Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бар қазақтың баласы сияқты Мырзатай Жолдасбековтің есімін жастайымнан естіп, біліп өстім.
Оның басқалай алып-қосар себебі жоқ. Әулиеата өңірінде, Талас топырағында Мырзатай ағадан асқан әдебиет ғылымының тарланы бұрын-соңды шыққан да емес, болған да емес. Ол кез Алматыға қарай бой түзеп, хабар-жаңалық күтіп жүретін қазақ ағайындар өзінен бұрын жақсы аты шыққан азаматқа сырттай-ақ сүйсініп, керемет құрметтейтін өте тағылымды уақыт болатын.
Қоңыр тірлік заманда, Талас ауданындағы Түгіскен ауылындағы ел ішіндегі шежіре тарихты қозғаса, күнді күнге, таңды таңға ұластырып айта білетін Ағыбай жәкем Төлепбергенов қарияның үйіне бір топ кісілер қонаққа келді. Жәкемнің сөзімен айтсам, «Қаратау қойнауындағы Ақтөбе ауылында Жолдасбек деген жақын ағайын кісінің Мырзатай есімді баласы үйге аман-саулық сұрасып келіпті. Қасында Шерхан Мұртаза баламыз бар. Мырзатай біздің ең жақын жиеніміз болады. Өте әдепті, әрбір сөзге сергек, ұғына қарайтын жігіт көрінеді. Тапжылмай отырып, ескіден қалған әңгіме-қиссаларды менен жазып алды». Сол жылдары уақытын іштей санап көрсем, Мырзатай аға біздің ауылға келгенде 30-ға толмаған екен. Жас ғалым сол сапарында Талас өңіріне әйгілі Төреқожа, Мәді секілді ауыз әдебиеті өкілдерінің мұрасын жинап, Ұлбике ақын шығармаларын сұрастырып, ел ішінен өнердің асыл маржандарын іздеп жүрген кезі болса керек.
Мен қонақ күту дәстүріне сай дастарханға үлкен ас келгенде қонақтардың қолдарына су құйғанмын… Енді арада 50 жыл өтіпті.
Шераға биыл күзде 85 жасқа толатын болса, Мырзатай ағам сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Асқар таудай екі ағамнан мен ешуақытта алыстап кеткен жоқпын. Бірі – қаламгер ұлы ұстазым, Мырзатай аға болса, жүрегіне қалам сүйеген көрнекті мемлекет қайраткері. Тұрар Рысқұловтардың жүрек қуатындай ірі билік тізгінін ұстаған басшы әрі қазақ интеллигенциясының қалыптасқан мәдениет иірімдеріне жаңа леп, соны әрі жаңаша мәдени құбылыс әкелген сөз өнерінің адамы. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, «қоспасыз». Қазақстанның соңғы 30-40 жылдар ішінде мойындалған идеология майданының ең ізгі тұлғасы.
Мен шынымды айтайын, кейінгі 15-20 жыл бедерінде Мырзатай Жолдасбековтің ғылыми еңбектері мен шығармашылық туындыларын, кесек тұлғалы қайраткерлік өмірі жайында жазылып тасқа басылған 200-ге жуық әртүрлі әдебиет және баспасөз жанрындағы мақалаларды оқыдым. Авторларына келсек, Құдай ақы, туған халқы жанындай сүйетін сан қырлы саңлақ тұлғаның өнегесін арқау еткен кісілер қазақтың ең әйгілі, ең абыройлы, ең үздік қайраткер азаматтары мен ғалым, әдебиеттің марқасқа өкілдері.
Қазақтың абыз ақыны Әбділда Тәжібаев сонау 1997 жылы «Мырзатай аты да әдемі, өзі де әдемі, істеп жүрген ісі де оңды, керемет жігіт. Алаш азаматтарының көрнекті білгірлерінің бірі» деп сирек дарын иесіне, ел-жұрты үшін өмір сүретін, мақтаныш көретін азаматына өзінің аталық бағасын берген екен.
Мұндай асқан разы көңіл қазақ қоғамы үшін сөз айта алатын қазақтың озық азаматтары ортасынан шығып отыр.
Ал мақтау мен мақтаныш – екі түрлі нәрсе екені рас.
Мырзекеңнің өз жазғандары мен сұхбаттарын 7 том кітаптан толық оқып шыққан сан мың оқырманның бірімін.
Алла Тағала қазақ сөз өнерінің бар қырын, ақылды, шешендік қасиеттердің ең шұрайлысын осы кісінің тұла бойына дарыта алғанға ұқсайды.
Тура, өткір әрі жүрегіңді «жаулап» алатын соншалықты қымбат ой-толғамдар «Асыл арналар», «Жүз жырлаған жүрек», «Тоқсан толғау», «Ел тағдыры – ер тағдыры», «Шың мен шыңырау», «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы», «Тастар сөйлейді», «Күндерімнің куәсі», «Сөзді ұғатын кез келді» секілді тамаша туындылардың әрбір жолында бедерленіп, айшықталып оқылады.
Әдеби-ғылыми ортада ма, әлде шенеуніктер ішінде ме, жоқ, әлде өнер мен мәдениетті сүйетін, қазаққа керек ақыл-ойды іздеп жүрер адамдар ма, біздің елде Мырзатай Жолдасбековті оқымайтын жан жоқ деп білемін. Бәрі де Жолдасбековтен оқып, білім, үлгі алады.
Әсіресе, тәуелсіздіктің таңғы нұрында Жолдасбековтей қалың ел ерекше қадірлейтін азаматтар ауадай керек-ау.
Ол кісі Отанымызға керек адам! Қазақтың Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би сияқты ұлы перзенттері сияқты қазақтың сөзін ұстап, намысын жыртатын талантты ұлдардың бірінің мейлінше қарапайым, мейлінше мейірімді өмірінде талай-талай тағдырлы кезеңдер мен ауыртпалықтар әкелген уақыт сынағы жайында – ол өз алдына бөлек әңгіме.
Ал әйтпесе, ел жүрегіне мықтап ұялаған М.Жолдасбековтің ұлтын сүйген қадір-қасиеті, өзіне тән ұстамды мінез-құлқын жоғары қойғанымен, ел намысы сынға түскен шақта шамырқанып, асау толқындай тасып, тіптен жүрегін жаралаған кездер аз болды дейсіз бе?
Қиналғанда, әділетсіздікке тап тірелгенде жүрек жараланбады дейсіз бе?
Мырзекеңнің ұзақ жылдарының куәсі – күнделік дәптері. Оның терең және ашық айтылған жан сырын оқып шыққан адамдар көп жайтты аңғарып, зерделеніп шығар.
Мен осыдан бірер жыл бұрын сәті түсіп, «Қазақстан-Тараз» телеарнасында 40 минуттық сұхбат алғанымда, ағаның ағыл-тегіл ой-пікірі мен көзқарасын естіп, оны жұртқа жария еткен шақта көрнекті адамның Қазақстан компартиясының Орталық комитетінде идеология бөлімін басқарып жүргенде Өзбекәлі Жәнібеков сықылды біртуар тұлғамен тізе қосып, қазақ мәдениетінде ұзақ жылдар бойы жабулы жатқан Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов тәрізді халықтың өзіне қайтарылған Жүсіпбек Аймауытовтың «қырық әріп үйреткен адамға қырық күн сәлем бер», деп ұстаз-педагогтік тәрбие талғамын үйреткеніндей, Мырзекеңнің бір әңгімесінен жүз күндік әсер ала білетін журналистер бақыты да сол, Мырзекең сияқты ғұлама оқымыстылармен тілдесу дер едік.
Кейде Мырзекеңдерді іздейтін уақтымыз көп болады. Ұлттық сананы оята білетін, жол сілтейтін, халықтың құндағында туған төл өнердің жоқтаушысы да, қамқоршысы да осындай тұлғалар болса ой да, бой да түзеледі.
Еуразия ұлттық университетінде ректор аға «Жазу тарихы музейін» ашса, Президенттік мәдениет орталығында «Ұлттық дәстүрлер театрын» ұйымдастырды, тіптен сонау 80-жылдары Талдықорған педагогика институтында небір талантты жастардың өнер ұжымын үлкен сахнаға алып шығуы – жоғары оқу орындарында мәдениет өрісін, жастардың өнердегі ой-өрісін өзгеше сүрлеу мен өрге шығаруы еді.
Артына ой мұрасын молынан қалдыруды мұра тұтқан әдебиетші-ғалымның Қазақстан қоғамындағы айрықша еңбегі сан қырлы.
Ең ірісі – ғылымдағы тың ізденісі.
Тарихымыздағы ежелгі түрік дәуіріне қатысты ұлы да іргелі мәселенің бірегейі – Орхон ескерткіші екенін білеміз. Осынау теңдессіз тарихи жырды – түркі тіліндегі мәңгі өшпес жазулар мазмұнын анықтап, бай мұралардың қазақша мәтінін жасауы – үлкен ғылымға Мұхтар Әуезов сенімімен, Бейсенбай Кенжебаев ұстазының үмітімен имене қадам басқан алғыр шәкірті М. Жолдасбеков түптің-түбінде батыл әрі терең зерттеулерімен әйгілі болды. Өзіне қатал ғылыми талап қойған жас таланттың ежелгі Күлтегін жазуын және Тоныкөк бітіктасындағы деректерді (ХІІІғ.) ана тілімізде сөйлетуі, оның байырғы мәтінін қазіргі қазақ тіліне бейімдеп, түсінікті тілімен баяндауы – түркітанудағы құтты табысы әрі мықты қадамы еді.
Қазақ әдебиеті тарихының бастау көзін көктүріктердің жазба мұрасына апарып, Түрік қағанаты әдебиетінің мән-мағынасын бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымымен ұштастырудың көп сұрақтарына жауап іздеді, ғалым оны тапты да. Сөйтіп, әдебиет тарихымыздың мерзімдік кезеңін он ғасырдан астам уақытқа ары қарай V-VII ғасырға барып тіреді.
Терең тамыры Таластан тартылғаны рас. Ел іші бұл мәңгі өзгермес тарихты мақтан етері хақ. Ал жапырағы Алашқа жайылған ғалым әдебиетшінің Жамбыл ақын жайында зерттеулері «Жүз жасаған жүрек» ұғымымен ғылыми қайталанбас зерттеу болып қала бермек.
Солай, қайталанбас демекші, тасқа қашалып жазылған көне түркі жазуларын алғаш жаңалаған Мырзекеңнен кейін оны қайта аударып, арнайы зерттеген кісі болмағаны – таланттының ақыл-ойынан шыққан дүниеге таңқалудан басқа шараң жоқ.
Қазіргі жоғары оқу орнында оқытылатын «Ежелгі дәуір әдебиетін» толықтырып, қалыптастырған М. Жолдасбеков оқуларының осындай ғылыми олжасы бар. Ғалым атаулыны мойындауы қиын академик Әлкей Марғұланның өзі жас ғалым диссертациясының құндылығын қуана қарсы алып, кандидаттық атақ емес, бірден докторлық атақ беруді ұсынуы – сирек оқиға ретінде қарастырылған екен. Мырзекеңнің абырой-атағы жетіп артылады, солай бола тұра, сол М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Н. Сауранбаев, Е. Ысмайылов сықылды ғұламалар бағалаған докторлық ғылыми дәрежесі мен профессор деген адал атақты кір шалдырмай келеді. Ғылым жолындағы тазалыққа тік тұрмаса, ғылым қадірін кетіре бастаған кейбір кісілерге ұқсап, тас лақтырсаң, екінің бірінің басына барып дәл тиетін академик пе, корреспондент мүше ме, өзіне керек атақты алар еді ғой. Жоқ, олай етпеді. Қоғам алдында қолы таза, ары таза, жүзі таза, жүрегі де таза ғұлама ағаларынан тәлім алған, нағыз тұлғалар өсірген қайраткер азамат ғасыр толғатып дүниеге әкелген, халықтың ақ ниеті биікке көтерген киелі ұғымға бас иеді.
Бүгінде ұлттық заңғар биікке шыққан М.Жолдасбековтің өмірбаянында министр, вице-премьер, елші, ректор, мемлекеттік кеңесші тәрізді биік лауазымдары өмірінде қандай дәреже-деңгейде болып келгені қоғам айнасында жарқырап көрінеді.
Өйткені Мырзатай ағаның жан дүниесі, жаратылысы, туған халқына шынайы берілген күрескерлік махаббаты – мәдени-ізгі игіліктермен, жасампаздық тірліктерімен әбден мәлім. Әсіресе, Алаш зиялыларының өзіндей әрі көзіндей болған ағалық алақаны, ұлттық мәдени қазынасына пана да, сая да болған орны бұл күндері тіптен ерекше.
Қазақ ұлтының төрінен лайықты орын алған Мырзатай ағамыздың әрбір сөзі, әрбір ісі – ауыл, аймақ көзқарасынан баяғыда асып кеткен, өрелі өрмек-қазынасы Қаратау мен толқынды Талас суындай қайратты әрі мөлдір.
Айтпақшы, өзінің жеке кітапханасындағы 10 мыңнан астам кітабын жалпы халықтың игілігіне беруі, сонымен қатар түрлі деңгейде шетел басшыларының сыйға тартқан дүниесін де қоса ұсынуын – заман үлгісі деуіміз керек.
Мырзекең қазақтың арғы-бергі тарихында алыптардың алтын бесігін байыта түсер асыл жан. Заманында өзі мұрасын көп зерттеп, жарыққа шығарған Кенен ақын «Алатауға ексең де, Екі Кенен тумайды» деп жырлаған көрінеді. Өз бағасын білетін сөз өнерінің адамы ғой.
Түу бала кезімде Мырзатай ағаның қолына су құйған бір сәтімді 55 жылдан кейін сағынышты сезіммен еске алып, есейген уақытта ардақты аға жайында өз ойымды жинақтап, қағазға түсіргенімде, сексен жыл өрнекті өлең-жырымен халқын қуантып, қуат берген Кенен ақынның әлгі екі жолдан ғана тұратын сұңқар сөзі оралды. Мырзатай Жолдасбековтей абызға қаратып айтатын…