Отандасымыз, бүгінде әлемдік кәсіпқой бокстың жарық жұлдызына айналған Геннадий Головкин соңғы бес жекпе-жегінде 12 миллион доллар тапқан. Бұл туралы Prosports.kz сайтының журналистері мәлімет таратты.
Белгілі болғандай, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин соңғы бес жекпе-жегінде жалпы сомасы 12 миллион доллар сыйақы алса, ең жоғары сыйақыға британиялық боксшы Келл Брукпен болған кездесуінде қол жеткізген. Оның көлемі – 4 миллион АҚШ долларын құрағаны бокссүйер жанкүйерлердің есінде шығар.
Ал америкалық Дэниэл Джейкобсқа қарсы соңғы жекпе-жегінде Геннадий Головкиннің сыйақысы 2,5 миллион долларды құраған. Атап айтсақ, еліміздегі ең табысты спортшылардың көшін бастайтын GGG-дің соңғы 5 жекпе-жегінде алған сыйақы көлемі төмендегідей: 2015 жылы Кіші Вилли Монромен болған кездесуінде (АҚШ) 1,5 миллион АҚШ долларын, Дэвид Лемьемен (Канада) болған жекпе-жегінде 2 миллион АҚШ долларына қол жеткізген ол өткен жылы да екі кездесу өткізіп, жеңіске жеткен болатын. Онда Доминик Уэйдті (АҚШ) ұтып, 2 миллион, Келл Брукты тізе бүктіріп 4 миллион АҚШ долларына ие болған.
Ал ағымдағы жылдың наурыз айының он сегізінде болған жойқын жекпе-жекте отандасымыздың Дэниел Джейкобстен (АҚШ) басым түскенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл кездесуде Гена 2,5 миллион АҚШ долларына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, 16 қыркүйек күні Лас-Вегастың T-Mobile аренасында Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».