Киров су қоймасынан қауіп жоқ

«Қырғызстанның Талас облысындағы Киров су қоймасынан Жамбыл облысына су жіберіле бастады» деп хабарлады «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Жамбыл облысындағы филиалы басшысының орынбасары
Ғалия Зәрубаева.

Ғалия Зәрубаеваның айтуынша, Киров су қоймасынан Қазақстанның Талас су торабына су аз көлемде кеше жіберіле бастаған.
– Киров су қоймасынан Талас су торабы сағатына 264 текше метр суды қабылдап алуға қауқарлы. Қырғыз жағы ары кетсе сағатына 100 текше метр су жібереміз деп отыр. Кеше сағатына 50 текше метр су жіберген, бүгін 60 текше метрге көбейтті. Егер олар сағатына 100 текше метр су жіберетін болса су қоймасындағы суды бір тәулікте жіберіп бітеді, – дейді Ғалия Зәрубаева.
Жамбыл облысы егістік алқаптарына суды негізінен Қырғызстаннан алады. Жыл сайын Қырғызстанмен келісім арқылы кесте жасалынады.
– Қазақстан жылына Киров қоймасынан жалпы 808 миллион текше метр су алады. Биыл 660 миллион текше метр су алу келісілген. Су қоймасынан бірінші болып Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу ауданы мен Тараз қаласына су келеді, – дейді Ғалия Зәрубаева.
Оның айтуынша, Киров су қоймасын жөндеу үшін Қазақстан жағынан ақша бөлінеді. Қазіргі кезде оның конус жапқышын жөндеу қажет болып тұр.
Ғалия Зәрубаева Қырғыз-стандағы Киров су қоймасынан Жамбыл облысына еш қауіп жоқ екенін айтты.
Киров су қоймасындағы судың 12 пайызын Қырғызстан, ал қалғанын Қазақстан пайдаланып келген. Қырғызстандағы бұл қойма 1975 жылы салынған.
Қырғызстан ресми билігінің бұрын берген мәліметтерінде Киров су қоймасы 550 миллион текше метр суға арналғаны айтылған.

«Ақ жол-Ақпарат».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*