Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қазақ боксшыларының қатысуымен керемет бокс кеші өтеді. Басты шайқаста бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген Қанат Ислам (24 жекпе-жектің бәрінде жеңген) канадалық Брэндон Хукпен жұдырықтасып (18 кездесудің бәрінде басым түскен), WBO NABO, WBA intercontinental белбеулерін сарапқа салады. Қос боксшы да жұрт күткен жекпе-жекке тас-түйін дайын. Қанат қалың қазақ жанкүйерлерінің алдындағы жауапкершілігін түсініп, қалайда жеңіс туын желбірететінін айтса, Хук та өзінің оңай шағылатын жаңғақ еместігін еске салып, Астанаға Қанат Исламды нокаутқа жіберуді көздеп келгенін жалықпай айтып жүр. Бокс кешін «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналары тікелей эфирде көрсететін болады.
Бұл күні рингке Қанаттан өзге сегіз қазақ боксшысы көтеріледі. Алдымен шаршы алаңда екінші орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетпек. Кәсіпқой бокста екінші кездесуін өткізетін Жәнібек бразилиялық Жильберто Перейра Дос Сантоспен қолғап түйістірсе, бірінші орта салмақ дәрежесіндегі жамбылдық жампоз Нұрсұлтан Жаңабаев та бразилиялық Алекс Сандро Дуартэмен жұдырықтасады. Сондай-ақ, жеңіл салмақтағы Димаш Ниязов бразилиялық Эдуардо Перейра дос Рейестің шамасын байқап көрсе, орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Джеронимо Барбадильоны жеңуге күш салады. Сонымен қатар, орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов бразилиялық Исмаэль Буэноға қарсы рингке көтерілсе, ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиас Афранлидің, жартылай ауыр салмақтағы Әли Ахмедов америкалық Джастин Томастың, жерлесіміз, жартылай орта салмақтағы Жанқош Тұраров аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйдің аптығын басуға талпынады. Біз қазақ боксшыларына тек табыс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».