Рәмізге құрмет – қастерлі міндет

Тараз қаласы мен аудандарда мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және жаңа стандарттағы Мемлекеттік Елтаңбаны орналастыру бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген еді. Оның қорытындысы облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында мәлім болды. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева баяндама жасады.

Ғалия Бектенқызының сөзіне сүйенсек, облыста 1537 мемлекеттік ұйым бар. Ал зерделеу жұмыстары соның 252-сіне жүргізілген. Нәтижесінде бірқатар жөнсіздіктерге жол берілгені анықталып отыр.
Атап көрсетсек, Сарысу аудандық ішкі істер басқармасы, Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық клубы, Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округі әкімінің аппараты ғимараттарының сыртында орнатылған Мемлекеттік Ту жыртылған. Ал Сарысу ауданындағы Саудакент ауылдық балалар саз мектебінің, Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының, Шу аудандық ішкі істер бөлімінің, Шу қалалық емханасының, Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары және Шу ауданы, Қонаев ауылы әкімі өз кабинеттеріндегі Мемлекеттік Туға дақ түсіп, кірлегенін осы уақытқа дейін еш аңғармаған.
Ал Талас аудандық ішкі істер басқармасы, Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімі, Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі ғимараттарында Мемлекеттік Елтаңба мүлдем орналастырылмаса, Қордай аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығында, Мойынқұм аудандық Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейде, №19 Мойынқұм ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Мемлекеттік Ту ілінбеген болып шықты. Мұндай олқылықтар Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Жамбыл облысы бойынша экология департаменті, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясында және Талас аудандық статистика басқармасында да бар екен.
Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласындағы кейбір мекемелерде Мемлекеттік Елтаңбалар ауыспаған. Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу ауданы әкімдіктерінің бірқатар бөлім басшыларының кабинеттеріндегі Тудағы ұштықтар Мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтіні де анықталған. Мұндай олқылықтар барлық аудандағы мекемелерде де ұшырасып отырған. Осы жайтқа тоқталған басқарма басшысы кемшіліктерді жою үшін аудандар мен Тараз қаласы әкімдігі арнайы мамандарды тарта отырып, мемлекеттік ұйымдарға арналған әдістемелік семинарларды ұйымдастырса деген ұсыныс айтты. Ескертпелер дер кезінде назарға алынуы қажеттігін ескертті.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, Тараз қаласы және аудан әкімдері орынбасарларының жұмысына сын айтты. Рәміздердің орналасуында, оны күтіп ұстауда кеткен кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды.

 

Есет Досалы

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>