Сәлемдемелер супермаркеті – жаңа қызмет түрі

Ауданда бірқатар әлеуметтік маңызды мекемелердің ғимараттары қайта жарақтандырылып, халыққа жайлылық сыйлап, сапалы қызмет көрсетуде. Солардың қатарында жаңа жүйеде жаңғыртылып, пайдалануға берілген Шу аудандық пошта байланыс торабы да бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен үшінші жаңғыру аясында іске асып жатқан мекеменің материалдық-техникалық базалары заманауи үлгіде қайта құрылып, халыққа көрсетілетін қызмет түрлері де көбейген.
Ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлі құттықтау сөз сөйлеп, пошта қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Болысбек Бөрібекұлы өз сөзінде жаңадан қосылған қызмет түрі – «Сәлемдемелер супермаркетіне» түсініктеме берді. Бұл – Елбасы тапсырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау мақсатында іске асқан пошта саласының жаңа қызметі. Облыс көлемінде он ауданда іске қосылған тиімді қызмет түрінің игілігіне енді шулық тұрғындар да қол жеткізіп отыр.
Айта кету керек, мұндай жаңартылған жаңа жүйедегі пошта байланыс торабының 100 мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданында ашылуы қуантарлық дүние. Өйткені, жаңа нысандағы қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түскен. Мәселен, келушілерге қолайлы болу үшін ғимараттың іші бірнеше аумаққа бөлініпті. Мұнда операциялық зал, заңды тұлғаларға қызмет көрсету аумағы, несие рәсімдеу, сәлемдемелер супермаркеті, өзіне-өзі қызмет көрсету орны мен ақша айырбастау пункті орналасқан. Бүгінгі күнге дейін аудандағы 36 елді мекенге пошта қызметкерлері газет-журналдар, еңбекақы, жалақы және зейнетақыларын уақытында таратып, халықтың ризашылығына бөленіп жүрсе, бұдан былай жаңа нысан аудан тұрғындарының уақыт тиімділігін арттыруына септігін тигізбек. Өз кезегінде аудандық пошта мекемесінің жаңа техникалармен жабдықталып, халыққа жайлы қызмет көрсетуіне осы мекемені ширек ғасырға жуық уақыт басқарып келе жатқан Қазақстан Республикасының Құрметті байланысшысы Жексенбай Сүлеймановтың да еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Сол себепті, Болысбек Пірәлі пошта саласындағы еселі еңбегі үшін Жексенбай Оңалбекұлына және тағы бірнеше маманға «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының Құрмет грамотасын табыс етіп, сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков те пошта саласындағы абыройлы қызметі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен бірқатар пошта қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты жиыннан кейін халыққа қалтқысыз қызмет етуге дайын тұрған жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Жиналған көпшілік ғимарат ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен, жаңаша жабдықталған кабинеттермен танысып шықты.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*