Ата Заңым – Айбарым!

Тәуелсіздік – барша қазақстандықтардың байлығы. Ал Ата Заңымыз – айбынымыз! Конституция қазақстандық қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттей отырып, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың сақталуына, әлеуметтік және экономикалық дамуға қол жеткізуге қызмет етіп келеді. Негізгі Заңның шапағаты осы. Оны жамбылдықтар күнделікті өмірде сезініп отыр. Жыл сайын Конституция күнін өңір тұрғындары сән-думанға бөлеп атап өтеді. Биыл да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекеге арналған салтанатты жиын өтті.
Облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шарада алдымен сахнаға мемлекеттік Ту әкелініп, Әнұран шырқалды. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды және барша жамбылдықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтады.
– Қадірлі жамбылдықтар! Ардақты көпшілік!
Еліміздің Ата Заңы – азаттықты айғақтайтын қастерлі құжат. Конституция – егемен ел екеніңді танытатын, дербес мемлекет екеніңді көрсететін жасампаздықтың жаңылмас Жарғысы. Біздің барша жарқын істеріміздің алтын таразысы, азат елдің Ар-намысы. Елбасы: «Конституция біздің басты құндылықтарымызды – Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты ғасырларға бекітті», деп атап көрсетті.

Конституция қағидалары барлық қазақстандықтарға тең мүмкіндік берді. Еліміз Ата Заңның аясында тарихи табыстарға қол жеткізді.

Біз Үшінші жаңғыруға қадам бастық. Ендігі межеміз – озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Өздеріңіз білетіндей, жыл басында Мемлекет басшысы Ата Заңға бірқатар өзгерістер енгізе отырып, мемлекеттік биліктің бірнеше өкілеттігін Үкімет пен Парламенттің құзырына берді.
Конституциялық реформадан басталған елдегі үлкен бетбұрыс халқымыздың рухани жаңғыруына ұласты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы арқылы рухани жаңғырудың 6 бағытын белгілеп берді. Бұл құжат барлық қазақстандықтарға серпін бергені анық.
Өңірімізде де жыл сайын экономикалық көрсеткіш өсіп келеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау кең өріс алды. Биыл 14 әлеуметтік нысан ел игілігіне жаңадан пайдалануға беріледі. Баламалы энергия көздерін өндіруден де өңіріміз көш басында тұр. Күннен, желден, судан энергия көздерін өндіруді дамыта беретін боламыз.
– Қадірлі жерлестер!
Көп ұлтты еліміздің алтын арқауы – Ата Заң. Осы Заңмен өмір сүреміз, мақсаттарымызға жол ашамыз. Конституция – демократия мектебі. Бұған өңірдің әр тұрғыны құрметпен қарайды деп сенемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Ата Заңымыз ғұмырлы болсын, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Мерекеге орай бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын облыстық филармония ұжымының мерекелік концертіне ұласты.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>