Тығырықтан шығу жолдары іздестірілуде

Тығырықтан шығу жолдары іздестірілуде

Елімізде өндірісті өркендетпей, өзімізде өнім өндірмей, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосыла алмаймыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге биылғы Жолдауында да ерекше көңіл аударды. Елімізде тоқыма өндірісі өтпелі кезеңде тоқырауға ұшырады. Семей мен Ақтөбедегі жүнді алғаш өңдейтін фабрикалар жабылып, жойылып кетті. Тараздағы осындай кәсіпорын әупіріммен сақталып қалды. Соның нәтижесінде тоқыма және тігін бұйымдары түгелдей шеттен жеткізілуде. Нарықта синтетикалық киімдер де қаптап кетті. Олардың бағасы қымбат әрі денсаулыққа зиян. Қытайлар біздің шикізатымыз – биязы және қылшықты жүнді тиынға сатып алып, одан дайын өнім өндіріп, өзімізге ондаған есе қымбатқа сатуда.

«Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорнын сауықтыру, қайта жарақтандыру және жүнді тереңдетіп өңдеу бағытында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Алып та әлеуетті фабриканың бүгінде жылына 10 мың тонна биязы және қылшықты жүн қабылдап, жуа алатын мүмкіндігі бар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 1 миллиард теңге несие алған кәсіпорын басшылары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында топс өндіру жобасын жүзеге асырды. Топс – ағылшыншадан аударғанда жоғары сапалы деген мағынаны білдіреді. Қазақтар терең өңделген оны таралған шүйке жүн деп атайды. Италиядан әкелініп орнатылған жабдықтың бүгінде жылына 700 тонна осындай жоғары сапалы шүйке жүн шығаратын қуаты бар. 2010 жылы топс өндіру цехының ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.
Кәсіпорын өндірген өнімін экспортқа Еуропаға шығарады.
– Терең өңделген жүн 2010-2011 жылдары жақсы өтті. Оны өткеруден жылына 5-6 миллион АҚШ долларына дейін табыс таптық. Әйтсе де, кейінгі кездегі Еуропадағы қаржылық дағдарыс өнімімізді онда өткеруге үлкен кедергі келтіруде. 2013 жылы 200 тонна топс өндірген едік.Үлкен ізденістер және шапқылау нәтижесінде оны түгелдей бір италиялық компанияға сатуға уағдаластық. Таяуда олар 18 тонна топсты алып кетті. Қалғанын біртіндеп күзге дейін өткереміз. Олар сатып алған тауарына ақшаны өздеріне жеткізгеннен кейін аударады. Мұның өзі біздің ырғақты жұмыс істеуімізге үлкен кедергі келтіруде. Айналым қаржысының болмауынан үстіміздегі жылы жүн сатып ала алмау қаупі туындауда. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бізге несие беруден бас тартты. Биязы жүн өндіретін агроқұрылымдар кәсіпорынға өткізетін шикізаты үшін төлемнің алдын ала бір бөлігін беруді талап етуде. Қазір тығырықтан шығу үшін түрлі қаржы институттарымен және банктермен несие алу үшін келіссөздер жүргізудеміз, – дейді «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС директоры Болат Момышев.
Болаттың алаңдайтын да жөні бар. Егер олар агроқұрылымдардан жүнді қой қырқатын мамыр, маусым айларында сатып алмаса, қапы қалады. Бар шикізатты қытайлар көтере сатып әкетеді. Кәсіпорын қылшықты және биязы жүнді республиканың барлық облыстарынан сатып алады. Өткен жылы 1,5 мың тонна биязы, 1000 тонна қылшықты шикізат сатып алып, жуған. Биязы жүннен топс шығарылған. Олар сондай-ақ, иірілген жіп те өндіреді. Оны Қырғыз Республикасындағы тоқыма өндірісіне өткізіп, айырбасқа дайын жұқа көрпешелер алуда. Кейінгі кезде шүйке жүн алуға Түркия мемлекеті қызығушылық танытуда. Фабрика басшысы Болат Аманкелдіұлының арман-жоспары көп. Ол шикізатты терең өңдеу арқылы осында мата және жұқа көрпеше шығарғысы келеді. Әлбетте, шикізатқа қарағанда дайын өнім тез өтеді әрі мол табыс әкеледі.
Қазір еліміздегі тоқыма және тігін өндірісі шүйке жүн және мата сияқты терең өңделген өнімге аса зәру болып отыр. Егер фабрика толық қуатында жұмыс істесе, келешекте оның өнімін еліміздің нарығына да өткеруге болады. Көптеген өндіріс орындарының жұмысы жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Бюджет қоржыны да қомақты қаржымен толығады. Болат Момышев Беларуссиядан және Қытайдан әкелінген матаның әр қума метрінің өзіндік құны 14-12 АҚШ долларынан айналатынын айтады. Ал, ол бізде өндірілсе, 8 долларды құрайды екен. Демек, матаны өзімізде өндіру – қаншама табысқа кенелтеді десеңізші…
Өркениетті елдерде өндірісті өркендету үшін несие ұзақ мерзімге – он жылға дейін беріледі.
– Ал, бізде арысы – үш жыл. Біз «Агро несие корпорациясы» АҚ-нан алған несиемізге бір жыл бойы жабдық сатып әкеліп орнаттық. Келесі жылы оларды сынақтан өткіздік. Кәсіпорын жұмысын бастаған кезде несиені жабуға тура келді. Елімізде өндірісті өркендету үшін қаржы институттары мен банктер ұзақ мерзімді несие беруді қолға алу керек, – дейді Болат Момышев.
Өндіріс басшысының жанайқайын түсініп, жанашырлық танытатындар табылып жатса, қанеки?!

Ақылжан Мамыт
Mamytov_akjol @mail.ru

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>