Екі аптада 13100 оқушыға көмек берілді

Ата-аналар жаңа оқу жылының қарсаңында баласының киім-кешегін жаңалап, оқуға қажетті құрал-жабдығын түгендеуге кіріседі. Себебі, қатар-құрбысынан қалғысы келмей қиғылық салу – жас жеткіншектерге тән мінез. Керек-жарағы түгел болмай қалса, сабаққа бармай қоюға бар. Сондықтан әке-шешесі мейлінше, бәрін жаңалауға тырысады. Ал ондайға жағдайы келмейтіндерге республикалық «Мектепке жол» акциясы шеңберінде көмек көрсету жолға қойылған. 1 тамызда басталған бұл науқанға біздің өңірімізде үн қосушылар көп. Мекемелер мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер мүмкіндіктерінше қолдау көрсетеді.

Облыстық білім басқарма-сының жалпыға міндетті орта білім беруді ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Саясат Есеевтің айтуынша, аталған акция аясында өңірімізде арнайы санатқа жататын 30 мыңға жуық баланы мектепке қажетті оқу-құрал, киімдермен қамту жоспарланыпты. Акция бастаған 15 күн ішінде 13 100 оқушы оқу жабдықтарымен қамтамасыз етіліпті. Акцияның алғашқы онкүндігінің қорытындысы бойынша Тараз қаласы алда келеді екен.
Атап айтқанда, Тараз қалалық бюджеттен бөлінген 35 миллион 383 мың теңгеге жетім, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының 9835 баласы қыстық киіммен қамтамасыз етілген. «Бұдан бөлек акцияның алғашқы 15 күнінде кәсіпкерлердің қамқорлығымен арнайы санаттағы 50 балаға көмек көрсетілді. Жұмсалған қаражат 350 мың теңгені құрайды. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғаса береді. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен бөлінген 45 миллион 540 мың теңгеге 1035 жеткіншектерді халықаралық ЭКСПО көрмесіне қыдырту жалғасуда. Олардың ішінде жетім, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасынан шыққан және озат оқушылар бар. Мұның өзі олардың жаңа оқу жылында сабақты зор құлшыныспен оқуларына ықпал етері анық, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің үздіксіз білім беру секторының меңгерушісі Дүрия Тоғатаева.
Жуалы аудандық бюджетінен «Мектепке жол» акциясына 1700 оқушыға 17 миллион теңге бөлінген екен. Қазірдің өзінде жуалылықтар осынша баланы қыстық киімдермен, оқу құралдарымен қамтып үлгерді. Аудан әкімдігінің білім бөлімінің әдіскері Әйгерім Сыдықова: «Аудан әкімінің қолдауымен 200 баланы мектепке қажетті жабдықтармен, киіммен қамту көзделуде. Бұл шараға аудандағы мекемелер мен ұйымдар да тартылуда. Кәсіпкерлер тарапынан да қолдауды сезініп отырмыз», – деп ақпар берді.
Байқағанымыздай, акцияның алғашқы 15 күнінде Тараз қаласы мен Жуалы ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Ал Жамбыл мен Байзақ аудандары акцияның екінші онкүндігінде әлеуметтік қолдау шараларына қарқын қосамыз дейді.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>