Мәңгілік Ел мұратын жалғаған

Өз елім менің! Астана төрінен бастау алған тәуелсіздік салтанаты көңілімізді тасытты. Өз еліміз, тәуелсіз еліміз болғаннан кейін ғой бәріміздің арқа-жарқа болып жатқанымыз. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған жамбылдықтар алдымен Мемлекеттік туды төрге шығарды. Әнұранын қосыла шырқады. Жиында жұртшылықты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев егемен еліміздің төл мерекесімен құттықтады.

– Тәуелсіздік – ұлан-байтақ өлкені мекендеген барша Қазақстан халқының рухани және экономикалық өрлеуіне тірек, бірлігіне кепіл, ынтымағының темірқазығы болды. Ұлы Дала елі жаңа дәуірге қадам басты. Тəуелсіздікпен бірге діліміз бен дініміз, дəстүріміз бен мəдениетіміз, рухымыз оралды. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың Мəңгілік Ел мұраты қайта жалғанды.
Осы жылдары өсу мен өркендеудің әр белесін бағындырған елімізде ұлан-ғайыр тірліктер атқарылды. Шекарамыз шегенделіп, мемлекетіміздің мызғымас қорғаны Қазақстан Қарулы Күштерінің қабілеті нығайды. Ішкі және сыртқы саясатымыз дами отырып, әлемнің 140-қа жуық елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы төрінде Көк Туымызды желбіреттік, ЮНЕСКО және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі-ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, төрелік айтып төріне шықтық. Әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік. Біз тәуелсіздіктің жеңісті сәттерін, қуанышты күндерін бастан өткіздік. Өйткені, ару Алтайдан қарт Каспийге дейін созылған Ұлы Дала төрінде – бұрын-соңды мұндай тәуелсіз де дербес мемлекет болған емес! – деген Кәрім Нәсбекұлы тәуелсіздік жылдарында Жамбыл жерінде атқарылған ұлан-ғайыр тірліктерді тілге тиек етті.

Облыс әкімі айтып өткендей, ширек ғасырдан астам даму жолында елімізде ғасырларға пара-пар тірліктер атқарылды. Шетелден тартылған инвестициялардың көлемі өсіп, өндіріс орындары көптеп ашылғанын, 26 жылдың ішінде жаңадан салынған ғимараттардың санын айтпағанда, осы Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында біздің өңіріміздің өзінде 10-нан астам жаңа нысанның ашылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл жамбылдықтарға ертеңге деген сенім береді.
– Ел Президентінің «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар» деген сөзі, «Тәуелсіздіктің туын берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты» деген ұлағаты әрқашан жадымызда жүруі тиіс, – деді Кәрім Нәсбекұлы салтанатты шарада еңбегімен елінің дамуына үлес қосып жүрген бір топ өңір азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттап тұрып.
Иә, бұл мерекеде елімен бірге еңбекқор ердің де мерейі үстем болуы заңдылық. Бұл жерде ер деген теңеуді ерлерге ғана қатысты айтып жатқанымыз жоқ. Елі үшін ерлікке пара-пар тірлік атқарған жандарды меңзегеніміз. Соның бірі – Тәуелсіздік мерекесінде Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған атақты спортшы, жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұртшылыққа осы қуанышты жаңалықты жеткізді.
Қастерлі мерекеде еңбегі еленіп, үлкен марапатқа ие болғандар арасында басшылар да, өнер адамы да, қарапайым жұмысшылар да бар. Атап айтсақ, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов – «Парасат», елге танымал күйші Әбдімомын Желдібаев – ІІ дәрежелі «Достық», Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев және «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның директоры Бақыт Сауранбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов – «Құрмет», «ЖамбылРемСервис» ЖШС-ның темір ұстасы Алтынбек Айманбетов пен «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығының аға шопаны Райкүл Қалқашова, «Қақпатас-Қордай» ЖШС-ның механизаторы Ерік Құмбашев – ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталды.
Қолына қара домбыраны алып, күй шерткелі ұлт мұрасын өскелең ұрпақтың құлағына құйғандай сіңіруді мұрат тұтқан Әбдімомын Желдібаев жиында: «Бұл – қазақ өнеріне берілген баға. Осы марапаттың өзі күй өнерінің, қазақ күйінің құдіретін көрсетеді», – деді ішкі толқынысын жасыра алмай. Рас, бұл күні еліміздің қол жеткізген жетістіктері сараланып, қазақ өнері, қазақ спорты, еңбеккерлер өз еңбегінің бағасын алды.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен күйден шашу шашылды. Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқаған Әсел Уашева және жуырда ғана «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасында «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Сұлужан Әбенова көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. «МузАрт» тобының орындаған әндері құлақ құрышын қандырды.

Ардақ үсейінова

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>