Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилимен кездесті.
Мемлекет басшысы Грузия Президентінің сапары айтулы оқиғаларға – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Сіздің осы сапарыңызға және Грузияның көрмеге қатысқанына дән ризамыз. Біздің қарым-қатынастарымыз әркезде де жақсы болды. Елдеріміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір-біріне жан-жақты көмек көрсетті. Қазақстан Грузия экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Екіжақты қатынастарды одан әрі жақсартуға ешқандай да кедергі жоқ. Бұл тұрғыда Сіздің сапарыңыздың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Грузия Президенті еліміздің даму қарқынына қызығушылық танытып, Қазақстанға келуге көптен ықыласты болғанын айтты.
– Сіздің және халқыңыздың қиындыққа толы осы жылдарда ауқымды жұмыс атқарғандарыңызды қазір өз көзіммен көріп отырмын. Грузин халқы Сіздің еліңіз бен жеке өзіңіз тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылық білдіреді және оны бағалай біледі. Грузияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аса маңызды деп санаймын. Біз онда өз экономикамыздың жетістіктерін көрсетіп, дәстүрлі тату көршілік байланыстарымызды жалғастыра аламыз, – деді Г.Маргвелашвили.
Сондай-ақ Грузия Президенті экономикалар ынтымақтастығының тұжырымдамасына өз елінің белсене қатысып, халықтар арасындағы диалогты дамытуға жағдай жасап отырғанын атап өтті.
– Сіздің осы бағытта орасан зор жұмыс атқарып жүргеніңізді білемін. Біздің елдеріміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері дәл осы бағытта дамып келеді, – деді Г.Маргвелашвили.
Соңында Грузия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұзақ жылдардан бергі қолдауы үшін зор алғыс білдіріп, Астанадан алған әсерлері жөнінде айтты.
* * *
Мемлекет басшысы Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилидің ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Грузия арасында тату көршілік пен тұрақты қарым-қатынас орныққанын атап өтті.
– Бүгін осы жүздесудің болғанына қуаныштымыз. Грузия Президентінің сапары дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына орайлас келді. Соның аясында Грузия павильоны ашылады. Қазақстан мен Грузия арасындағы бүгінгі қарым-қатынастар тұрақты сипатқа ие болып отыр. Біз тарихи, достық ынтымақтастығымызды ешқашан үзген емеспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ауқымы кең мәселелер бойынша келіссөздер барысында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өзара тиімді іс-қимыл жасау мүмкіндіктері қарастырылғанын айтты.
– Қазір Грузияны Қазақстан сияқты транзиттік мемлекетке айналдыруға мүмкіндік бар. Сөйтіп, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығуға болады. Грузия арқылы өтетін газ бен мұнай көлік дәліздері де бар. Осыған орай біз Қазақстан компанияларына тиесілі Батуми мұнай терминалы мен портының мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бұл жол барлық мүдделі елдер үшін пайдалы болатынын және оның Қазақстанның көлік әлеуетін арттыра түсетінін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзара тиімді сауда ынтымақтастығының қажеттілігіне тоқталып, осы бағыттағы қатынастарды ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев гуманитарлық және білім салаларына қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар туралы әңгімеледі.
– Біздің мәдени-гуманитарлық қатынастарымыз әрдайым жоғары деңгейде болды. Соны жалғастыра беру керек. Жастарымыз да дәстүрімізді жалғастырып, қарым-қатынастарымызды дамыта беру үшін университеттеріміз арасында студенттер алмасуды жолға қою мүмкіндіктері туралы әңгімелестік. Грузия Президентінің Қазақстанға сапары екіжақты байланыстардың маңызды мәселелерін шешу үшін біздің үкіметтеріміздің өзара іс-қимылына серпін береді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы Г.Маргвелашвилиге сапармен келгені үшін тағы бір мәрте алғыс айтып, барша Грузин халқына табыс тіледі.
Грузия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын айтып, өзара тиімді ынтымақтастықтың кеңейе түсеріне сенім білдірді және Қазақстан Президентін Грузияға сапармен келуге шақырды.