Моңғолияда тұратын этникалық қазақ Жандос Шәріпұлы жуырда сол ел президенті Халтмаагийн Баттулганың кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
1984 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген Жандос Моңғолияның мемлекеттік жоғарғы оқу орнын әлеуметтанушы мамандығы бойынша бітірген. «Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін Баян-Өлгий аймақтық сауда және кәсіп палатасында қызметімді бастағанмын. Одан кейін саясатқа араластым. Демократиялық партияның аймақтық бөлімшесі жетекшісінің орынбасары, осы партияның аймақтық жастар одағының жетекшісі, үкіметтік геологиялық орталық лабораториясының іс басқарушысы және қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік әкімшілік департаментінің басшысы қызметін атқардым. Саясат мәселесіне белсенді болдым», – дейді ол.
Сонымен бірге, ол қызметте қалай көтерілгенін де айтып берді. «Қандай да бір жетістікке жету сол адамның саяси белсенділігі мен жұмысқа деген қабілетіне байланысты ғой. Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұнда барлық нәрсе бәсеке, білімде. Мәселен, кім артық біледі, кім тәжірибелі, кім жақсы істей алады – сол адам озатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз», – деген Жандос.
«Сонымен қатар біз – Моңғолия мемлекетінде ұсақ ұлттардың біріміз. Бірақ ұсақ ұлттың да қоғамдық белсенділігі болу керек. Қоғамның әрбір саласында ерекше қызмет ету арқылы өзімізді көрсетіп, мойындатуымыз керек. Менің өсуіме бұдан басқа осындағы аз ғана қазақтың қолдауы, ыстық ықыласы сеп болды. Оның үстіне өзімнің жеке басымның мүмкіндіктері де жетістікке жетуіме көмектесті», – деген ол бұрын-соңды президент көмекшісі болған қазақты естімегенін айтты.
«Бұрын-соңды Моңғолия президентінің кеңесшісі болған қазақты естімедім. Бірақ парламент депутаттары, министр болған қазақтар көп», – дейді ол.
«Ақ жол-Ақпарат».