Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында 22 шілде күні Жапонияның Ұлттық күні «JAPAN DAY» аталып өтеді. Бұл туралы 2017 жылдың 17 шілдесінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
Қазақстаннан және күллі әлемнен келген қонақтар Жапонияның дәстүрлі және заманауи мәдениетімен таныса отырып, бұл мемлекеттің дара тартымдылығын сезіне алады. Жапон павильонының комиссары Накамура Томиясудың сөзінше, Жапония ЭКСПО халықаралық көрмелері арқылы бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәселелерді шешуге бағытталған өзіндік идеялар мен шешімдерді ұсынып келеді. «Астана ЭКСПО» халықаралық көрмесінде орналасқан Жапония павильонының тақырыбы – «Smart Mix with Technology». Түрлі энергия көздерін ұтымды қолдану арқылы, арзан әрі қауіпсіз энергияны қолданудың маңыздылығын баршаға түсінікті түрде көрсеткіміз келеді», дейді жапониялық комиссар. Жапония ұлттық күнінің басты салтанаты ретінде арнайы қойылымдар мен мәдени іс-шараларды атауға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жапонның дәстүрлі аспаптарының орындаушылары тек осы күнге арнап хитирики, сягухати (үрмелі аспаптар) мен кото (ішекті аспап) аспаптарында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Жапонияның әр өңірінің биін жаңа цифрлы технологиялармен бірлестіріп, қонақтар қатыса алатын аудио-визуалды шоу ұйымдастырылады. Павильон қонақтарына тағы бір жағымды жаңалық – Ұлттық күн барысында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Роза Рымбаева мен танымал домбырашы Асылбек Еңсепов өнер көрсетеді. «Жапония павильонына келушілердің саны 250 мың адамнан асты. Жапония павильоны келген қонақтардан әрдайым жылы лебіздер естиді. Біздің павильон бейнекөріністер мен суреттерді қазақ тілінде ұсынады. Бұл келген қонақтарымыздың көңілінен шығуда. Экскурсия аяқталған соң барлығы келіп ризашылығын білдіреді», дейді Накамура Томиясу. Жапония Ұлттық күнінің бағдарламасы келесі шаралардан тұрады: Мерекенің ашылу салтанаты мен Мәдени көрсетілім (Өткізілетін орны: Ұлттық күн сахнасы). Сағат 10:00-ден бастап жапон ұлттық музыкалық аспаптарының арнайы қойылымы өтеді. Жапонияның дәстүрін бейнелейтін жапон дәстүрлі музыка аспаптар концерті «Japan culture stage wagakki» (Өткізілетін орны: Энергия холлы). Сағат 15:00-ден бастап «Дәстүр дами береді» деген атаумен жапон музыка өнерінің беделді өкілдерінің қатысуымен концерт өтеді. Тек осы күндерге арналған Жапония павильонының арнайы қойылымы: Жапонияның жаңа заманын бейнелейтін интерактивті аудио-визуалды қойылым «Dance viewsic en» (Өткізілетін орны: Жапония павильоны Zone I және Zone II залдары) 2025 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге кандидат қала Осаканы насихаттау іс-шаралары «OSAKA 2025 PR event» (Өткізілетін орны: Ұлттық күн сахнасы, Сақиналы желек жол). «Japan day «Future Energy» Performance live by GISPRI» мәдени көрсетілімі (Өткізілетін орны: Энергия холлы). Сөзінің соңында Накамура Томиясу барша қонақтарды Жапония павильонында асыға күтетіндігін жеткізді.
Айгүл ШЕРНИЯЗ, «Егемен Қазақстан»