Ұрпақ тәрбиесі ойлантады

Отбасы – қоғамның, қоғам – мемлекеттің негізі. Ал, отбасыдағы ұрпақ тәрбиесі – ұлттың келешегін айқындайды. Мемлекеттің ертеңі жастардың қолында болғандықтан, өркениетті елдер көшін толықтыру үшін олардың ұлттық тәрбиемен сусындап, білім мен ғылым жолына түскені абзал. Бүгінде ата-ана көбіне бала-шағасын материалдық қамтамасыз етіп, нәпақасын іздеумен күнін өткізетіні жасырын емес. Ал, сол уақытта теледидар мен интернетке «аманат» болып қалатын үйдегі жас жеткіншектердің тәрбиесі қандай халде? Олардың білімдерінің деңгейі қандай? М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде «Қоғамдық рухани – адамгершілік тәрбие беру және отбасылық құндылықтарды насихаттау: тәжірибе және ынтымақтастық перспективалары» атты тақырыпта өткен республикалық конференциясында осы тақырыптар аясында баяндамалар оқылды.

Алқалы жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Бекболат Орынбеков ашты. «Елбасы ұрпақ тәрбиесіне, отбасы құндылықтарына, ана мен бала өміріне аса жоғары мән беріп келеді. Ұлт көшбасшысының «Отбасылық құндылықтарды көпбалалы ата-ана болуды насихаттау – бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі», деп қоғамға терең ой тастағаны көп нәрсені аңғартады. Өйткені отбасы құндылықтары – халқымыздың баға жетпес қазынасы, бай мұрасы екені ерте бастан белгілі. Ал, отбасы деген ұлы ұғым тәрбиенің қайнар бастауы, асыл дүниелі алтын қазығы. Құрмет пен ізет, сыйластық пен сүйіспеншілік – отбасының тірегі. Аталы тәрбие алған жастарымыз жат қылықтардан аулақ болып, қоғамды алаңдатып отырған қылмыстық әрекеттерден тыс болары сөзсіз», – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, ол облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өз жұмысын ҚР Президентінің еліміздегі гендерлік-теңдік стратегиясын жүзеге асырудағы 2012-2016 жылдарға арналған іс-шараларын ұлттық комиссияның жұмыс жоспарын басшылыққа ала отырып жүргізіп келетіндігін айрықша атап өтті. Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы М. Бекбосынова және Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының гендерлік жоба менеджері Р. Наубетова сөз сөйледі.
Елімізде соңғы екі жылда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс жалпы қылмыстың 5 пайызын құраған. Атап айтсақ, былтыр – 5311, ал, 2012 жылы 5879 жас жеткіншек түрлі қылмыстық әрекетке барып, 111 жасөспірім адам өлтірген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрайымы С. Айтпаева өзінің «Жастар арасында қылмыстық ахуалдың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы» баяндамасында атап өтті. Сондай-ақ, ол жастар арасындағы суицидтің орын алуы, кәмелетке толмаған қыздардың жүктілікке ұшырауы мәселелерін көтеріп, оларды алдын алудың бағыттарын нақтылап берді. Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісова ер адамның отбасындағы рөлі туралы әңгіме өрбітіп, қазіргі ер балалардың білімге құштарлылығының төмендігі, көбінесе еріншектікке, енжарлыққа салынуы ұлтымыздың болашағына кері ықпалын тигізетіндігін тілге тиек етті. Ал, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовтің келтірген нақты мысалы жиылған жұртқа ерекше әсер етті. Ата-анасының ұрыс-керісінен шаршаған бала, оларға ерегісіп аязды күні далада төрт сағат жалаңаяқ тұрыпты. Ақырында ол ми обырына ұшырап, өкінішке қарай, көз жұмады. Қайғылы оқиға ата-ананы татуластырды. Алайда, оның құны баланың өмірімен өлшенгені кімді де болса бей-жай қалдырмады. Осы орайда, баяндама авторы барлық ата-аналарды балаларының көңіліне қаяу түсірмей, оларды әрдайым махаббатқа бөлеп, психологияларына кері әсерін тигізетін қылықтар жасамауға шақырды.
Жастар тәрбиесінде бүгінде олардың «тәрбиешісіне» айналған теледидардың, интернеттің ықпалы орасан екені айтпаса да белгілі. Алайда, әрбір ата-ана Алланың аманаты – бауыр еті баласының тәрбиесіне селқос қарамай, бұл істегі үлкен жауапкершілікті толықтай ұстаздардың, оқу орындарының мойнына жүктемегені жөн.

Назгүл Әбушәріпқызы
[email protected]

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>