Мемлекет қолдауымен ілгерілеген істер

Мемлекет қолдауымен ілгерілеген істер

Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы облыс орталығынан шалғайда жатқан Сарысу ауданының жұртшылығын қуантып, мерейін өсірді. Елбасының «…Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше Қазақ Елінің Ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» деген сөзі тағдырдың талайын көрген сарысулықтардың жігерін жаныды. Өңірге жасаған сапарымызда ауыл-аймақтарда да, аудан орталығында да жүздері нұрланған, қуаныштан шаттанған жұртты көрдік. Кіммен пікірлессек те әңгіме ағыны Жолдауға келіп тоқайласып жатты. Жаңарып жатқан Жаңатастағы қайнаған еңбек, ажары артып, базары таси бастаған ауылдардағы қолға алынып жатқан ұлан-ғайыр шаруа, осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында ел экономикасының көтерілуімен мүмкін болып жатқанын аудан тұрғындары жете сезінуде. Аудан әкімі Қанатбек МӘДІБЕКПЕН болған әңгімеміздің де арқауы өңірдегі атқарылып жатқан осындай тірлікке арналды.

– Қанатбек Қайшыбекұлы, ауданды аралай жүріп, Жолдаудан қанаттанған жұртты көрдік. Қай ауыл, қандайда бір шаруашылық құрылымдарында, Жаңатастағы өндіріс орындарында болмайық, елдің аузында Елбасы Жолдауы.
– Иә, жағдай жақсарып жатыр. Оның шарапаты біздің ауданда да сезіліп жатқанын өзіңіз де аңғарған екенсіз. Президент Жолдауында Мәңгілік Ел идеясын мұрат тұтқан Қазақстанның алдағы жылдардағы жаңа міндеттері айқындалды. Еліміздің ұзақ мерзімді даму жоспарын іске асыруға арналған инновациялық идеялар жария етілді. Үкімет пен мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
«Басты мақсат-еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. «Қазақстан -2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» – деп атап көрсетті Елбасы.
Біз осы ел өміріндегі аса зор құндылықтар жария етілген Жолдауды аудан тұрғындары арасында кеңінен түсіндіру мақсатында ертеңінде-ақ қызу жұмысқа кірістік. Ауданнан насихаттық топтар құрылып, бірнеше бағытта жұмыс жүргізді, әлі де жүргізілуде. Ондай топтар облыстан, республикадан да келіп жатыр. Ел өміріндегі аса зор саяси оқиға болғандықтан зиялы қауым өкілдері ешқандай тапсырма, өтініш алмай-ақ өз беттерінше де Жолдауды тұрғындар арасында насихаттауға белсене кірісіп кетті. Осындай жан-жақты насихаттаудың, түсіндірудің нәтижесі шығар, «Ел аузында – Елбасы Жолдауы» дегеніңіз.
Ал, енді аудан өмірінің тыныс-тіршілігіне тоқталсақ, өткен жыл табысты болды. Әлеуметтік салаларда тұрақты даму динамикасы қалыптасты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 13,4 пайызға артық. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірілген өнім көлемі өткен жылы 2,3 миллиард теңгені құрап, нақты индекс көлемі 87,1 пайыз болды. Осы жерде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің өніміне сұраныстың азаюы мен цемент, металлургия зауыттары жұмысының тоқтауына байланысты өнім өндіру көлемі 12,9 пайызға төмендеді. Цемент зауыты жаңатастықтардың талап етуімен облыстық ауданаралық экономикалық соттың шешімімен тоқтатылды. Ал, металлургия зауыты болса, былтырғы қаңтар айында Жаңатаста орын алған дауылдан 60 миллион теңге шығынға ұшырады, оның үстіне Қытайдан жұмысшы квотасын ала алмады.
Бүгінде инновациялық индустрияландыру трендін күшейтудің маңызы зор. Осы бағыттағы жұмысты үйлестіретін аудандық кеңес жұмысын бастады. Индустрияландыру аймағын құру жөнінде ұсыныстар әзірленді. Аудандағы ең ірі жобалардың бірі саналатын «ЕуроХимТыңайтқыш» компаниясы өткен жылы қазан айында «Көкжон» кен орнында алғашқы жарылысын жасады. Қазір кәсіпорында жұмыс жасайтындар саны 50 адамнан асты. Биыл 300-ден аса жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта «SAPA KIRPISH», «Асыл тұз» және «Жаңатас жел электр стансасы» сияқты тағы да үш жобаны өңірлік индустрияландыру картасына енгізу жоспарланып отыр. Осы жобалар жүзеге асқанда 100-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Сарысу ауданы қай заманнан аграрлы өңір саналады. Аудан орталығы 1997 жылы Жаңатасқа қоныстанған соң ғана өндіріс саласы қосылды. Сондықтан да төрт түлік малын бағып, егіні мен бау-бақшасын өсіріп жатқан ауылдағы ағайынның жай-күйі туралы не дейсіз, салаға жасалып жатқан қамқорлық, көмектен де әңгіме қозғап қойсаңыз?
– Әлгінде сөз басында ауыл тұрғындарының ақжарқын көңілін өзіңіз де атап өттіңіз. Біз күнделікті жұмысымызда Жаңатасты көркейтуді ғана емес, елді мекендердегі тұрғындарға не қажет, ауыл неге мұқтаж осыны ескеріп отырамыз. Былай қарағанда, осы қаланы асырап отырған негізінен ауылдағы ағайындар. Жеке шаруашылық құрылымдары күнделікті базарға, апта сайын өтетін жәрмеңкеге өнімдерін әкеліп, шығарады. Кеңес заманында «Байқадам» совхозы Жаңатасты көкөніспен, «Жаңатас» совхозы етпен қамтамасыз етіп отырды. «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, ел аузында «комбинат» аталып кеткен іргелі кәсіпорында сол ауылдардың азаматтары еңбек етіп келді, қазір де солай.
Өткен жылы ауылшаруашылығында 3,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Осынша қыруар қаржының артында ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз бейнеті, толассыз төккен тері бар. Мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан қамқорлықтан да ауылдықтар құр қалып жатқан жоқ. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы қолға алынғалы бері 8 жеке шаруашылық құрылымы 68 миллион теңге несие алып, 358 бас аналық мүйізді ірі қара, 21 бас бұқа сатып алды. Қазір аудан бойынша барлық мүйізді ірі қараның – 6, қойдың – 16, жылқының – 21 және түйенің 37 пайызы асыл тұқымды. Әрине, мал болған жерде одан тарайтын аурудың алдын алу өзекті мәселенің бірі. Сондықтан жұқпалы мал ауруларының алдын алу, оны болдырмау шаралары тұрақты бақылауда. Былтыр ветеринарлық іс-шараларға 80,2 миллион теңге жұмсалса, биыл бұл мақсатқа 86 миллион теңге қаралып отыр. Барлық ауылдық аймақтарда ветеринарлық пункттер жұмыс істейді. Мал дәрігерлері 12 қызметтік көлікпен қамтамасыз етілді. Егін шаруашылығында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Жерді пайдаланып қана қоймай, жаңа технологияны енгізу арқылы өнімділікті арттыру қажеттігін шаруалар түсінеді. Қазір диқандарымыз жұмысты осы бағытта жүргізуді қолға алуда. Оның бәрін бір сұхбат барысында қамтып, айтып шығу мүмкін емес.
Аудан көлемінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты барлық ауылдық округтерде мал шаруашылығы мен мал өнімдерін, егіс пен тыңайтқыштар алуға төленетін субсидиялар, оған қол жеткізу жолдары бойынша жиындар өткізіліп, онда шаруашылық құрылымдарына оның мақсаты мен маңыздары жөнінде жан-жақты айтып түсіндірілді.
Өткен жылы егін және мал шаруашылығына 57 миллион теңге субсидия төленсе, 2014 жылға 120 миллион теңге жоспарланып отыр. Аудан көлеміндегі шаруашылық құрылымдарымен өткізілген жиындар нәтижесінде шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер жаңа техникалар алуға ниет білдіріп отыр. Лизингке 20-дан астам техника алу жоспарда бар. Биыл аудан бойынша «КазАгро қаржы» АҚ-на 11 жоба ұсынылып отыр. Оның ішінде:
– Жаңатас қаласынан: мал базары, сүт өңдеу цехы, мақсарыдан май дайындау цехы, алма сусынын дайындау цехы және екі мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңы мен екі құс фабрикасы;
– Жаңаарық ауылдық округінен 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы;
– Игілік ауылдық округінен 150 тоннаға арналған көкөніс қоймасы;
– Түркістан ауылдық округінен 50 бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу сияқты жобалар бар.
– Осы жерде мына сұрақтың реті келіп тұр, аудан Қырым қанды безгегі ауруын қоздыратын кененің табиғи ошағы болып саналады. Бұл аурудың алдын алуда қолға алынып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– 2013 жылы осы аурудың алдын алу шараларына 8,3 миллион теңге жұмсалды. Ал, биыл осы мақсатқа 9,5 миллион теңге бөлінді. Үш кезеңмен жүргізілетін дәрілеу жұмыстарымен Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйлердің жертөлелері де қамтылады. Ауданға жаңадан дәрілеу жұмыстарын жүргізетін «ДУК» автокөлігі алынды. Ұ.Сыздықбайұлы мен Досбол ауылдарында тоғытпа салынады. Жайылма, Игілік және Қамқалы ауылдарында тоғытпа салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Тоғызкент ауылында биотермиялық шұңқыр жасалады. Осы жерде мына мәселеге де назар аударып өтсем деймін, Талас өзенінен судың аз берілуінен Досбол, Тоғызкент және Жайылма ауылдары маңындағы шабындық жерлердің сор тартып, жоғарыда сөз болған ауру ошақтарының ұлғаюына әсер етуде. Қазір судың арнайы кесте бойынша босатылуына қол жеткіздік. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселені назарда ұстап отыр.
– Шағын және орта бизнесі өркендеген елдің еңсесі биік болатынын өмірдің өзі көрсетті. Елбасы да осы салаға әркез көңіл бөліп, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп отырады. Соның бір айғағы – арнайы Жарлықпен шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялауы. Енді осы сала туралы не дейсіз?
– Шағын және орта бизнесті дамыту – елімізді индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында «Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің «Сарысу аудандық бизнес-инкубатор» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Ауданда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның кәсіпкерлік қолдау орталығы жұмыс істейді. 425 кәсіпкер азаматқа кеңес беріліп, 3 кәсіпкердің Алматы қаласында іскерлік байланыс курсында дәріс алуына қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының IV бағыты шеңберінде «Бизнес кеңесі» оқу курсы өткізіліп, 138 кәсіпкерге сертификат табыс етілді. 198 азаматқа «Моноқалаларды дамыту 2012-2020» бағдарламасы аясында 1 айлық оқу курсы жүргізілді. Жаңатас қаласынан 25 азаматқа кәсіпкерлік саласындағы кедендік іс, бухгалтерлік есеп, салық заңдылықтары туралы дәрістер оқылып, сертификаттар табыс етілді. Биылғы жылы «Бизнес кеңесші» оқу курсынан өтуге 98 азамат ниет білдіріп отыр.
Бұл туралы «Ақ жол» аз жазып жатқан жоқ, енді сұрағыңызға тікелей жауап берсем, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артып, 4,7 миллиард теңгені құрады. Салада жұмыс істейтіндердің саны 1,9 пайызға өсті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 45 миллион теңгеге 8 жоба іске асырылып, 30 жұмыс орны ашылды. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде Жаңатас қаласында шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге 2013 жылы 69,4 миллион теңге қаржы жұмсалды. «Саудакент-НС» несие ұйымы арқылы 12 жеке шаруашылық құрылымына 59,9 миллион теңге және «КазМикроФинанс» шағын несие ұйымы арқылы 1119 азаматқа 263,7 миллион теңге несие берілді. Несие алып, жұмыс көзін ашып, өзін де, өзгені де асырап отырған азаматтар Жаңатаста да, ауылдарда да аз емес.
Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да оң өзгеріс бар. Сарысулықтар да барша қазақ елі сияқты еңсесін мықтап түзеп жатса, ол мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қамқорлықтың жемісі деп білгеніміз абзал.

Амангелді ӘБІЛ
[email protected]

Сарысу ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>