«Кіндік қаным тамған жер – Тараз қаласы…» – дейді Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі кардиохирург, Юрий ПЯ

«Кіндік қаным тамған жер – Тараз қаласы…» – дейді Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі кардиохирург, Юрий ПЯ

Отандық медицина тарихында Қазақстан алғаш рет 2011 жылдың желтоқсанында кардиохирургия саласы дамыған жиырма екі елдің қатарында аталды. Өйткені, сол жылы Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығында жүрек әлсіздігінде пайдаланылатын «Heart Ware» қондырғысы, яғни, жасанды жүрек орнату отасы енгізілді. Содан бері Ю. В. Пяның «командасы» 100-ден астам науқасқа осындай қондырғы орнатып, олардың өмірлерін ұзартты.

Ал, 2012 жылы оның Қазақстанда алғаш рет жүректің созылмалы жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқасқа донорлық жүрек трансплантациясын жасағаны дүйім елге белгілі.
Ю. В. Пя бұл күндері отандық медицинада белгілі тұлғаға айналған азамат. Көпшілік арасында «Жақсы адамда жаттық жоқ» деген аталы пікір бар. Сондықтан болар, жамбылдықтар «Юрий Пя біздің жерлесіміз, ол – тараздық» десе, қызылордалықтар «ол – қызылордалық», ал, оңтүстіктіктер «жоқ, ол біздің жерлесіміз, яғни, түлкібастық» деп сан жаққа тартып жатады. Бір реті келгенде Юрий Пя екеуміз сол көпшіліктің көкейінде жүрген әңгімелер төңірегінде сөз қозғап, дидарласқанымыз бар. Сонда Юрий Владимирович:
– «Менің ата-анам қызылордалықтар. Анам Катя Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылынан болса, әкем Владимир Қызылордадан. Менің білетінім, ата-анам Қызылордада 20 жылға жуық тұрыпты. Әкем мен шешем сол қаладағы бұрынғы Гоголь атындағы пединститутта оқыған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, мұғалім дипломын алып, жолдамамен Жамбылға, яғни қазіргі Таразға келген. Ол шамамен 1956) жыл болуы керек деп ойлаймын. Мен 1957 жылы осы Жамбылда туылғанмын. Яғни, менің кіндік қанымның тамған жері – қазіргі Тараз қаласы. Ата-анам үш жыл Жамбылдағы мектептердің бірінде қызмет атқарғаннан кейін Қызылордаға қайта көшіп келген. Мен ол кезде тым кішкентаймын, ес білмейтін кезім ғой. Сонан, ұмытпасам, 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына көшіп кеттік. Мен сол Түлкібаста орта мектепті бітірдім де, жоғары медициналық білімді Мәскеуде алдым. Енді, менің тараздық, түлкібастық немесе қызылордалық екенімді өздеріңіз ажыратып аларсыздар. Бірақ мен қайда жүрмейін «қазақстандықпын» деп ұлы дала төсінде дүниеге келгенімді, болашағы жарқын тәуелсіз Қазақстанда еңбек етіп жүргенімді әрдайым мақтан тұтамын», – деп күлді әріптесім Юрий Владимирович Пя.
Бүгінде ол еліміздің жүрегі Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың жетекшісі қызметін атқаруда. Білікті де білімді дәрігердің отандық денсаулық сақтау саласының өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі ескеріліп, мемлекетімізден лайықты бағасын алды. Мәселен, 2006 жылы ол «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2011 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталса, 2012 жылы V республикалық жалпыұлттық патриоттар форумында «Жыл патриоты» атағына ие болды. Сонымен бірге, «Алтын адам» ұлттық сыйлығына, «Жыл дәрігері -2012» марапатына ие болды. Сол жылы «Парасат» орденімен де марапатталды. Ал, өткен жылы Юрий Пяға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Ол – әлемдегі ең шебер он оташының қатарында тұр.
Бүгінге дейін бес мыңнан астам науқастың жүрегіне ашық ота жасаған Юрий Владимировичтің есімін тек Жамбыл облысының жұртшылығы ғана емес, қазақстандықтар үлкен мақтанышпен, зор құрметпен атайтыны орынды. Отандық медицинаны әлемге жаңа қырынан танытып, халық денсаулығын жақсартуда аянбай тер төгіп жүрген мұндай абзал азаматты, майталман маманды қалай мақтасақ та жарасады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>