«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы 9 қазан – Халықаралық пошта күніне орай «Жазылушылар күнін» өткізуді жыл сайын игі дәстүрге айналдырған. Биылғы салтанатты шара барысында филиалда «Сәлемдемелер супермаркеті» ашылды.
Өздерінің төл мерекесінде басылымдарға тұрақты жазылатын оқырмандарға арнайы сый-сияпат жасаған пошта қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов кәсіби мерекелерімен құттықтап, «Сәлемдемелер супермаркеті» орталығының лентасын қиды.
Бұдан кейін «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс атқарғаны үшін және мерзімді басылымдарға жазылым жүргізуде аталған байланыс торабын серіктес ретінде таңдағаны үшін бірқатар мекеме басшылары мен қызметкерлері «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, салада жемісті еңбек етіп жүрген пошта байланысы қызметкерлері де арнайы грамоталар мен Алғыс хаттарға ие болды.
Айта кетейік, «Қазпошта» АҚ-ның филиалы облыс аумағында 26 облыстық және 9 аудандық мерзімді басылымдарға жазылу мен таратуды қамтамасыз етіп отыр. Ауыл және қала тұрғындары баспасөзге поштаның кез келген бөлімшелері арқылы жазылуларына болады. Солардың ішінде, өздеріңіздің сүйікті, облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газеті де бар.
«Ақ жолға» жазылыңыздар, ағайындар!