Тараз қаласының тумасы Арман Жаңабаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады. Ол Сауд Арабиясының инвестициялық қорын басқару міндеттелген (Money Management) Нью-Йорктағы SIB Portfolio Advisors компаниясында бағдарламашы болып еңбек етеді. Арман аталған компанияның жасаған инвестициялық операцияларының транзакцияларын бақылайтын «in-house application» жасаумен айналысады.
Арман АҚШ-қа алғаш рет 2006 жылы Work and Travel бағдарламасымен келген. Студент кезінде Нью-Йорктың алып ғимараттарына тәнті болып, Манхэттенде жұмыс істеуді өзіне мақсат етеді. Тараз мемлекеттік университетінде «Ақпараттық технология» мамандығын бітірген қазақтың баласы алып корпорацияларға жұмысқа тұру үшін беделді университетте білім алу маңызды емес екенін айтады. Оның айтуынша, АҚШ-та білімді әрі еңбекқор адам міндетті түрде өзінің сыйлы орынын табады.
Арман оқуды тәмамдаған соң, Англияға тіл үйрену мақсатында кетеді. Лондонда бір жылдай жүріп, IT бойынша қосымша кәсіби тәжірибе арттырып та үлгереді.
«Англияда жүріп, дамыған елдердегі университеттерге оқу өтініштерін толтыратынмын. Бір күні анам Тараздағы мекен жайымызға менің атыма хат келгенін айтты. Ол АҚШ елшілігі жіберген мәлімдеме екен. Green Card лотереясына өтініш бергенімді ұмытып кетіппін», – дейді Арман.
АҚШ жаңа құрлыққа бүкіл әлемнен адамдар ағымын қайта жаңғырту мақсатында Green Card жобасын іске асырған. 1993 жылдан бері әлемнің әртүрлі елдерінен келген түрлі адамдар АҚШ резиденті атанады. Оларға бастапқыда жеңілдіктер беріледі. Айта кетсек, АҚШ үкіметі резиденттерінің тіл оқу курстары мен университеттерде білім алуын толығымен қаржылай қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, тегін медициналық сақтандыруға ие болады.
Арман Жаңабаев қазіргі жұмысындағы орнына жету үшін біршама тер төккен. Ол АҚШ-қа дағдарыс кезінде келген. Сол себепті бастапқыда жұмыс табу мүмкін болмапты. Амалсыздан, студент кезінде жұмыс істеген Вирджиния штатындағы Манас қаласына барады. Сол жердегі бұрын танысқан француз отбасы оған бастапқыда қолдау білдірген екен.
Десе де, Арман өзінің кәсіби мансабын алып қалада бастау үшін Нью-Йоркқа қайтып оралады. «Нью-Йорк – жан-жақты тартымды қала. Вирджинияда жеке көліксіз жүру мүмкін емес. Ал Нью-Йоркта ең қолайлы транспорт – метро. Манхэттенде таксиге мінсең, екі үш сағаттың көлемінде кептелісте қалып қоюың бек мүмкін», – дейді ол.
Жас бағдарламашы алғашқы жеті ай Вирджинияда тұрып, әртүрлі жұмыстарымен айналысады. Кейін Нью-Йорк қаласының Бруклин округіндегі жергілікті компанияда екі рет сұқбаттан өтіп, тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады. Қалтасында небәрі 400 АҚШ доллары болған Арманға жұмыс беруші компания сағатына $10-дан төлеген.
Содан кейін Арман Манхэттендегі сақтандырумен айналысатын инвестициялық қорларға (хедж-фонд) бағдарламалық қамту жасайтын HazelTree Fund Services компаниясына Junior Developer болып жұмысқа ораналасады. Аталған компанияда 1,5 жыл еңбек етіп, SIB Portfolio Advisors компаниясына ауысады.
Арман елге жылына екі рет барып тұрады. Сондай-ақ, ол өз туысқандарын Нью-Йорк қаласына алып келіп, бірге саяхаттауды жиі ұйымдастырады. Жақында қазақ қызына үйленіп, отбасын құрған.
Жолдас Өрісбай, Информбюро