Үгіттеп ізгілікке жыр айтайын…

Облыстық  «Һибатулла Тарази» мешіті мен Жамбыл атындағы облыстық Руханият  орталығы бірлесіп, облыстық  «Ақ жол» газетінің ақпараттық қолдауымен, «Отанды сүймек иманнан» атты жыр мүшәйрасын  жариялаған болатын. Отыз күн оразада аталған бәйгеге отызға жуық ақын дәстүрлі дінді құрметтеу, салт-дәстүрді дәріптеуге арналған өлеңдерін ұсыныпты. Біз бүгін аталған мүшәйра жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Иман жайлы баллада

 

Хамит Есаман.
(Бас жүлде)

 
Көңілдегі кір баспайтын көрігім,
Құрметтісі ұлы жүрек төрінің.
Тіршілікте тағдырымның ақ нұры,
Өлгенде де ақыреттік серігім.

Адамзатқа нәсіп еткен құдірет,
Санаңдағы көрінбейтін сүгірет.
Ойыңдағы білінбейтін бұла күш,
Сауабыңды арттырады мың рет.

Жаратушы жар боп өзі қолдасын,
Ойламаған жерден ғұмыр солмасын.
Құдіреттік ғажайыбы бұл иман,
Қияметке дейін болсын жолдасым.

Иман аты – ізгіліктің жаршысы,
Алла берген ақиқаттың аршысы.
Жақсылықтың диқаншысы әлбетте,
Тіршіліктің ең бір мөлдір тамшысы.

Иман нұры домбыраның үнінде,
Ен қасиет салт пен дәстүр тінінде.
Таста қалған тарих болып танылды,
Кәусарланып жыр мен дастан тілінде.

Имани гүл жаныңдағы жақсылық,
Әрбір күндер сыйлай-тұғын жақсы үміт.
Иманыңның кемелдігі емес пе,
Бар ісіңді Хаққа жүрсең тапсырып.

Тараз қаласы.

Дұға-тілек

 

Үміт Битенова.
(І жүлде иегері)

 
Сансыратар сан сұрақтан бас қатып,
Сақтап мені салып тура жолға тек.
Бар ісімді «Бисмилләһпен» бастатып,
Иман бердің, Ібіліс тілін алма деп.

Я Ұлы Аллам! Ұлы аршының Раббысы,
Құдіретіңе құлдық ұрам сәт сайын.
Шамам келсе сарқылғанша бар күшім,
Сенен келген Құран сөзін жаттайын.

Уа Жаратқан, Әр-Рахману, Әр-Рахим,
Сенің көркем аттарыңа тәнтімін.
Саған деген мұқтаждықтан бай рухым,
Теңесе алмас оған ақша, алтының.

Барлық дұғам бір Өзіңе арналып,
Бір Өзіңе ғана, Раббым бойсұндым.
Әлемнің Хақ билеушісі – Әл-Мәлик,
Бір Өзің деп келеді өмір мен сүргім!

Кеш күнәмді, аса қамқор Құдайым,
Қалдыра көрме қайырымыңнан қапы тым.
Амал жасап, сауабыңнан сұрайын,
Нәсіп ет деп екі дүние бақытын.
Аспан мен жер, бар тіршілік мұндағы,
Сенің шексіз мұғжизаңнан жаралған.
Қолыңда тұр бүкіл дүние құндағы,
Барлық мадақ жалғыз саған тән, Аллам!

Талас ауданы.

Дүние-дастан

 

Серік Қалиев.
(ІІ жүлде иегері)

 

Болмаса жұртқа берер үлгі-өнегем,
Жөн болар сөйлегенше, үндемеген.
Үгіттеп ізгілікке жыр айтайын,
Сөз ұғып, жан табылса тілге көнер.

Ұрынар қадам сайын қателікке,
Не жақсы, не жаманды білмегендер.
Бағалап адамшылық қасиетін,
Тілеймін аманшылық кімге де мен.
Өмір деген арнасы кең өзенде,
Жүзіп келе жатқан соң бір кемемен…

Қалауын қандай адам игере алар,
Қаперсіз болсаң, тұрмыс илеп алар.
Ойлайды көптің қамын жатпай-тұрмай,
Көп сырды көкейіне түйген адам.

Қолға алар отбасының тәрбиесін,
Отанын от жүрекпен сүйген адам.
Биліктің балағынан бит іздейді,
Салқыны саясаттың тиген адам.
Алдында адамдардың биіктейді,
Алланың алдында бас иген адам.

Тілдер бар жүректі тілімдейтін,
Арғымақ болушы ма еді сүрінбейтін?
Тәубе етіп, үлгерейік күн келгенше,
Исрафил періште сүр үрлейтін…
Өмір деген ұрлықшы секілді ғой,
Өтіп бара жатқаны білінбейтін…

Жамбыл ауданы.

Отанды сүйе
білдік біз!

 

Есет ДОСАЛЫ.
(ІІІ жүлде иегері)

 
Кім үйретті тау ма, жазық дала ма,
Мүмкін ауыл, әлде ата-ана ма?
Сәби кезден адал болу ұғымы,
Сәуледей боп құйылыпты санама.

«Арамнан ас жегізбейін» деп бізді,
Ата-анам еңбекпен күн өткізді.
Қой соңында қырды кезіп жүріп-ақ,
Он баласын осы күнге жеткізді.

Тоқсан бітсе, малды ауылға жүгірдік.
Табиғаттың мінезіне үңілдік.
Ат құлағы көрінбейтін боранда,
Ата-ананың құшағында жылындық.

Әдеп көрген, әке басқан әр ізден,
Малды ауылдың бір бөлшегі тәрізді ем.
Қыстау менен қой өргізген жайлауды,
Кем санамай өстік Лондон, Парижден.

Маңдай ақы, тердің дәмін білгелі,
Адал жолмен бастық қадам ілгері.
Бұзық болу ойымызға келмепті,
Бәлкім оған қолымыз да тимеді.

Қызғалдағы қол бұлғаған қыр беттен,
Қасиетті далам сенсің – бір Меккем.
Сай-сала мен қойтастарың түгілі,
Қурайыңа қарап тұрмын құрметпен.

Қазақ құлы – жалғыз Жаппар Иенің,
Отан болса – ең ұлысы киенің.
Тәубеге кеп, барған сайын сәждеге,
О, туған жер, топырағыңды сүйемін!

Тараз қаласы.

Қадір түні

 

Ералы Әбілезов.
(ІІІ жүлде иегері)

 
Күндегіден мүлде бөлек хал-күйім,
Әлде естіп анашымның әлдиін.
Әлде желпіп періштелер қанаты –
Жер мен көктің арасында қалқыдым.

Әбейлеген (әлдилеген) кім мені,
Әлем қандай, адам қандай күрделі?!
Қадір түні – елес емес: Иемнің
Жылы жүзбен жымиғаны, күлгені.
… Көзіне де ілмес үлде-бүлдені,
Жусан исі жапырақтар гүлдеді!

Бәрін хаттап берем демен Үлгінің,
Жеңілдесе – жетіп жатыр сәл жүгім.
Даналықты зағиптардан үйренген,
Лұқпан хакім келе қалғай дәл бүгін.

Қорқыт атам қобызына сүрініп,
Асан атам бір қиырда кідіріп…
Жеткенінше, Азаулының әз биі –
Аяз келе қалса, қайта тіріліп!

Кие – Құттым, Таққа мінсе – қонса бақ,
Шығайбайлар, Батыраштар сол замат.
Аунар еді зәр сындырған жеріне,
Қояр еді сосын… гүлмен қоршалап.

Елтұтқалар – сүйенішім, тірегім,
Отан, Иман – беріктігі іргемнің.
Ғасырлардан жеткен сілем-сүрлеуді,
Аманат деп, күре жол деп жүремін.
Қабыл болғай, Қадір түнгі тілегім.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>