ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер арасында «Сыбайлас жемқорлық профилактикасы және оған қарсы іс-қимыл» тақырыбында облыстық байқау өткізген болатын.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында аталған конкурстың жеңімпаздары анықталып, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жемқорлықпен күресте ақпараттық қолдау танытып, қоғам дертіне қарсы облыста атқарылып жатқан істерді жан-жақты көрсетіп, ең мазмұнды дүние ұсынған облыстық «Эко-спорт» ақпараттық агенттігінің басшысы Шухрат Хашимов бірінші орынға лайық деп танылса, екінші орын «Jambyl» телеарнасының тілшісі Ильдар Гизатуллин мен «77 ТВ» коммерциялық телеарнасының редакторы Рахат Күзбергенге бұйырды. Ал үш бірдей үшінші орынды облыстық «Знамя труда» газеті саяси-экономикалық бөлімінің редакторы Көкен Оршабеков, облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Айжан Өзбекова және Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Орманов өзара бөлісті. Сондай-ақ, республикалық «Время» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Галина Выборнова «Үздік журналист», ал Исламбек Дастан «Үздік блогер» атанса, облыстық «Балалық шақ-Детство» газетінің редакторы Гүлнар Есмаханова департаменттің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды.
Әріптестерімізді жүлдесімен құттықтай отырып, ортақ Отанымыз Қазақстанды көркейту жолындағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!
«Ақ жол-Ақпарат».