Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор мен төраға орынбасары ауысты. Бұл туралы ҚазАқпарат сайты хабарлады.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамында кадрлық өзгерістер жасалды. АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары болып Ерболат Қаменов тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Жандос Бәделұлы өз өтінішімен босатылыпты. Жандос Бәделұлына нәтижелі еңбегі үшін газет редакциясының Құрмет грамотасы және ескерткіш сыйлық табысталды.
Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып жаңа сайланған Амантай Шәріп ғылыми жұмыстарын жалғастыру туралы өтініші бойынша, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметінен босатылды. Оның орнына бас редактор болып белгілі журналист, газеттің бұрынғы қызметкері Қуат Бораш тағайындалды.
Сондай-ақ, Басқарма төрағасының шешімімен басылымның Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып бұған дейін Алматыдағы тілшілер қосынында жұмыс істеген Алмас Нүсіп бекітілді.