді. Нысанның жобалық-сметалық құны – 6 миллиард 953 миллион 373 мың теңге. Құрылыс республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырылуда. Оның жобалық-сметалық құжатын Орталық Азия жобалау-құрылыс компаниясы жасаған. Оларға биыл ақпан айында 550 миллион теңге бөлінген. Бұл істе тәжірибесі мол кәсіпорын уақытты ұтымды пайдаланып, кестеден оза жұмыс істеуде.
– Перинатальдық орталықта 14 ғимарат салынады. Оның үшеуі төрт қабатты, қалғандары үш қабатты болады. Бұған қоса қазандық, кір жуатын ғимараттар мен гараж салынады. Қажетті материалдарды уақтылы жеткізу және жұмыс ырғағын бәсеңдетпеу нәтижесінде қазірге дейін бір миллиардтан астам теңгенің құрылыс-құрастыру жұмыстары игерілді. Нысан 2015 жылдың қазан айында іске қосылуы тиіс. Егер қаржыландыру кешіктірілмесе, оны белгіленген мерзімнен бұрын пайдалануға беруге әлеуетіміз толық жетеді, – дейді «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС директорының орынбасары Ғазизбек Бекбердиев.
Компания қашанда қазақстандық үлеске ерекше көңіл бөледі. Олар қажетті материалды облыс және еліміз аумағынан алады. Қазір тауарлы бетон Тараздағы «Ғимарат-Тараз» ЖШС-нан, ал, кірпіш осы шаһардағы «Кирпичник» ЖШС-нан жеткізілуде. Осында құрылыс басталғалы бері жұмыс істеп жүрген 305 құрылысшы 16 бригадаға бөлінген. Олардың бірі бетон құйса, келесілері қалып орнатады, үшіншілері дәнекерлеу жұмысымен шұғылданады. Олардың өз істерінде тәжірибелері мол. Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, телім басшысы Бейбіт Есдәулетов, прораб Қайырбай Күлімбетов, бригадирлер Махмуд Ерназаров, Талғат Байбосынов және Медет Ерназаров әріптестерін ұдайы өнімді еңбекке жұмылдырып жүреді.
Нысан басына 17 бірлік техника тартылған. Олардың алтауы – кран. Ауыр қол жұмыстарының дені крандармен атқарылуда. Құрылысшыларға жалақы еңбекке қатысу коэффициентіне қарай төленеді. Орташа жалақы – 100 мың теңгені құрайды. Ғимараттардың ережелер мен нормативке сәйкес жүргізілуі басты назарда. Техникалық қадағалаушы «Жамбыл лидер строй» ЖШС директоры Бақыт Ералханов пен басқа да мамандары тұрақты құрылыс басынан табылады. Құрылыс сапасын телім басшысы, прораб және шеберлер де қатаң қадағалайды. Соның нәтижесінде өрескел кемшіліктерге жол берілген емес.
Осында 100 орындық асхана бар. Құрылысшылар түс мезгілінде кезектесіп, арзандатылған ыстық тамақ ішеді. Оларға арнайы жұмыс киімі беріледі. Жұмысқа облыс тұрғындары, оның ішінде Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарының азаматтары тартылған. Дегенмен, Ғазизбек Бекбердиев әңгіме арасында құрылысқа жастардың өте аз келетіні, олардың қиындыққа шыдай алмай кетіп қалатыны туралы алаңдаушылық білдірді. Қазір компанияда жұмыс істеп жүргендердің көпшілігі зейнет жасына жақындап қалған. Соған қарамастан, кәсіпорын маман тапшылығын жаңадан келген жастарды тәжірибелі де білікті құрылысшыларға бекітіп беру, үйрету арқылы шешіп келеді.

Ақылжан Мамыт
[email protected]

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>