Жамбыл Өңірінің туристік логотипі бекітілді

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығының сұранысына сәйкес «Bugin Group» ЖШС шығармашылық тобы өңірдің жаңа туристік логотипі мен брендбугін әзірлеп, ұсынды. Құрамына тарихшылар, археологтар, филологтар, университеттер мен колледждердің оқытушылары, бизнес-қауымдастықтардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар, 40 адамнан тұратын арнайы шығармашылық топ 2,5 ай уақыт ішінде логотиптің 5 түрлі нұсқасын жасап, талдап, сараптау барысында оның тек біреуі ғана облысымыздың туристік логотипіне лайықты деп табылған. Кәсіби дизайнерлер талап-тілектеріне сәйкес оның кез келген материал бетінде оңай оқылатын және қолданылатын, ең бастысы, есте қаларлық болуы тиістігі де екерілген.
Осы тұрғыда облысымыздың туристік логотипіне шығармашылық топ тарапынан қызғалдақтар, ежелгі монеталар, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жібек жолы, Айша бибі мен Қарахан тарихи ескерткіштері, басқа да мәдени нысандар бейнелері пайдаланылуы жөнінде ұсыныстар болғанын да атап өту ләзім.
Бұл жұмыс, міне, өзінің мәресіне де жетіп отыр. Жамбыл ауданында орналасқан ортағасырлық сәулет өнерінің үздік туындысы, еліміздің архитектуралық-құрылыс мәдениетінде теңдесі жоқ тарихи ескерткіш орны – Айша бибі кесенесінің терракоталық кескіні бейнеленген логотип шығармашылық топ мүшелерінің басым даусына ие болды.
Бүгінгі таңда Айша бибі кесенесі облысқа, елімізге ғана емес, сонымен қатар, шетелдік туристерге де айрықша танымал. Оның үстіне қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қарахан батыр мен ару Айшаның мәңгілік махаббаты туралы аңыз да – әлемдегі ең әдемі аңыздардың бірі болып табылады.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының қолдауымен жүзеге асырылған бұл жұмыс таяу арада өзінің жемісін береді деп те күтілуде. Логотиптер қала көшелеріндегі бильбордтарда, баннерлерде бірқатар нысандар мен аялдамалардағы ілме жазуларда, визиткалар мен сертификаттарда, буклеттерде, жейде, кепкі, шалма, қаламсап, блокнот, күнтізбе секілді кәде-сыйларда көрініс табатын болады.

«Ақ жол-Ақпарат».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*