Қанат Ислам шайқасқа дайын

Кәсіпқой бокста «Қазақ» лақап атымен танылған Қанат Ислам ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында 9 қыркүйек күні Астана төрінде канадалық Брэндон Хукпен жұдырықтасатыны белгілі. Кәсіби мансабында жеңіліс таппаған қос боксшының шайқасын жұртшылық асыға тосып отыр.
Бірінші орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Қанат Ислам күні бүгінге дейін 24 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, Брэндон Хук 18 жекпе-жегінде де жеңіс тойын тойлаған. Boxrec.com сайтының рейтингінде 25-орынға орналасқан қазақстандық боксшы 21-орынға жайғасқан Хукты жеңсе, бірнеше саты тағы жоғарылайтыны белгілі. Сондықтан отандасымыздың аянып қалмасы анық. Жекпе-жекте Қанатқа тиесілі WBO NABO, WBA intercontinental белбеулері сарапқа салынады.
Бүгінде Астана төрінде жаттығу жасап жүрген канадалық боксшы Қазақстанға Қанат Исламды нокаутпен жеңу үшін келгенін ашық айтып отыр. Сондай-ақ, ол қазақ боксшыларынан тек Геннадий Головкинді білетінін алға тартыпты. Өз кезегінде Қанат Ислам баспасөз мәслихатында сөз алып, кездесуге тас-түйін дайын екенін сөз етті.
«Бұл менің елімдегі екінші шайқасым. Жанкүйерлер қызу қолдау білдіреді деген ойдамын. Спортшы кез келген қарсыласқа бар ынта-шынтасымен дайындық жұмыстарын жүргізеді. Барлық жағдайға дайын болады. Мен үшін жекпе-жектің елордамыз Астанада өтетіні үлкен жауапкершілік жүгін жүктейді. Жанкүйерлерімді жарқын жеңісіммен қуантқым келеді», – дейді Қанаттың өзі. Қос боксшы бетпе-бет кездесіп те үлгерді. Біз Қанаттың жеңіске жететініне шүбә келтірмейміз. Алға, Қазақ! Бұл күні өзге де қазақстандық боксшылар шаршы алаңға көтеріледі. Олардың қатарында жамбылдық жампоздар Жанқош Тұраров пен Нұрсұлтан Жаңабаев та бар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>