Қамқорлыққа бөленген қариялар

ЭКСПО-ны алаңсыз тамашалап келді

Ауданнан отызға тарта ардагер қайырымды жандардың көмегімен Астанаға сапарлап қайтты. Араларында жасы 93-ке қараған Ұлы Отан соғысына қатысушы Керімқұл Қосақов қария бар, сондай-ақ, Әлхан Қожамқұлов, Асық Валиев, Шәпен Молдахалықов, Қайым Қарымсақов, Әбікен Сейілханов, Молдахан Лақов, Тұрсын Қалығұлов, Зейнеш Әбдімәлікова, Сәулебике Сәрсенбай сынды жастары сексеннен асқан тыл еңбеккерлері еліміздің бас қаласындағы төрткүл дүние көз тігіп отырған ЭКСПО көрмесін үлкен қызығушылықпен тамашалап, қаланың өзге де көрікті жерлерінде болды.
– Жасы келген қариялар жолдың ұзақтығы мен күннің ыстығында қиналып қалмасын деп дәрігер ертіп алғанымыз дұрыс болды, – дейді осы сапардың басы-қасында болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет. – Қарттарды деміл-деміл тынықтырып, қан қысымын өлшеп, қажет болса дәрісін беріп дегендей, алақанға салған қамқорлықпен апарып қайттық.

Қордайдың қариялары көрмедегі қазақстандық павильонды түгел аралап, баламалы энергия көздерінің түр-түрімен танысты. Экологиялық тұрғыда зиянсыз судан, желден және күн сәулесінен қуат өндірудің жалпы ғаламшардың климатына, адамзаттың болашағына пайдасы жайлы ақпараттарға қанықты. Үш күнде қаланы да аралап үлгерген. Астананың символына айналған Бәйтерекке көтерілсе, Ұлттық мұражайда, Этноауылда болып халқымыздың тарихы, ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы экспонаттар мен көріністерді тамашалаған. ЭКСПО қалашығында арнайы қонақжайда екі түнеп, күніне үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Билеттер пакетімен қамтамасыз еткен «Кочевник» ұлттық туристік компаниясы бұл сапарды Қордайдағы өкілдігі арқылы алдын ала дайындап қана қоймай, Астанаға барғанда бір адамы тосып алып, қонақжайға орналастырып, екі күн бойы ілесіп жүріп, қайтарда пойызға дейін шығарып салып қамқорлық танытқан.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы сапарды ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсеткен демеушілерді айрықша ризашылықпен атап өтті. – «Aurum Deutschland» ЖШС (Иогань Штоль), «Ақ тас» ЖШС (В. Подшибякин), «Благовещенка» ЖШС (О. Варшакидзе), «Луми-ЛТД» ЖШС (Лугмар Буларов), «Элемир» ЖШС (Қ. Молдажанов), «Медет» ШҚ (Қ. Тілеубердиев) және «Кочевник» ұлттық туристік компаниясының (Гауһар Жеңісбек) жан-жақты қамқорлығы арқасында қарттарымыз Астана сапарынан шаршап-шалдықпай, еліміздің бүгінгі көркейген келбетін көзбен көріп сүйсінген әсермен оралды, – дейді Біржан Әбдікерімұлы.

Құрманбек әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>