«Қазақтар бізбен нанын бөлісті»,– дейді Лижбета Зубрицкая

«Қазақтар бізбен нанын бөлісті»,– дейді Лижбета Зубрицкая

Өткен сенбіде Жуалы ауданына қарасты Шақпақата елді мекенінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова бастаған бір топ жамбылдықтар Польша елінің азаматтарын қабылдады. Олар соғыс жылдары жерленген поляк әскерилерінің бейітіне гүл қойып, тағзым жасау үшін Қазақ жеріне арнайы атбасын бұрыпты. 85 адамнан құралған делегацияны Польша Республикасының соғыс құрбандары мен оның зардабын шеккендердің естеліктерін сақтау жөніндегі кеңесінің бас хатшысы Анджей Кунерт пен Алматыдағы Польша елшілігінің бас консулы Анджей Папеж бастап келді.

Дәл осы маңда 1942 жылы генерал Владислав Андерс басқарған армияның 212 сарбазы жерленген екен. Олардың арасында әскери тұтқынға алынған азаматтар және еліне қайтар жолда қаза болған кеңес лагерінің тұтқындары бар. Тарихи деректерге сүйенсек, мемлекетаралық келісім бойынша 1941 жылы Герман фашистеріне қарсы күрес жүргізу үшін жергілікті тұрғындарды әскери шеберлікке баулу мақсатында аты аңызға айналған генералдың әскері Орта Азия аумағында шоғырланған. Алайда, 1942 жылы түрлі жұқпалы аурулардың кесірінен олардың көпшілігі мерт болған көрінеді.
Алыстан ат терлетіп келген қонақтар, алдымен, дастарқан дәм татқан олар халқымыздың қонақжайлылығына ерекше ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді. Өз кезегінде Б.Орынбеков поляктарға қымыз бен шұбаттың денсаулыққа пайдалылығын түсіндіріп, ауруға төтеп бергендердің басым бөлігі осы сусындарға қарыздар екендігін тілге тиек етті.
Біз Анджей Папежді әңгімеге тарттық. «Жерленген сарбаздардың туыстарымен қатар, тобымызда бұрын Қазақстанда тұрған поляктар да бар. Олар қаншама жылдар араға салып, тәуелсіз, гүлденген Қазақстанды көруге келді. Қазақстанның небәрі 22 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетуі өте керемет деп ойлаймын. Меніңше, мұндай кездесулер екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Соғыс жылдарында поляктардың біразы шейіт болды. Ал, аман қалғандары қазақ халқына мәңгі қарыздар», – деді ол.
Облысымыздағы поляк ұлттық-мәдени орталығы зираттардың айналасына тазалау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бұл туралы орталықтың мүшесі Магдалина Шевченко айтып берді. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында жер аударылғандардың бірі – Лижбета Зубрицкаяның тәуелсіз Қазақстанға алғаш аяқ басуына осы сапар себепші болған. Төрт жасында әкесі атылып кеткен соң, анасы екеуі алты жылға жуық Павлодар жеріне қоныс тепкен. «Қазақтар үлкен жүректілік көрсетті. Бізбен нанын бөлісті, қой етімен, қымызбен асырап-бақты. 1946 жылы Польшаға қайтуға рұқсат алған 3000-ға жуық азаматтың қатарында анам екеуміз де болдық. Алдағы уақытта Павлодар өлкесіне барғым келеді. Кеше біз жолда қазақ әнін тыңдаған едік. Мен балалық шағымды есіме алдым. Сіздер үлкен мәдениет иесісіздер, әндеріңіз қандай керемет!» – деді ол бізбен әңгімесінде.
Сол бір қасіретті оқиғадан бері 72 жылдай өтіпті. Уақыт емші. Дегенмен, марқұм қандастарының рухына тағзым жасаған поляктардың көздері жасқа, көңілдері мұңға толы. Қай-қайсысын әңгімеге тартпақ болғанымызда, өткенді еске ала өздері сөйлеуге қиналып, жанарларынан жас тамшылады. Жақындарына, туыстарына деген махаббаттары бізді де тебірентпей қоймады.

* * *
Польша Республикасының делегациясы түс ауа Меркі ауда-нына жетті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова және басқалар қонақтарды Сыпатай ауылында 1942 жылы генерал Владислав Андерстің қолбасшылығындағы солдаттар жерленген зиратқа әкеліп, сонау сұрапыл жылдары осында топырақ бұйырған поляк азаматтарын еске алып, құрмет көрсетті.
Бекболат Серікбекұлы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тағдырдың жазуымен қазақ елінде жерленген поляк әскерилерін еске алып, тағзым етушілерді өңірімізде қарсы алып, қауышқанымызға қуаныштымыз деп ризалығын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Польша елінің достық байланысының тамыры тереңде жатқанын және екіжақты ізгі байланыс әрі қарай жалғаса беретіндігін атап өтті.
Одан соң сөз алған Польша мемлекетінің ардагерлер және қайта ақталғандар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Ян Чехановский қазақ еліне, меркіліктерге қазақи ақ пейілімен қарсы алып, құрмет көрсеткендері үшін алғыс айтып, бұл сапардың саяси және тәрбиелік мәніне тоқталды. Ол қазақ халқының меймандостығы, мейірімділігі, сонау Ұлы Отан соғысы кезінде арып-ашып келген поляк әскеріне жасаған қамқорлығы үшін шексіз разылығын қазақ тілінде жеткізді. Ал, Польша Республикасының соғыс құрбандары мен оның зардабын шеккендердің естеліктерін сақтау жөніндегі кеңесінің бас хатшысы Анджей Кунерт бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде ескерткіштердің барлығы қорғауға алынғандығын тілге тиек етті. Сонан соң, Сыпатай ауылындағы поляк әскерилері жерленген зиратты күтімге алып, адамгершілік танытқаны үшін сыпатайлық Аслан Кикинадзе мен жұбайы Амирия Кикинадзеге Польша Үкіметінің медальдарын салтанатты түрде табыс етті.
Бұдан кейін өткен жылы ғана айналасы қоршалып, Польша мемлекетінің қолдауымен орнатылған он тоғыз әскери марқұмға арналған ескерткішке поляк халқының, Польша Республикасы Президентінің, сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атынан гүл шоқтары қойылды. Қасиетті су шашылып, шырақтар жағылды. Салтанатты жиын соңында Б. Орынбеков Польша елінің ескерткіштерді қорғау министрі А. Кунертке қазақ елі атынан арнайы ағаштан ойылып жасалған сыйлықты тапсырды. Сол сияқты Польша Республикасының Сейма Сенаторы Анджей Овчарех, Польша елі Президентінің көмекшісі Вальдемар Стгауковский, генерал Весуаф Груджинский және Польша елшілігінің Алматыдағы бас консулы Анджей Папежге «Ортағасырлық Меркі қаласы» атты тарихи кітапты тартулады.

* * *
Аталмыш делегация сол күні Т.Рысқұлов ауданына беттеді. Сұрапыл соғыс өртінің сөнгеніне 69 жылға жуық уақыт өтсе де, өткен күннен қалған белгі бар. Ұлы Отан соғысы ондаған миллион адамның өмірін жалмады. Олардың ішінде поляк солдаттары да болды. 1942 жылдың жазында генерал В. Андерс басқарған шығыстағы поляк армиясының құрамындағы 49 жауынгер-тұтқын еліне қайтарда ажал құшты. Олардың барлығы да Луговой темір жол бекетінің маңындағы бауырластар зиратына жерленген екен.
Поляктар өз бауырларын ұмытпайды, ұмытқан да емес. Осыған дейін де олар бауырлас солдаттарының қабіріне келіп, тәу еткен. Зират басында 49 боздақты еске алу рәсімі өтіп, олардың басына шырақ жағылып, гүл шоқтары қойылды. Поляктар қандастарын тебірене үнсіз еске алды. Рухтарына тағзым етті.

Назгүл Әбушәріпқызы,
Серік Құралбай,
Сейсен Қожеке
«Ақ жолдың» тілшілер тобы.

Жуалы-Меркі-Т.Рысқұлов аудандары.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>