ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар! Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға береке, зор денсаулық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған Құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі.
Осы Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастарымыз бен жерлестеріміздің де дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>