Мейіріммен шуақ шашқан ғаламға

Елімізде киелі мекендер жеткілікті. Әсіресе, туып-өскен ауылы әркім үшін қасиетті екеніне де талас жоқ. Бойына жақсы қасиеттің бәрін сіңіріп, ойына ұлағат ұялатқан ауылы, сол ауылдағы қара шаңырағы әркім үшін де қымбат, ыстық. Қиян алыс, қиыр шетте ауылының ауасын бір жұтып, көгалына бір аунап, құстарының даусын бір естіп кетуге аңсары ауып жүргендер қаншама! Олардың оқта-текте болса да басын қосу арқылы кейінгі толқын жастарды ұлағатқа ұйыту да бір ғанибет іс.
Жуалы топырағында туып-өскен, бүгінде Астанадағы Назарбаев университеті «Мәдени бағдарламалар орталығының» директоры болып қызмет ететін, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Гүлтас Сайынқызы Құрманбайдың биылғы жаз айында, міне, осындай бір игілікті істің ұйытқысы болғаны бар. Ол кезде мен Күреңбел мен Қаратас ауылдарында меймандықта жүргенмін. Гүлтас Сайынқызы өзінің туған ауылына келіп, ата-бабаларына, әжесіне, әкесіне, басқа да марқұм болған ағайын-туыстарына арнап үлкен ас береді дегенді естіп, оған таныстарыммен бірге мен де барып қатыстым. Гүлекең бір әке, бір шешеден тараған төрт қыздың үлкені екен. Осынау іске бастамашы болып жүрген де өзі және жұбайы Ербол. Естуімізше, осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен әкесі Сайын осылай етуді бұларға аманат етіп кеткенге ұқсайды. Енді, міне, әке тілегі орындалды. Ауылдағы қара шаңыраққа қыздары ауыл тұрғындарын, ағайындарын, жекжаттарын түгел жинады сол күні. Бәйгеден басқа ұлттық спорт түрлерінің бәрі қамтылып, балуандар күресі, арқан тартыс, аударыспақ, теңге алу, көкпардан жарыстар өткізілді. Жеңімпаздарға қаржылай, кубок, медаль түрінде, заттай сыйлықтар берілді. Асқа ауданның игі жақсыларының бәрі қатысты. Күреңбел ауылы бір-ақ сәтте ұлағат, өнеге ұясына айналып, бір түлеп, жаңғырғандай. Әсіресе, ауылдықтар айрықша серпіліп, ата-бабаларға, әруақтарға, туған ауылға көрсетілген құрметке дән риза болысты.
Отанасы Үтән апа мен Гүлтас бастаған Сайын қарияның қыздары, немере-шөберелері ас берер алдында Күреңбелдегі қара шаңырақтарын күрделі жөндеуден өткізіп, дайындапты. Бес-алты бөлмелі үлкен үй екен. Қазақ үшін «қара шаңырақ» ұғымы қашан да қасиетті, киелі. Астанадан ауылға жол түсе бермейтіндіктен, төрт қыздың туған үйлерінің еңсесін қайта тіктеп, заманауи тұрғыда жөндеп, су кіргізіп, ағайындарына аманат етіп тапсырып кетуі басқаларға үлгі боларлықтай емес пе?! Қара шаңырақтың қадіріне жетіп, киесін ұғына алмай жүргендер үшін де үлкен сабақ. Гүлтас ханым бұл үйді болашақта ауыл музейі етіп, жанынан рухани орталық – мешіт және медресе ашсақ деген ниеті бар екенін де айтты.
Айтпақшы, жиналғандарға қара шаңырақ иесінің әжесі мен әкесі, ақылгөй анасы туралы жазған «Мейіріммен шуақ шашқан ғаламға» атты кітабын таратып беруі айрықша әсерлі болды. Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылы да бұрынғы ауылдас, көзкөргендер үшін тарих қойнауына кетіп бара жатқандай еді. Гүлтас Сайынқызы өзінің жазған кітабында осында өткен балалық, жастық шағын, ауыл адамдарының бастан кешкен қиян-қилы тағдырларын алтын арқау етіп өріп, тұтас бір дәуірді қайта тірілткендей болады.
Әсіресе, оның туған ауылы туралы толғанысын толғанбай оқу мүмкін емес.
«Менің Күреңбелім. Сен менің ғана емес, менің ата-бабаларымның, аналарымның, аға-бауырларымның туған жерісің. …Бізді туған топырағымыз қосады» деп басталады баянат. Ұзатылар сәттегі қыз сезімі қандай мөлдір, шынайы! «Менің халқым: «Қыз – жат жұрттық» дейді. Жат болу мүмкін емес, жат жұрттық болу мүмкін. Ұзатылып кетерде маған ауыр тигені сол болды. Менің ұзатылу тойымда Шырай әпкем сызылта ән шырқады. Ал менің жүрегім жылап тұрды. Менен гөрі үйдің қасында, тереземнің дәл түбінде өсіп тұрған терек тал бақытты сияқты. Күнде-күнде күрең тауларымды көріп жүретін, қой бағатын Бейсембай шал да бақытты… Енді қайта келгенде мен саған бөтен болам-ау, сені, сені тастап қайда бара жатырмын, Күреңбел? Той буымен жүрген қасымдағы достарымның сезімі, көңіл-күйлері біркелкі, менің ғана жаным мұңға батып, кетпей жатып туған жерімді сағынып тұрмын. Біресе Алтынтөбеге, біресе Бөкейтауға, енді бірде иректеліп ағып жатқан момын өзенім Теріске елжірей қараймын. Қырдан төмен құлап жатқан қасқа жолға көзім түскенде, көңілім босап кетті…» деп тебіренеді қыз жүрегі.
Көңілі алабұртқан қыз бұдан әрі бір баланың мініп жүрген атын «басы қатты, қайыру бермейді» дегеніне қарамастан сұрап мініп, Теріс өзенін бойлай, күрең белдерді бетке алып құйғыта шауып жөнеледі. «Аттың басын еркіне жібердім. Алтынтөбеге жетіп бір-ақ тоқтадым. Алтынтөбеден бүкіл ауыл көрініп тұр. Анау – менің үйім, анау тұрған егіз там – Сайып ағам мен Әмір көкемнің үйі. Анау – мектеп… Менің біріншіден оныншы сыныпқа дейін оқып, жеті жастан он жеті жасқа дейінгі өмірімнің куәсі болған, осы ауылдағы ең киелі орын. Ал анау – Төңкерістің жолы. Досым Зафирамның көшесі. Ол көше досым екеуміздің велосипедпен көктей өтетін көшеміз болатын… Жылап келем, көзімнің жасы күрең айғырдың жалына тырс-тырс тамады. Жануар тілі жоқ болса да, мені түсінетін сияқты. «Енді қайда барасың, қайда апарайын?» деп тіленіп тұрғандай. Аттың басын бастауға бұрдым. Мұп-мұздай бұлақ суынан қанып іштім… Барлық адамға туған жері ыстық қой. Маған да ыстық» деп түйеді ойын автор. Толғаулары туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміне шүп-шүп толы. Жүрегі де «туған жер» деп атқақтай соғады.
Сол бір аядай ғана ауылда ат жалын тартып өскен қайсар қыздың әр жылдарда еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Назарбаев университетінің ең үздік оқытушысы, профессоры атанып, ондаған монография, мемлекеттік стандарттар мен бағдарламалардың, оқулықтар мен оқу құралдарының, әңгіме, хикаяттар кітаптарының авторы ретінде бүгінде айтулы ұстаз, әдебиетші, тілтанушы ғалым атанып отырғаны – мақтаныш етуге тұрарлықтай емес пе? Ауыл-аймаққа, туған жер, қара шаңыраққа көрсетіп отырған құрметі, өнеге-үлгісі – осындай…
Осы орайда біраз жай ойға оралары бар. Ауылды ауыл еткен жанашырлық, сауапты іс, асар, телі-тентегін тезге салып, ортақ намысты жабыла қорғайтын ауылдықтардың қанына сіңген қасиет емес пе?! Сол қасиет қайта оралса, ауыл түлесе дейсің. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, міне, бұл мәселелер жеріне жеткізіле айтылғаны есте. Елбасы бұл тұрғыда «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды да ұсынды. Қолдап, қуаттарлық-ақ іс.
Жусаны жұпар аңқыған туған жер-ай, қанша жүректі жылатып, қанша жүректі жырлатумен келесің сен? Сен әмісе аман болшы! Гүлтас Сайынқызының да ауылдастарына арнап: «Туған жеріміздің, ауылымыздың шөбі қурамасын, суы суалмасын, азаматтары айбынды, қыздары дана болсын. Қолымыздан келген көмегімізді аямай, жыл сайын ауыл күнін өткізіп, «Күреңбел» қорын құрып, көмек қолын созайық» деп айтқан сөзі жанымызды жылытып, туған жерге деген перзенттік парызымызды тереңдетіп, тербей түсті.

Төле НАРЖАНОВ,
мәдениет саласының қызметкері.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*